ағылшынша үйреткеніміз – қай сасқанымыз?
Биылғы оқу жылы бұрынғысынан өзгеше басталды. Жоғары сынып оқушылары қашықтан оқып жатса, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылды. Бұл баланың сауатын ашу үшін дұрыс жасалған қадам болды. Алайда, көптеген ата-аналар оқу жүйесіндегі кейбір кемшіліктерге күйінеді.
Ол қандай кемшілік? Перзентінің болашағынан үмітті ата-аналар бірінші сынып оқушыларына әлі әріп үйренбей жатып, оқу мен жазудан үйіп-төгіп тапсырмалар берілетініне қынжылады. Тіпті, жаратылыстану, дүниетану, өзін-өзі тану пәндері оқытылады. Осы мәселе жайында Сарыағаш ауданының тұрғыны Жәлел Рамадан хабарласып, пікірін төмендегідей жеткізді: «Қазіргі оқу жүйесіне мүлде көңілім толмайды. Соңғы он жылдықта Үкіметтің кезек-кезек қабылданған бағдарламалары балаларды сауаттандыруға емес, сауатсыздандыруға бастап бара жатқанын байқаймын. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде де аз айтылып жатқан жоқ. Мысалы, Мардан Орынбек атты фейсбук пайдаланушының парақшасында бір қарындасымыздың жанайқайы берілді. «Күні кеше ғана «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп» баспасынан, сондай-ақ Ғылым және білім министрлігінен арнайы өкіл қатысқан бағдарламада сұрақ қойдым. Бастауыш сыныптарда дәл бүгінгі күнге дейін ағылшын тілінен үш-төрт әріп өтіліп, сабақ қызу жүріп жатыр. Ал сауат ашудан әлі бірде бір әріп өтілген жоқ. Бірінші сыныптың оқушысы Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, осы мемлекеттің ресми тілі – қазақ тілі бола тұра, өзі қазақ бола тұра неліктен алғашқы сауатын ана тілінде емес, ағылшын тілінде ашуы керек? Өкінішке орай, дәл осы сұраққа нақты жауап ала алмадым. Дегенмен «әлемдік стандартқа сай болу керек немесе дамыған мемлекеттердің қатарында болуымыз керек» деген секілді көп жауаптар келіп жатады. Бірақ, әлемде бірде бір мемлекетте бірінші сыныптан бастап үш тілді бірдей қатар оқытпайды. Жалпы, менің өз басым үштілділікке қарсы емеспін. Мектепті бітіріп, қолына куәлігін алған кез-келген оқушы үш тіл емес бес-алты тілді еркін меңгеріп шықса ата-ана қуанады. Ал енді алғаш мектеп табалдырығын аттаған бірінші сыныптың оқушысына, өзінің ана тілінде сауатын ашпаған, өзегі қалыптасып, діңі қатпаған, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірмеген балаға өзге тілді оқытуға яғни, үш тілді қатар оқытуға өз басым қарсымын. Егер дамыған бірде бір мемлекетте үш тілді бірінші сыныптан бастап оқытпайтын болса, Қазақстан қандай дамыған мемлекеттің тәжірибесіне сүйене отырып сіз бен біздің баламызға тәжірибе жасап жатыр? Осы сұраққа арнайы құзырлы орындардың қызметкерлерінен ешқандайда нақты жауап ала алмадым. Мүмкін араларыңызда сұраққа ғылыми негізделген тұжырымдарға сүйене отырып жауап беремін дегендер болса, жауаптарыңызды тыңдауға әзірмін», – деген жанайқайын жеткізеді қарындасымыз. Мен мұны өте орынды қозғалып отырған мәселе деп ойлаймын. Егер осындай бастаманы қатардағы қарапайым адам емес, өздерін халық қалаулысы санайтын депутаттардың ауыздарынан, жоғары мінберлерден естіген болсам, ол адамды өле-өлгенше құрмет тұтқан болар едім. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.
