Елімізде даулы саланың бірі болып саналатын денсаулық сақтау жүйесінде кілтипандар көп-ақ. Соңғы жылдары тұрғындарды әурешілік пен әбігерліктен құтқарамыз деп жасалып жатқан оңтайландыру жұмыстары да әлі бір ізге түсе қойған жоқ. Соның бірі МӘСҚ арқылы тұрғындардың емхананы таңдау құқығы болып табылады.
Жаңа жүйе бойынша азаматтардың тұрғылықты мекен-жайы бойынша өздері емделетін орталықты таңдауына ерік берілген болатын. Оның ережелері бекітіліп, қолданысқа да енгізілді. Алайда, емханаларға енгізілген жаңа тәртіп ел құлағын елеңдеткенмен, шикіліктер мен шалағай тірліктер әлі де реттеле қоймады. Тіпті, орын алып жатқан кейбір жағдайларға қарап, ел емхананы емес, емхана науқастарды өзі таңдай ма деп қаласыз. Неге десеңіз, жақында Шымкент қаласының тұрғыны, журналист Сапарайым Кенжалиева емханалардың электронды жүйе арқылы жол беріп отырған қателігін әшкере етті.
— Қайбір уақытта «Дамумед» деген жыр болып еді ғой. Жақында соны ашып отырсам, қызым тамыз айында хирургтің, лордың, окулистің, тағы басқа біраз дәрігердің «қабылдауында болыпты». Біз оны білмейміз. Түрі түгіл атын да естімегенбіз. Сонда бұл қалай? Кім көрінген атымызды пайдаланып, өздеріне емделді деп жаза бермек пе?! Учаскелік дәрігердің уатсабына жазып едім, әлі жауап жоқ. Мейірбикесі «Бұл мектептің «профосмотры», бізге қатысы жоқ» деп жауап берді. Ал, бізге мектептен ешкім ескерткен жоқ. «Профосмотрдан» өткен жоқпыз. Өздеріңізге белілі, қазір «Дамумедке» өз бетімізше жазыла алмаймыз, шектеп қойған. Ондай мүмкіндік тек дәрігерлерде ғана бар. Сонда мұны кім істеген, 14-ші емдеу орталығында не істеп жүрміз? —дейді ол. Журналист бұл туралы өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасында да жазба қалдырды. Тұрғынның шағымына 14-емдеу орталығының ресми аккаунты:
«Емдеу орталығының қарамағына Еңбекші ауданына қарасты барлық мектеп және Әль-Фараби ауданына қарасты үш мектеп өткен, оның ішінде №38 мектеп те бар. Емдеу орталығының міндетіне мектеп балаларын профилактикалық тексеру және алғашқы медициналық көмек кіреді. Осыған байланысты «Емдеу орталығы» 02.08.2020 жылы №38 мектепте оқушыларға профилактикалық тексеру жұмыстарын жүргізген. Қорытындысын «Дамумед» жүйесіне дәрігерлер дер кезінде толық енгізіп үлгермеді. Себебі сәуір айынан бастап елімізде карантин басталып, мамандар қашықтықтан жұмыс істеді және провизорлық орталықтарға жұмысқа шақырылды. Сол себептен тексеру жұмыстарының қорытындысы тамыз айында кеш енгізілді», — деген жазбаша түсінік қалдырды.
Түсініксізі, тамыз айының екісіне, яғни оқушылардың жазғы демалыс мерзімінде мектепте қайдағы профилактикалық тексеру? Әрі сәуірден бастап пандемиямен күрескен ақ халаттылар тамызда болған тексеруді тамызда қалай кеш енгізеді? Бұл да қисынсыз. Жалпы, электронды жүйе бойынша емхана қабылдауында болған бұл ғана емес, басқа да көптеген мысалдар жеткілікті. Осыған қарап, жұртты жаңылдырған жүйенің қашан жетілетініне күмән келтіресіз. Біз бұл туралы әріптесіміз С. Кенжалиеваның өзімен сөйлескенімізде: «Ауызша түсіндіргенде олар маған мектептегі тексерудің екінші ақпанда болғандығын айтты. Шамасы, жазбаша түсінікте шатасқан болуы керек. Жалпы, емханалардың «жыры» көп қой, оның қайбірін айтасың? Бұл мәселе де осыдан кейін жылы жабылып қоя салды» дейді.
Осы орайда біз емхана таңдаудың ережесі қандай және ол қашанға дейін, қандай талаптармен жүзеге асатынын Шымкент қалалық №7 емхананың бас дәрігері Айман Оспановадан сұрап білген едік. Бас дәрігердің айтуынша, тұрғындар 1-қарашаға дейін қаладағы қалаған емханаларына тіркелуге құқылы. Қарашадан кейін бұл тек тұрғылықты мекен-жайы бойынша ғана қабылданады екен. «Егер емделушінің тұрғылықты мекен-жайы болып, өзі басқа аумақта тұратын болса, яғни мекен-жай тіркелген жерге көшіп келмеген болса оларды тіркеуге алмаймыз. Бұл МӘСҚ туралы ережеде көрсетілген, яғни талап бойынша, емхана мен науқас тұратын мекенжай арасы кемі он бес минуттық арақашықтықта болуы тиіс», – дейді бас дәрігер.
Науқастардың жағдайын ойлап, оларға барынша қолайлы мүмкіндіктерді қарастырған дұрыс-ақ. Алайда, МӘСҚ ережесі арқылы медициналық орталықты таңдауға тұрғындардың өзі шынымен мүдделі болып жатыр ма? Көптеген емханаларда бұл жүйе науқастың келісімінсіз, тіпті ескертуінсіз, участкелік дәрігерлердің өз қалауымен жүзеге асып жатқандай. Жоғарыда айтылғандай, «Дамумедке» тіркелу де тұрғындар үшін шектеулі, оны тек ақ халаттылардың өзі ғана қолдануға рұқсат берілген. Ал, мұның салдары біз мысалға келтірген оқиғадан-ақ белгілі болып тұр. Жалған есеп пен тіркеуге құрылған болса, мұндай жаңа жүйе сонда кімді жарылқамақ? Тіпті, соңғы кезде осыны пайдаланған кейбір дәрігерлер науқастардың жеке дерегін сот орындаушыларға дейін жариялы қылып жатқаны белгілі болуда. Яғни, науқас пен дәрігер арасындағы мәліметтер үшінші тұлғаға да ашық деген сөз. Демек, науқастың жеке құпиялығы мен қауіпсіздігіне қолдан нұқсан келтіруге жол ашылған болып тұр ғой. Айта берсек, жетілмеген жүйенің түзетерлік тұстары аз емес.