Қазанның алғашқы күні қоғамның қазыналы қарттарға көңіл бөлуіне арналған. Әрине, қарияларға құрмет – белгілі бір күнмен шектелмейді, жыл он екі ай жалғасады. Дегенмен, атаулы датада арнайы құттықтаулар легі ақтарылады.
Әрине, қариясы бар үйді қазыналы санайтын қазақ үшін үлкенді ұлықтаудан асқан құрмет жоқ. Сол себепті әрбір қариясы бар үйдің төрі – сол кісілердікі. Ал, арнайы мереке қарсаңында шенеуніктер көбінше абыройлы, кезінде лауазымды қызметтер атқарып, елге ерен еңбегімен танылған қарияларды құттықтау үрдіске айналған. Осындай сәтте тағдыр тауқыметіне қартайғанда жолығып, бүгінде қарттар үйін, басқа да мекемелерді паналауға мәжбүр болған қазыналарымыздың жағдайы не болып жатыр деген алаңдаушылықтың туындайтыны рас. Осы ойдың жетегімен апта басында біз Шымкент қаласындағы өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына бардық. Ондағылардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қарттар күні қарсаңында қандай іс-шара ұйымдастырылғанын білгіміз келді.
Өмір атты өткелде қиын жағдайға душар болған олар да кезінде жұрт қатарлы еліне еңбегін сіңірген. Түрлі себептер тағдырларын бір арнада тоғыстырған олардың арасында кіндігінен тараған ұрпақтары – ұл-қыздары мен немерелері барлары да аз емес. Бірі басына түскен ауыр жағдайды көтере алмай ішкілікке салынып кетсе, бірі алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылған. Перзент тәрбиесінде көп қателіктерге жол беріп алған ата-аналар да жоқ емес. Олардың барлығы да қазір мемлекеттің қамқорлығына мәжбүр болған жандар.
Әлеуметтік бейімдеу орталығының қамқорлығына алынғандар арасында қариялар да аз емес. Алайда, әр жер-әр жерде сыйлығы мен гүлін көтеріп, қарттарды қуантып қайтқан шенеуніктер бұл орталыққа бас сұғуды ұмыт қалдырған екен. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын орталық ұжымының өздері толтырыпты. Бұл жөнінде орталық басшысының орынбасары Сәуен Жанысбаев былай дейді: «Бейімдеу орталығында кімдердің жататыны белгілі ғой. Соған қарамастан бізде мерекелер атаусыз қалған емес. Мысалы қазанның алғашқы жұлдызында келетін қарттар күнін жоғары деңгейде атап өттік. Осындағы жауапты қызметкерлер барлық іс-шараға бағдарлама түзіп, дайындық жасайды. Қарттар мерекесі күні орталықта жатқандар музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, көңіл көтерді. Олардың бірі күмбірлетіп күй тартса, екіншісі әуелетіп ән шырқады. Әсіресе А.Захарова, И.Пунич, С.Соколова, Н.Әлімова, Қ.Шәріпов, Б.Аманов, А.Исаевтың белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Ал дойбыдан ұйымдастырылған жарыста С.Пасечкин, Қ.Қасымов, Н.Құрал секілді қариялар тамаша өнер көрсетті. Бағдарлама соңы концертке ұласты.
Рас, орталығымызға өмірдің әртүрлі қиындығына тап болған адамдар келеді. Бірақ олар да қоғамымыздың толыққанды мүшесі екенін ұмытпауымыз керек. Араларында тапсырған жұмысты тиянақты орындап, жауапкершілігімен жаныңды жадыратар жандар бар. Түзеліп, дұрыс өмірге қадам басып жатқандар да жоқ емес. Біз оларға өздерінің кім екенін ұмытпауға себепшіміз».
Тағдыр тауқыметінен ешкім де сақталмаған. Қиын жағдай әркімнің басына келуі мүмкін. Тек оны қалай көтеру – әркімнің мінез-құлқы мен күш-қуатына тәуелді. Ал, ауыр сынақты көтере алмай, түзу жолдан адасып, онсыз да жар басына жақындағандарды ту сыртынан итермей, керісінше қамқор болу, қалыпты өмірге қайта оралуына себепкер болу нағыз жанашыр жанның қолынан келетін жақсы амал болса керек. Ендеше, әрдайым жанашыр болайық, қиналғандарға қол ұшын созуды ұмытпайық.