Қазақстанда қарттардың үлесі артып келеді. Бұл туралы ЮНФПА (БҰҰ Халық қоныстану қоры) зерттеуінде жазылды. ЮНФПА мәліметіне сәйкес, Қазақстан бүгінде демографиялық қартаю процесінің бастапқы сатысында тұр.
БҰҰ классификациясы бойынша егер қоғамда 65 жастан асқан және жасы одан жоғары адамдардың үлесі 7 пайыздан асса, онда қартаю процесі жүріп жатқанын көрсетеді.
— Қазақстандағы демографиялық жағдай егде жастағы адамдардың үлесінің ұлғаюымен сипатталады. 2019 жылдың басында 60 жастан асқан халық үлесі елдегі барлық халықтың 11,6 пайызын, 65 жастан асқан адамдардың үлесі 7,5 пайыз болған еді. Мемлекет демографиялық қартаю процесінің бастапқы сатысында тұр. Өңірлердің жартысында қартаю процесіне тән 7 пайыздық шек айтарлықтай орын алған, — дейді Қазақстандағы халық қоныстануы саласындағы БҰҰ қорының халық қоныстануы, дамуы және гендері мәселелері жөніндегі жобаның ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова.
Маманның айтуынша, елдің солтүстік-шығысында және Орталық Қазақстанның бір бөлігіндегі жағдай Еуропа елдерімен ұқсас. Бұл халықтың шамалы табиғи өсуі және эмиграциямен байланысты. Ал республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде, сондай-ақ Нұр-Сұлтанда бала туу өсімі байқалады, бірақ бұл көрсеткіш жалпыға шаққанда төмен болып тұр.
Айта кетерлігі, ерлер мен әйелдер санының диспропорциясы, әсіресе қартайғанда анық байқалады. Әлемде жасы үлкен адамдардың басым бөлігі әйелдер болып саналады. Қазақстандағы жағдай осыған ұқсас. Мұнда жасы 60-тан асқан және одан жоғары әрбір 100 әйелге осы жас тобындағы 62 ер адам тең келеді.