Ол — қызық адам. Белгілі бір саланың жалына жасында мықтап жармаспапты-ақ. Әйтпесе, қолынан келмейтін өнері жоқ. Тіпті, жасы сексенге таяған демессіз.
Жеңіс атай Берікқара Кентау қаласында тұрады. Карантинге дейін үйде отыру дегенді еш білмейтін. Музыкалық мектепке ардагерлердің хор үйірмесіне қатысатын. Ол кісінің әрбір күні осындай. Тынымсыз еңбек, талмай ізденумен, үздіксіз қимыл-қозғалыспен өтеді.
Түркістан қаласының Құсшықараған деген жерінде дүниеге келген Жеңіс атайдың дүниеге келуінің өзі бір қызық болыпты. Ол туылғанда жұрттың бәрі Жеңіс тойын тойлап, мәз-мейрам болып жатыр екен. Бөркін аспанға лақтыра сүйіншілеп жүрген бір кісі шілдехананың үстінен түседі. Сөйтіп, сәбиді қолына алып, оған Жеңіс деген есім беріп, атпен шауып кете барады.
Жеңіс атай «Жігітке жеті өнер де аз» деген халық мәтелін күнделікті қағидаға айналдырып өскендіктен бүгінде қадіріңмен қартая білу де өнер деп біледі. Ол үшін өзіңнен кейінгіге ақыл-парасатыңмен, нақыл сөзіңмен ғана емес, ісіңмен де үлгі болуға тиіссің. Жеңіс атай бұл жағынан алдына жан салмайды. Өз қолымен отырғызған ағаш-тал, аула гүлдерін көргендер оны кәсіби бағбан деп ойлауы әбден мүмкін. Салауатты өмір салтын насихаттаудан жалықпайтын қарт Кентауда арнайы клубтың да жетекшісі. Ардагерлерге таңертеңгілік жаттығулар жасатып, спорт түрлерімен айналысуға үйретеді. Күнделікті таңертең сағат алтыда оянатын ол сәждеге бас қойып, одан кейін дене шынықтыруға кіріседі. Күніне 25 рет турникке тартылып, қарда жалаңаяқ жүгіріп, мұздай суға шомылады. Шалқалай жатып, кеудесіне кірпіш қойып, оны балғамен ұрғызғанда да жиырма бестегі жігіттердей сыр алдырмайды. Жаңғақты маңдайымен ұрып шағатын өнері де бар. Кітапхана жағалап, басылымдарды шолып шығады. Белгілі тұлғалар туралы жазылған естелік, эсселерді оқиды. Мүшайраларға қатысады. Бойындағы тоқсан өнерімен тойларда елді өзіне қаратып та жүреді.
Атайдың баяғы сал-серілердің сарқыты деп ойламасқа болмайтын тағы бір өнері бар. Ол – ақындығы мен әншілігі. Сізге өтірік, бізге шын, 300-ге жуық әнді жатқа біледі. «Әу» демейтін қазақ жоқ деп білетін кентаулық қария кейде өз ойымен оңаша қалып, домбырамен ыңылдап ән айтқанды ұнатады. Мұндайда жалт еткен жастық дәуренін еске алып, өткенге ой жібереді. Оның орындалмай қалған бір өкініш, бір арманы да — осы. Яғни, уақыт арнасымен күнделікті тұрмыстың тұтқыны болып тұтқиылдағы қалада қалып қоймағанда әншілік өнерін үкілеп, баптар-ақ еді.
Мырғалымсай кенішінде ұзақ жыл жұмыс істеген Жеңіс ата бойдағы бар өнерінен бірін таңдап, танымал болуға ұмтылғанда бүгінде ел алдында жүрген жұлдыздардан кем түспес еді.
— Айналайын, бүгінгі жастар жаман емес, бірақ қарттар қарттығын істемей отыр. Осы сөзімді қысқартпай газетке жазыңдаршы. Қарт дегеніміз —қария. Ал, қария мен шалдың айырмашылығы бар. Шал деген сөз иранша «мешел», «отырып қалған» деген мағынаны білдіреді екен. Біз бүгінгі қарттарды қария, кейуана деуіміз керек. Мұндай қарияға жұрт сүйсіну керек, оның өнерінен, батасынан, жүріс-тұрысынан, мейірімінен өнеге алуы тиіс. Өкінішке қарай, замандастарымыздың көбі ауылда карта ойнап, арақ ішеді. Намаз оқымайды. Жастар теледидардан дұрыс тәрбие алмаған соң, ұлттық тәрбиеден айнып бара жатырмыз, — дейді Жеңіс ата.
Ол намазға жығылуды қырық екі жасында, шахтада жұмыс істеп жүрген кезінен бастапты. Құқық қорғау саласында да жұмыс істеді. Мырғалымсай кенішінде кенші де болды, сызу, сурет пәндерінің мұғалімі де болып шәкірт тәрбиеледі. «Атадан жалғызбын. Есімді білер-білмес шағымда әкемді соғыс жалмап, шешем күйеуге тиді. Заман ағымына икемделуді, тұрмысқа бейім болуды маған өмірдің өзі үйретті. Мал бағу, үй сылау, кірпіш қалау, бақша баптаудың бәрі қолымнан келеді. Сурет саламын, ән айтып, өлең жазамын, шахта қазамын, құрылысшымын. Өткен ғасырдағы тоқырау, дағдарыстың бәрін өзіме өмірлік сабақ деп қабылдадым», – дейді кейіпкеріміз.
Кентаудағы үйін де өз қолымен көтерген Жеңіс ата оның айналасын иран бағына айналдырып жібергендей. Түрлі жеміс-жидектер отырғызып, дала гүлдері, тіпті терезе алдына өсірілетін гүлдерді де өзі отырғызып, баптай береді. «Ала тақиялы көрші ағайындардың бақшасына қарасаң әуесің келеді. Үйінен шыққаннан әжетханаға апарар жолға дейін гүл егіп тастайды. Ал, біз мұны неге істемейміз, кімнен кембіз?» деген ол тіпті үй ішіне сыймай кеткен жалпы құны екі жүз мың теңгені құрайтын гүлдерді мәдениет үйіне тарту ететін. «Қолыңнан келсе қарап отырма, бос жүрме, әрекеттен. Бәрің аспаннан салбырап түскен жоқсыңдар, мына заман сендерге оңайлықпен келген жоқ» деген ақылын балалардың құлағына құйып отыратын ол тынымсыз тірлікке әбден үйренген.
Кентауда «Сегіз сері» деген клуб ашып, зейнет жасындағы жандарды салауатты өмір салтына үйретіп жүрген Жеңіс ата жұбайы София Әбдіқызы екеуі үш ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған осындай жан!