Осы мәселеге қатысты өз ұстанымымды білдірсем деймін. Көршімнің өз атын дұрыс айта алмайтын баласы бірінші сыныпқа барды. Жуырда сол баланы біздің үйге бір күнге қалдырып, сабағын да қадағалауымды өтінген соң келіскен едім. Шынымды айтсам, бір-ақ күнде миым су бола жаздады. Әлі төл әріптерді танымайтын балаға ағылшын тілін үйретіп жатыр екен. Бұл қазақ деген ұлтты жою емес пе? Ол әлі ана тілінде сусындаған жоқ. Оң-солын танымайды. Былайша айтқанда, әліпті таяқ деп білмейтін балаға ағылшын мен орыс тілін оқытып жатыр. Сонда қазақ тілі қайда қалды? Төл әріптерді таныта алмай жатып, ағылшынша үйреткеніміз – қай сасқанымыз? Бұл қазақты сауаттандыру емес, сауатсыздандыру деп білемін. Біздің кезімізде бірінші сыныптың алғашқы екі тоқсаны тек қана әріп тануға, оны жазуға машықтануға арналатын. Содан кейін сандарды үйрету басталады. Білім іргетасы осындай оқу жүйесімен қаланған буыннан шыққан ғалымдар қазіргілерден мың есе артық қой. Сол себепті тез арада бұрынғы білім жүйесіне көшуіміз керек. Әйтпесе бұл қазақ ұлтына жасалған қиянат болмақ. Бұл сорақылықты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың білмеуі мүмкін емес».
Оқырман бұл мәселені қозғау арқылы ұлтқа, тілге төнген үлкен қауіпті ескертіп отыр. Түйткілді мәселенің түйінін қалай тарқатуға болады? Осыған жауап іздеу мақсатында бізге де бірқатар сала мамандарын мазалауға тура келді. Расында біз бас сұққан білім ұяларында әлі әріп үйренбеген бірінші сынып оқушылары жаратылыстану, дүниетану, өзін өзі тану деген пәндерді өтіп жатыр. Бала әріпті бірінші сыныпта үйренбегенде қашан үйренеді? Мұның жауабын мектеп мұғалімдерінен сұрасаңыз, әріптің балабақшада үйретілетінін алға тартады. Біріншіден, балабақша тәрбиешілерінің балаға сапалы сабақ үйрететініне сену қиын. Өйткені, олар бұған маманданбаған, тәжірибе жоқ. Оның үстіне балабақшалардың дені наурыз айынан бері карантинге байланысты бірқалыпты жұмыс істеген жоқ. Ол аз десеңіз, елімізде балабақшасы жоқ ауылдар аз емес. Сонда биылғы мектеп табалдырығын аттаған балаларға әріпті кім үйретеді? Әріп үйренбей жатып, сабақ өту нағыз сауатсыздандыру емес пе?!
Зерттеуімізді әрі қарай жалғастыру мақсатында Шымкент қаласындағы №30 «Алпамыс» балабақшасына барып, үлкен топтың балаларына әріптерді қалай үйрететінін білгіміз келді. Балабақша меңгерушісі Зәуре Мұсақұлова «Біздегі білім жүйесі мектептегіден басқаша. Балабақшаларда әріпті ойын ретінде үйретеді. Жалпы, 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін балаларға әріп үйретуге 35 апта берілген. Осы мерзім ішінде біз аптасына бір әріптен 35 әріптің баспа түрін, сондай-ақ жиырмаға дейін санауды үйретеміз. Қалған әріптерді мектепте үйрететін шығар. Биылғы карантинге байланысты наурыз айының ортасынан бастап балабақшалар жұмысын тоқтатты. Бұл аралықта он екі апта бар екенін ескерсек, балалар қосымша 12 әріпті үйрене алмады. Оны мектепте қалай оқытады, ол жағын білмедім», – деп шындықты жасырмай айтты.
Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, әріпті балабақшада үйрету – тиімсіз тәсіл. Нақтырақ айтқанда, балабақша тәрбиешілері баланың сауатын сапалы ашу жауапкершілігін сезінбейді. Ал мектеп мұғалімдері мұны балабақшаның міндеті санайды. Айналып келгенде мұны сауатсыздандырудың алғашқы қадамы деуге болады. Жауапкершілікті жүрегімен сезінді дегеннің өзінде қазақ тіліндегі 42 әріптің 35-і балабақшада үйретілсе, қалған 7 әріпті кім, қашан үйретеді? Бәлкім, қазіргі кіші буын өкілдерінің арасында «ң», «ғ», «қ» «ө», «і», «ұ» секілді төл әріптерімізге тілі келмей, сақауланып сөйлеуінің астарында осындай себеп жатқан жоқ па? Бұлай жалғаса берсе, сауатсыз ұрпақ қалыптасудан бөлек, ана тіліміздің тұнығын лайлап, шұрайын жоғалтып, көркемдігінен айырылып қалмаймыз ба?