Еліміздің Қарулы күштерінде қару-жарақ пен әскери техникалар қажетті жүйелермен жабдықталған қазіргі уақытта олардың дұрыс сақталуы мен қолданылуы тек жеке құрамның шеберлігі мен оларды пайдалану жағдайына байланысты болып табылады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау саласында көптеген заң бұзушылықтар, соның ішінде олармен жұмыс жасау ережелерін бұзу жәйттары орын алып жатады. Осыған орай қару-жарақты пайдалану кезінде техногендік жағдайлардың зиянды әсерінен жеке құрам мен тұрғындарды қорғау мәселелеріне байланысты заңнамаға сәйкес прокурорлық қадағалаудың рөлі едәуір өскен.
Арыс қаласындағы арсеналдың жарылуы мен жаттығу аумағында оқ-дәрілерді жару кезінде әскери қызметшілердің жарақат алуы осыған мысал бола алады. Арыстағы бұл қайғылы оқиғалар қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді. Негізгі мәселелердің бірі – оқ-дәрілері бар арсенал маңынан жер телімдерін бөлу болып табылады.
Сонымен, арсеналдардың, базалар мен қоймалардың жанындағы тыйым салынған аудандарды белгілеу туралы Қағидаларға сәйкес (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 155 бұйрығымен бекітілген, әрі-қарай – Қағидалар), оқ-дәрілерді сақтайтын нысандардың айналасына 3 шақырымдық тыйым салынған аудан белгіленеді. Мұнда атыс қаруларының барлық түрінен ату жаттығуларына, пиротехникалық құралдарды қолдануға, тирлерді және стендтерді орналастыруға, ату жаттығуларын жүргізуге, сондай-ақ 400 метрлік қашықтықтағы тыйым салынған аумаққа адамдардың жүруіне, кез-келген құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
Арыс қаласындағы әскери бөлімге жүргізілген тексеру кезінде осы талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды. Қадағалау актілерінің негізінде оларды жоюға қатысты шаралар қабылдануда, тыйым салынған аудандар мен аймақтардың көлемін ұлғайтуға, сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қағидаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Осы және басқа да деректерге қатысты бірқатар қылмыстық істер қозғалып, Қорғаныс министрлігінің және әскери бөлімнің лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапқа тартылуда. Ал, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасымен тиісті шаралар қабылдау қолға алынуда. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Арыс қаласындағы оқ-дәрілерді өзге гарнизондарға ауыстыруға қатысты шараларды қарастыруда. Одан бөлек, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы әскери ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен қылмыстық қудалау органдарының ведомствоаралық кеңестерін өткізіп, нәтижесінде әр органның міндеттері мен функцияларының ерекшеліктері ескеріле отырып, нақты ұсыныстар әзірленді. Осылайша, қадағалау шаралары арқылы азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, сондай-ақ Арыс гарнизонында қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауды тиісінше қамтамасыз етуге қатысты тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әскери прокуратураның бастамасымен әскерлердегі барлық атыс қаруларын және гранаталарды компьютерлік, нөмірлік, бухгалтерлік және электрондық есепке алу жүйелері орнатылды. Алайда, бұдан басқа өзекті мәселелер әлі де болса көп (қаржыландыру, жер телімдеріне құқықтың тіркелуі, қоршаған ортаны қорғау, т.б.). Олардың шешімін табу тек бірлесе отырып, кешенді шаралар қолдану арқылы құқық қорғау органдарының және барлық деңгейдегі басшылықтың құлшынысына байланысты болмақ. Қару-жарақ пен оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың қауіпсіздігі, олардың белгіленген тәртіппен сақталуы әскеріміздің жауынгерлік қабілеті даярлығының тұрақты кепілі, сондай-ақ сіз бен біздің жеке өміріміздің кепілі болып табылады.