шымкенттік болып шықты
Жуырда Мемлекет басшысының қол қоюымен мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған дейін лауазымдық міндеттеріне байланысты 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомаға сыйлықтар алуға рұқсат етілетін еді. Нақтырақ айтқанда, бұл сома 27 780 теңгені құрайтын. Ал, Мемлекет басшысы қол қойған құжат жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қосымша шара болып табылады.
Сәйкесінше, жаңа заң мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір бағалы сыйлықтар беруге мүлде тыйым салып отыр. Заң Мемлекет басшысының жедел іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың арандатушылық әрекеттері үшін қатаң жауапкершілік белгілеу туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Енді мемлекеттік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін сыйлықтар жасап, материалдық сыйақы беруге болмайды. Жаңа заң талабына сәйкес екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы сыйлық бұдан былай әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бұл 5,5 мың теңгені құрайды. Ал, бұл сомадан асатын сыйлық алған мемлекеттік қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Заңға сәйкес қандай әрекеттер сыйлық беруге жатады деп табылады? Енді осыған тоқталсақ. Мемлекеттік қызметшілерден және қызметі бойынша тәуелді өзге де тұлғалар, мысалы, бағыныстылар, есеп беретін ұйымдардың қызметкерлері, тағы басқа ұйымдардан қабылданған материалды бұйымдарға жол берілмейді. Сондай-ақ, негізсіз лауазымға тағайындау, көтермелеу төлемдеріне, марапатқа ұсыну, тағы басқа жағдайларда жалпы қамқорлығы үшін сыйлық беруге болмайды. Жұмыс орнында тиісті міндетін орындамайтын жеке тұлғаларға өтінішпен жүгінген субьектілер де қатаң бақылауда. Ал, қызмет бабында жауапкершіліктен жалтарған азаматтар өзіне қолданылатын тиісті жазаны енді өзара «бармақ басты, көз қысты» жайтпен шеше алмайтын болады. Қандай да бір тұлғаның өзіне бағынысты немесе қызметтік өкілеттігі жүретін өзге де адамдардан қамқоршылығы немесе қызметінде бетімен жібергені, оның құзыретіне кіретін мәселелерді оңынан шешкені теріс қылық деп табылып, оған шара қолданылады. Сондай-ақ алдағы уақытта шешілуі мүмкін мәселелер үшін ақшалай қаражатты немесе өзге де құндылықтарды алуы параға жататынын көпшілік білсе де, оған жол беріп жатады. Енді бұған тоқтау салынбақ. Мемлекеттік қызметші жай күндері мен сыйлау себептері былай тұрсын, тіпті, мерекелер мен туған күндерде, қызметтік лауазымы бойынша жоғарылағанда, жұмысқа тұрғанда да өзге тұлғалардан сыйлық қабылдауға құқы жоқ. Мейлі ол тәтті конфет, торт, кәдесый болса да рұқсат етілмейді.
Жалпы, мемлекеттік қызметшілерге сыйлық сыйлаудың тәртібі туралы қалыптасқан заң бізде бұрыннан бар. Оған сәйкес, мемлекеттік қызметкер сыйлықты ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің аумақтық бөлімшесіне немесе жергілікті атқарушы органға 7 күн ішінде тапсыруы тиіс. Тапсырушы адам сыйлықты тиісті мекемеге тапсыра отырып қайта сатып алуына құқы бар немесе біржола өткізуге де ерікті. Ол үшін жазбаша түсініктеме бере отырып, қабылдап алу, тапсыру актісі жүзеге асырылады. Уәкілетті орган сыйлықты тапсырған адамнан хабарлама алғаннан кейін күнтізбелік 7 күн ішінде сыйлыққа бағалау жүргізеді және көрсетілген адаммен сатып алу-сату шартын жасасады. Тиісті органның мемлекеттік қордан сыйлықты оны тапсырған адам сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін ғана құқығы бар.
Қуантарлығы, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген қағидаға берік мемлекеттік қызметшілер бар болып шықты. Олай дейтініміз, өңірімізде жеке тұлғалар берген сыйлықты уәкілетті органға тапсырушы жауапты қызметкерлер бар болып шықты. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Шымкент қаласы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Ғалым Қасымбековтың айтуынша, 2019 жылы өзгелерден алған сыйлықты тиісті мекемеге өткізуге байланысты 20 жағдай орын алса, биыл небәрі 5 оқиға тіркеліпті.
— Бұл мемлекеттік қызметкерлердің өз кәсібіне адалдық танытуының көрінісі екендігіне сенгіміз келеді, — дейді Ғ. Қасымбеков. – Айта кетелік, сыйлықтардың ішінде «Рахат» кондитерлік фабрикасының конфеті, кәдесыйлар мен шампан және пижама бар. Ал, уәкілетті органға әкеліп тапсырушылар арасында Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық әкімдігінің бөлім басшысы, қалалық білім беру басқармасының қызметкері, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы, сондай-ақ, Еңбек және көші-қон комитеті басқармасының бас маман-инспекторы кездеседі.
Ең қызығы, республикалық басылымдар бұған дейін «Мемлекеттік қызметкерге қандай сыйлықтар жиі ұсынылады?» деп мақала жазып, бұл тізімде тіпті пижаманың да бар екенін айтып шуласқан болатын. Анықталғанындай, мемлекеттік қызметкерге пижама сыйлаған да өзіміздің шымкенттік жерлесіміз болып шықты. Оны уәкілетті органға қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы тапсырған, өзбекстандық «Elit» маркалы, 54-56 өлшемдегі киім болып шықты.