Дайындығымыз қай деңгейде?
Қазір әлемді КОВИД-19-дың екінші толқыны алаңдатып отыр. Осыған байланысты мемлекетіміздің басшысынан бастап барлық билік өкілдері, денсаулық саласы жаппай дайындық мәселесін күн тәртібіне көтерген. Өкінішке қарай, елімізде коронавирус жұқтыру әліге дейін жалғасып, науқастанғандар саны 110 мыңнан асып кетті.
Халқымызда «қарманған қапы қалмайды» деген сөз бар. Алла да сақтанғанды сақтайды. Олай болса, біздегі дайындық мәселесі қай деңгейде? Осы сауалға жауап табу мақсатында өткен аптада шет мемлекетпен шекаралас жатқан Жетісай, Мақтаарал аудандарына іссапарлап қайттық. Екінші толқынға қаншалықты дайын екенімізді осы аудандағы емдеу мекемелерінің басшыларынан сұрап көрдік.
Нұрлан ЖОЛДАСБЕКОВ, Жетісай аудандық орталық аурухананың бас дәрігері:
«Оттегі толтыратын орталық ашылды»
– Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бұйрығына сәйкес қазіргі таңда инфекциялық госпитальда 50 төсек орын дайындалды. Бүгінде ауруханамызда коронавируспен, пневманиямен ем қабылдап жатқан науқастар жоқ.
Ал енді дайындық мәселесіне келер болсам, екінші толқынға толық әзірміз деп айта аламын. Аурухана қоймасында арнайы медициналық киімдер, бетперде, антисептик пен дәрі-дәрмектің екі айлық қоры сақтаулы тұр. Егер карантин уақыты екі айдан ұзаққа созылса, «СК Фармация» компаниясы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жоспар түзген. Індеттің алғашқы толқынында жасанды демалдыру аппараттары мен оттегі баллондарының жетіспеушілігі қатты сезілді. Күн сайын 400-500 шақырым жол басып тасыған 100-ге жуық баллонның 70-80-і пайдаланылып отырды.
Осы қиындықты енді болдырмау мақсатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен ауруханамызда баллондарға оттегі толтыратын орталық ашылды. Мұнда күніне 200 баллонға дейін толтыруға болады. Қажеттілік туындаған жағдайда Мырзакент, Асықата, Атакент ауруханаларын да қамтамасыз етуге қауқарымыз жетеді. Осы кезге дейін КОВИД-19-ды анықтайтын ПЦР зертхана Сарыағаш, Шымкент және Түркістанда ғана болатын. Осы себепті бұрын күн сайын Шымкентпен екі ортаны жол қылуға мәжбүр болдық. Бұл уақыт пен қаржыны көп шығын етеді. Осы қиындықтан шығу үшін өзімізде тәулігіне 600 анализге дейін анықтайтын ПЦР зертхана ашылды. Ол екі күнде қорытынды шығарып береді. Зертхана қызметін Жетісай мен Мақтаарал ауданындағы ауруханалар пайдалана алады.
Аурудың алғашқы толқынында дәрі тапшылығы орын алып, бағасы да аспандап кетті. Дәрі бағасында шектеу болуы керек. Біз, әрине, дәріханалардағы бағаның өсуіне бақылау жасай алмаймыз, ал ауруханада дәрі қоры жеткілікті. Тапшылық болмауы тиіс.
Еркін ЕСІМХАНОВ, Мақтаарал аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
«Бір мезетте 120 науқас қабылдай аламыз»
– Ауруханамызға қарасты Мырзакенттегі аурухана, емхана, он үш дәрігерлік амбулатория, он бір фельдшерлік акушерлік және алты медпункт бар. Барлығында да дәрінің екі айлық қоры жасақталды. Онда дене қызуын өлшейтін градусникке дейін дайын. Бұрын ауруханада 32 оттегі нүктесі болса, қазір оны 65-ке дейін жеткіздік. Инфекциялық бөлімдегі 4 нүктенің әрқайсысының басына жиырмадан нүкте қойдық. Балалар бөліміне де 4 нүкте орнатылды. Госпиталь сақадай сай дайын тұр.
Алғашқыда бізде он сегіз оттегі балоны болатын. Пандемия кезінде күн сайын отыз баллонның қажеттілігі туындағанда Жетісай мен Асықатадан өз қаражатымызға баллондарды толтырып отырдық. Содан соң әкімдіктің араласуымен көрші Өзбекстан мемлекетінен де оттегі баллондарын толтыратын мүмкіндік қарастырылды. Қосымша бөлім дайындап, онда 22 төсек-орындық жасақталды. Әзірге ол бос. Әкімдікпен бекіткен жоспар бойынша бір мезетте 120 адам қабылдай аламыз.
Ұлжанат ЖҰРЫМБЕТОВА, Мақтаарал аудандық «Атакент» ауруханасының бас дәрігері:
«Бірінші толқын көп жағдайға көз жеткізді»
– Пандемия белең алған наурыз айынан бастап ауруханаларда тыным болған жоқ. Дер кезінде көрілген шаралардың нәтижесінде, дәрігерлердің біліктілігі мен жанкештілігінің арқасында сырқат жұқтыру мен адам өлімі аз тіркелді. Қант диабеті секілді қосымша сырқаты бар науқастарға ауыр тигені рас. Дегенмен, уақытты тым көп өткізіп алғандар болмаса, көпшілігін емдеп шығардық. Тіпті, сауыққандарының арасында ауруханаға өкпенің қабынуы 70-80 пайызға жетіп келгендер де болды. Дәрігерлер мен мейірбикелер әскери жағдайдағыдай күні-түні ұйықтамай жұмыс істеді. Тұрғындар әліге дейін ризашылықтарын білдіріп жүр. Қалай болғанда да бұл індет халықтың тәртіпке бағынуы керектігін айқын аңғартты. Сол үшін үйде көбірек болып, қыдыру мен той-жиынды тоқтату керек. Өзіміздің, отбасымыздың, ағайын-туыстарымыздың өмірі үшін.
Бірінші толқын біздерге қай жерден қателік жібергенімізді байқауға, саралауға мүмкіндік берді. Көп жағдайға көз жеткізді. Нәтижесінде жұмысымызға мониторинг жүргізіп, анализ жасадық. Еліміздегі барлық бас дәрігерлер біріктірілген чатта әріптестермен тәжірибе алмасып отырдық. Семинарлар мен жан-жақтан алған мәліметтер жақсы көмектесті. Енді екінші толқынға дайындық жоғары деңгейде жүргізілуде. Дәрі-дәрмектер мен қажетті саймандар жеткілікті әзірленді. Өзіміз қызмет көрсететін елу мыңнан астам тұрғынға арнайы он мобилді топ құрып, жауаптыларды бекіттік.
Облыста бес кедендік бекет болса, соның бірі – біздің аймақта орналасқан «Атамекен». Министрліктің қаулысы бойынша кеденнен өткен әрбір Қазақстан азаматын міндетті түрде екі күнге оқшаулап, анализ аламыз. Анықталмаған жағдайда үйіне қайтарамыз. Ал шетел азаматтарының қолында 72 сағатқа дейін жарамды ПЦР анықтамасы болмаса шекарадан кері қайтарылады.
Мүмкіндікті пайдаланып, Атакенттің тұрғындары мен кәсіпкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Қолдан келер көмектерін аянып қалған жоқ. Әрине, олардың көпшілігін танымаймын, бірақ Сәулеш Жәлімшеева, Қанат Мырзахметов секілді жанашыр азаматтарға көп-көп рахмет! Кәсіпкерлер тез арада ұйымдасып, ортақ чат ашып, бізге керек болған заттарды жеткізіп беріп отырды. Оттегі баллондарын өз қаражаттарына алып берді. Соның арқасында 51 оттегі нүктесі сырқаттардың өмірін сақтауға себеп болды.
Бағила ӨТЕУЛИЕВА, «Асықата» Жетісай аудандық ауруханасының бас дәрігері:
«Екінші толқынға төтеп беруге дайынбыз»
– Асықата өңірінде коронавирус ауруына шалдыққан 105 және пневманиядан зардап шеккен 1214 науқас емделді. Қазіргі кезде ауруханада дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталып, «СК-Фармация» компаниясына қосымша тапсырыс берілді. 46 оттегі концентраты, 80 кислород нүктесі, 147 пульсоксиметр, 100 термометр, сыйымдылығы 40 литрлік отыз оттегі баллондары бар. Сондай-ақ, 2050 дана үш қабатты бетперде, 3575 респиратор, 184 каска мен қорғанысты айна, 10 900 қолғап, антисептик, сұйықсабын секілді қажетті заттар дайындалды.
Қарапайым адамдардың көмегі көп тиіп жатыр. Айталық, «Жаннатул Фердауси» Қайырымдылық қоғамдық қоры мен асықаталық кәсіпкер Қ.Парманқұлов бірлесіп, бес дана оттегі концентратын алып берді. Жетісай ауданының іскер әйелдер кеңесінен құрылған «Іскер аналар» қайрымдылық қорының бір миллион теңгелік қаржылай көмегіне отыз оттегі баллонын сатып алдық. Жалпы, бүгінгі таңға дейін кәсіпкерлердің қолдау қаражатына жеті оттегі концентраты мен бір пульсоксиметр сатып алынды. Шілде, тамыз айларында «Шұғыла» қоғамдық қоры жиырма бес кислородтық концентратын табыстады. Аудандық «НұрОтан» партиясы гуманитарлық көмек ретінде ауруханадан емделіп шыққан тұрғындарға дәрі-дәрмек салынған қобдиша тарту етті. Басқа да көмек беріп жатқан кәсіпкерлер аз емес. Мемлекеттің көмегі мен халықтың осындай қамқорлығының арқасында екінші толқынға төтеп беруге дайынбыз деп айта аламыз.
Міне, Жетісай мен Мақтаарал өңірін аралағанда алған осы ақпараттарға көңіліміз марқайды. Әрине, коронавирустың екінші толқыны табалдырығымыздан аттамасын деп тілейміз. Ал екінші рет «есік қаққан» жағдайда алғашқы толқындағыдай аласапыранға түспей, көрінбейтін жаумен күресуге дайындық жоғары дәрежеде ұйымдастырылғаны байқалады. Лайым, індет іргемізден біржолата алыстап, қалыпты өмір дағдысына қайта оралуымызды нәсіп етсін!