Қазіргі кезде адамзат аң-құсқа қырғидай тиіп, тіпті кейбір тіршілік иелері жер бетінен жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ал, адам тұрмақ, қос аяқты жануарға да зәбір көрсетуді ойламаған атамыз қазақ тіпті, аң аулаудың да өзіндік тәртібін білген. Кез-келген жанды мақұлықтың екі дүниедегі обал-сауабын ойлаған. Осыдан келіп халқымызда аң аулаудың да өзіндік қағидасы қалыптасқан.
Аң аулау қанша жерден үлкен мереке болып, оның қызығына түскенмен, ерекше белгілері байқалған аңдарды атпаған. Әсіресе, мола басына жақын жерде жүрген жан-жануарларға тиіспеген. Өйткені аңның киесінен қорыққан. Ал аң аулаудан олжалы оралған аңшы өзіне алғаш жолығып, “Қанжыға майлансын” деп айтқан адамға ойланбастан атып алған аңын сыйға тартқан. Аңшының бұл сыйын “сыралғы” деп атаған. Ал қақпанға түскен аңды алу ұрлыққа жатпаған. Бірақ орнына бір зат қалдырып кету керек екен.
«Батырдан сауға, аңшыдан сыралғы» сұраған халқымызда қазір бұл дәстүр ұмыт болып барады. Олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырымды білетіндер де аз. Мәрт аңшылар мұндайда сыралғы сұрағанның сөзін жерге тастамаған.
Дәуір түрленіп, заман жаңарып жатқан қазіргі кезде ұмыт болған салттардың қолданысқа қайта енуі екіталай. Бірақ, сақталып келе жатқан дәстүрді жоғалтып алмай, оны алдымен мектеп оқушыларына оқытып, бойларына сіңірудің мәні зор. Зерттеушілер мұндай дәстүрді қайта жаңғыртудың жолы ретінде олардың негізін сақтай отырып, заманауи үлгіге сай ұстанса, тез қолдау табатынын айтады. Олай болса, сыралғы сияқты көптеген дәстүрлерімізді бүгінге сай жаңғыртудың жолдарын мәдениет мамандары мен зиялы қауым өкілдері, журналистер мен әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері, «Рухани жаңғыру» орталықтарының жетекшілері, жергілікті әкімдіктің идеология саласы мамандары ойланып, ұсынып жатса құба-құп болар еді.