Арыстық азаматша айыппұлдан шаршағанын айтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде тұрғындарға көмек қолын созуды ұсынуда. «Нұр Отан» партиясының саясаты да осыған саяды. Ал осындай қиын-қыстау кезеңде құзырлы орындар айыппұлмен елдің есін шығара бермей, кей нәрселерге түсіністікпен қарағандары дұрыс-ау.
Пандемия тұсында адамдар жұмыс таппай қиналып жатқанда, оларға қомақты мөлшерде айыппұл сала берген қаншалықты ақылға қонымды? Бұл жағдай онсыз да төзімі таусылуға шақ қалып жүрген жандардың наразылығын тудырмай ма? Сондай наразы жанның бірі, Арыс қаласының тұрғыны Думан Үкібаева полиция қызметкерлерінің әрекетіне келіскісі келмейді.
Оқырманның есінде болса газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «42500 теңге беріп, 105 мың төлетеді» деген мақала жарияланған еді. Ондағы кейіпкеріміз де осы кісі болатын. «Алғашында үлкен ұлыма бетперде тақпағаны үшін карантин талаптарын бұзды деп айыппұл салды, – дейді Д.Үкібаева. – Мейлі, басқа амал болмағандықтан оған көндік. Енді екінші ұлыма ел арасында «муравей» аталып кеткен, базарда жүк тасу үшін мінетін «мапетті» жүргізгенде басыңа каска кимедің деп айыппұл салғандарына не айтуға болады? Құжатың жоқ дегенді де қосыпты. Айыппұлды бір апта ішінде төлесек 35 мың теңге, кешіккен жағдайда екі еселенеді екен. Соншалықты соңымыздан түсіп алатындай біз оларға не жаздық?».
Оқырманның осы жанайқайынан кейін біз жол ережесі талаптарын бұзды деп айыпталған Б.Үкібайдың өзіне хабарластық. «Базарда «муравей» айдайтын жалғыз мен емес және олардың барлығы да каска кимейді. Тіпті, олардан құжат та сұрамайды. Неге маған келіп қадалып отырғандарын түсінбедім. Хаттама толтырған кезде полиция қызметкері планшетін көрсетіп «біріншіде ескерту берейін, қайталасаң айыппұл жазамын. Міне, ескерту беріп отырмын, осыған қолыңды қой», – деген соң қарсылық білдірмедім. Сөйтсем ол мені алдапты. Бірнеше күннен кейін айыппұл жазылғаны жөнінде хабарлама келіп тұр. Мен мұнымен келіспей Арыс қалалық прокуратурасына арыз жаздым. Ол жақтан арызымның Түркістан облысы полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына қарау үшін жіберілгені туралы жауап келді».
Бұл оқиғаға байланысты полиция қызметкерінің іс-әрекетін тиісті органдар анықтай жатар. Ал, осындай қиын кезеңде еңбектеніп, нәпақа тауып жүрген адамды қыспаққа алу қаншалықты адамгершілікке жатады? Бұл онсыз да еңсесі түскен елді аяқтан шалу болып табылмай ма? Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков мырза ертеректе берген бір сұхбатында «полицияның қызметі айыппұл сала беру емес, керек кезде ескерту беріп отыру керек» деген болатын. Ендеше басшының пікірін қызметкерлері неге ескергісі келмейді? Шын мәнінде полиция халықты жазалаушы емес, қорғаушы орган емес пе еді?!