Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
«Білімленд» шикі платформа – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

«Білімленд» шикі платформа

Жаңа оқу жылын қашықтан бастағалы да айға таяу. Оқушылар бұл кезеңде оқыту форматының жаңа дағдысына да үйреніп, қалыптасуда. Әйтсе де, жүйеде көзжұмбайлықпен қарап отыруды көтермейтін кейбір кемшіліктер мен  сауатсыздықтар көп-ақ. Соның бірі – мектеп бағдарламасына міндеттелген «Білімленд» оқу платформасы болып тұр.

Оқушылар мен ата-аналар, тіпті мұғалімдер үшін жаңа тәжірибені техникамен меңгеру интернетке қолжетімділер үшін аса қиынға соққан жоқ. Бірақ, платформаның оқыту бағдарламасындағы күрделілік оқулықтағы жағдайдан да асып түсті. Мысалы, екінші сыныптың негізгі пәндерін айтпағанда, музыка пәнінен берілген тапсырмаға назар салсақ. Платформаның оқу тапсырмасында «Дирижер рөліне не сәйкес емес?» деген сұрақ берілген. Сондай-ақ, динамика, ырғақ, бүтін нота, жартылай нота деген ұғымдар былтыр ғана мектеп табалдырығын аттап, биыл білім ұясындағы екінші жылын бастаған баланы оқудан бездіріп жібермей ме? Бұл сұрақтардың жауабын баланы қойғанда, ата-ананың өзі білмейді. Кәсіби музыка мамандарын оқытуға арналған бағдарлама жалпы білім беру саласына қалай, не үшін енгізілген?

Оқу жылы басталғалы баланың бар зейінін сабаққа бұрудың өзі кей отбасы үшін жеңіл болмай тұр. Өйткені карантинге де­йін аптаның бес күнінде 24 сағаттың жарымы мектепте өтетін бала үшін үйден сабақ оқу жауаптылықты азайтары анық. Ал мұндай жағдайда балаға күштеп білім беруден гөрі, оның құштарлығын ояту ең маңызды іс. Жоғарыда біз келтіргендей мысалдар  «Білімлендтегі» математика, қазақ тілі, әдебиеттік оқу сияқты сабақтарда да көптеп кездеседі. Ал, мұндай орашолақтық баланың санасына салмақ түсіріп, оқуға деген құштарлығын оятпақ тұрмақ, ата-ананың өзінің де шақшадай басын шарадай қылып отырғаны жасырын емес.

Онсыз да кешке дейін баламен отырамыз, үш бала бір телефонмен  оқиды. Музыка сұрақтарын өзіміз де білмейміз. Екінші сынып оқушысы нотадан басқа сабақты меңгеріп алса да жетпей ме? Баланың техника тілін меңгергені, жаңа оқыту платформаларын үйренгені жақсы-ақ. Бірақ, білім беру саласындағы мамандар осы жүйені оқыту бағдарламасына енгізерде неге оның бағдарламасын мұқият қарап, қабылдамаған? Жалпы, балалар таңертең «Балапан» арнасынан берілетін сабақты, одан кейін «білімлендтегі» сабақты екі қарайды. Оқу тапсырмасы мен үй тапсырмасын орындауы қажет. Ал, оқулықтағы тапсырма мен платформадағы сабақ бір-бірімен үйлеспейді. Сонда бұл платформаны жасаушылар ол сабақты қандай негізге, қайдағы оқулыққа сүйеніп жасап шыққан. Үшінші сыныптың «Әдебиеттік оқу» оқулығында Ғафу Қайырбековтің өлеңі жоқ, ал «білімлендте» мұндай «ауадан алынған» тапсырмалар көп-ақ, — дейді ата-ана Г. Дәуірбекова.

Иә, білім беру платформалары оны жасаушы жекеменшік құқығына тиесілі болғандықтан, мазмұнына мемлекеттік білім беру саласының мамандары тікелей жауап бермейтіні белгілі. Десек те, жауапты қызметкерлер  платформаны білім саласына енгізіп, болашағымызды оқытуда. Оқушының ғана емес, ата-ананың, қала берді мұғалімнің де миын ашытқан жаңа жүйедегі жауапсыздық пен сауатсыздыққа кім кінәлі? Осыған орай көкейдегі сауалды Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваға қойғанымызда, уақытының жоқтығын айтып, жауапсыз қалдырды. БАҚ өкілдеріне әрқашан ашықтық танытатын бас ұстазға қанша хабарласқанымызбен, оқыту платформасына қатысты оймақтай ой-пікірін біле алмадық.

Айта кетерлігі, қашықтан оқыту аясында отандық нарыққа он шақты білім беру платформасы енгізілген. Олардың функционалы мен мүмкіндіктері әртүрлі болғанымен, мазмұнындағы кемшіліктер барлығына ортақ. Ал, әр мектеп өздеріне ыңғайлы оқыту платформалары арқылы білім беріп жатыр. Осы орайда республикалық «QazBilim» орталығының бас директоры, педагог Аятжан Ахметжан:

Біз қаласақ та, қаламасақ та короновирус онлайн платформамен жұмыс істеуге үйретті. Онлайн білім беру әлемдік трендке айналды. Қашықтан оқуды COVID-19 әкелмесе де, біз оны он шақты жылда қабылдауымыз керек болатын. Себебі технология соған итермелеп жатыр. Мысалы, 2018 жылы АҚШ-тағы Online университет 30 жылдан кейін әлемдегі университеттердің тоқсан пайызы офистерін жабады деп мәлімдеме жасады. Яғни университеттер тек қана онлайн білім беруге көшеді. Олар ең алдымен гуманитарлық бағыттағы университеттер көшетінін атап көрсетті. Біз қазір балаларға WhatsApp-та білім беріп жатырмыз. Әлемдік нарықта отырып, WhatsApp-та оқыту ұят нәрсе. Себебі ол, басқа да  мессенджерлер білім беретін платформа емес, адамдардың бір-бірімен хат алмасатын құралы, — дейді.

Иә, жаңа технологияның мүмкіндіктерін барынша пайдаланудан келешек ұрпақ қашпайды-ау. Ал, білім сапасына жауаптылар алдын-ала дайындалған контенттерде оқу мазмұнына «екі шоқып, бір қарағаны» дұрыс-ақ. Әйтпесе, дәстүрлі білім беру жүйесінің басқа деңгейге көтерілуі неғайбыл. Оқулықтағы жүйесіздік «бір айналдырған» оқушыны енді платформадағы сауатсыздықтар  шыр айналдырмаса деген екен дейміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған