Келес өңірінде пошташылардың келеңсіздігі жайында жиі айтылып жүр.
Осыдан екі жыл бұрын «Өрлеу» бағдарламасы, одан кейін атаулы әлеуметтік көмек тұрғындар арасында ерекше бір ұмтылыс-қозғалыс тудырғаны белгілі. Бұл бағдарламалар бойынша Үкімет берген ақшаны алып қалуда әсіресе, ауыл адамдарының белсенділігі артқанын білеміз.
Жасыратыны жоқ, бағдарламаның арқасында миллион теңгеден аса қаржы алып, жағдайын түзеп алғандар аз болмады. Бұрын қаңырап бос тұрған ауыл тұрғынының қорасында бүгінде бірер ірі қара мен бес-алты қой қарайып жүрсе, ол аталмыш бағдарламалардың арқасы екенін жоққа шығаруға болмайды. Десек те, осы бағдарламаға қатысқандардың арасында бүгінде жәбірленуші ретінде жан-жаққа арыз-шағым жөнелтіп жүргендер де жоқ емес.
Неге екенін нақты білмейміз, әйтеуір мұндай даулы мәселе өзге аудандарға қарағанда Сарыағашта жиі бой көрсетеді. Дәлірек айтқанда, Сарыағаш ауданының пошта байланыс торабы қызмет көрсететін Келес ауданынан көптеп кездесуде. Солардың бірі, аудан орталығы Абай ауылының тұрғыны Рәзия Қоңырбаева біздің редакцияға хабарласты. Сонымен қатар, шағымданушылар арасында қараталдық Айнұр Қараманова мен Сәуле Досалиевалар да бар.
Шағымданушылар не дейді? Алдымен осыған тоқталайық. «18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар тағайындау» Жарлығына орай, Абай ауыл әкімдігіндегі жұмыспен қамту орталығына «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жәрдемақы алу үшін тиісті құжаттарымды өткізген болатынмын. Мен көпке дейін жәрдемақы тағайындалмаған шығар деп жүрсем, маған тиесілі болған ақшаны өзіме сездірмей «Қазпошта» қызметкерлері алып келіпті. Нақты айтар болсам, олар 2019 жылдың 4 ақпан мен 25 сәуірде 485 940 теңгеден, 12 маусымда 373 430 теңге, жалпы 1 345 350 теңгені қолды еткен», – деген Р. Қоңырбаева бізден көмек сұрады.
Арыз иесі қомақты қаражатты шешіп алды деген азаматтардың аты-жөндерін де жеке-жеке атап өтеді. Бірақ, дәл қазіргі кезде осы іске байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан, біз оны жария етуді жөн көрмедік. Бәлкім, бұл жала да болар. Сол себепті арызда аттары аталған азаматтардың өздерімен тілдескіміз келді. Алайда, бұл мүмкін болмады, яғни ол кісілер телефондарын көтермеді.
«Р.Қоңырбаеваның арызданып келіп, сол бойынша қылмыстық істің қозғалғаны рас, – дейді біздің сауалымызға орай Келес аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Айтжан Мәдәлі. – Ақша алу барысында қойылған қолдардың кімдерге тиесілі екенін анықтау мақсатында құжаттар сараптамаға жіберілді. Қазір сараптама қорытындысын күтіп отырмыз. Егер құжаттағы қол арызданушының өзінікі болса, күдіктілерден айыптау алынады. Ал, керісінше жағдайда күдікті адамдар заң алдында жауап беретін болады. Әзірге бұдан басқа ештеңе айта алмаймын».
А.Қараманова мен С.Досалиева бұдан бөлек Келес ауданының прокурорына балаларға беріліп жатқан жәрдемақының толық төленбегені жөнінде жазады. Олардың уәжіне назар салсақ, үш квартал бойы тиесілі жәрдемақыларын алған да, төртінші кварталға берілмей қалған. Сонда ол ақшалар қайда, кімнің қалтасына кетіп жатыр? Мемлекет тарапынан көпбалалы және табыс көзі төмен отбасыларды қолдау мақсатында миллиондар төленуде, бірақ оның пайдасын өзгелер көріп жатқаны ма?
Әрине, дәлелін таппаған кез-келген айыптау жала болары сөзсіз. Дегенмен, жел тұрмаса шөптің де басы қимылдамайды емес пе? Олай дейтін себебіміз, осы кезге дейін дәл осы Сарыағаш ауданының поштасына қатысты жағымсыз әңгіме өрбіп, талай адамның ақшасын заңсыз иеленіп алғандардың сотты болғаны жөнінде ақпарат тарағаны есімізде. Сол кездегі сотталған пошташыдан әлі де қарыздарын өндіре алмай жүргендер бар ұқсайды? Неге Сарыағаш поштасы төңірегінде шу көп? Біз осы сауалды сол кездері Сарыағаш ауданының поштасын басқарған, бүгінде «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалы басшысының орынбасары қызметін атқарып отырған Шамшадин Қапалбековке қойдық. «Менде Сіз айтып отырған оқиғаға байланысты мәлімет жоқ, – деді орынбасар. – Жәрдемақыны біздің қызметкерлердің пайдаланып кеткені туралы да бейхабармын. Сізде ондай мәліметтер болса беріңізші, қарап көрейін. Біз өз қатарымызда ел сеніміне селкеу түсіретін қызметкерлердің жұмыс істеуіне жол бермейміз».
Халықпен, оның ішінде халықтың қаражатымен тікелей байланыста жұмыс істейтін қызметкерлердің ұқыптылығын, жауапкершілігін барынша көтеру – қай салаға болмасын қажет талап. Тіпті, бір адамның теріс әрекеті бүкіл саланың абыройына нұқсат келтіруі әбден мүмкін. Сол үшін басшылық тарапынан мұқият бақылау қажет. Ал арыз иесінің айтып жүргені қаншалықты шындыққа жанасымды екенін алдағы уақыт көрсететін болады. P.S. Осы мәселеге байланысты бізге тағы да мәліметтер келіп түсуде. Ол туралы газетіміздің алдағы сандарында хабарлайтын боламыз.