Карантин кезінде 42500 теңге ала алмай қалған жалдамалы жұмысшыларға да әлеуметтік жәрдемақы тағайындалмақшы. Ол үшін жұмыс беруші жыл соңына дейін апелляциялық өтінішпен бірге тағы екі құжат тапсыруы керек. Бірақ, бұл мүмкіндік тек шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндерге беріледі. Бұл туралы «31» арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлады.
Базарда жалданып жұмыс істейтіндердің көбісі бұған дейін 42500 теңгеден қағылған еді. Жұмыс берушімен арада еңбек келісім шарты жасалмаған соң, уақытша жұмыс істемейтіндері туралы құжат қазір жоқ. Сәйкесінше жұмысшылар құқығы ең көп тапталатын жер де базарлар болып тұр. Еңбекақыны қолына ұстатып, жұмыс күшін пайдаланып келген кәсіпкерлер енді жыл соңына дейін жалдамалы еңбеккерлерін тіркеп, олардың әрқайсысына уақытша жұмыссыз деген құжат беруге міндетті. Сонда ғана шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, табысынан айрылып қалғандарға әлеуметтік көмек тағайындалады. «Ол үшін жұмыс беруші алдыңғы тоқсандағы өзінің табыс көзін дәлелдейтін құжат қажет. Шілде, тамыз, қыркүйекте табыс көзі болмаса, ол зерттеледі» дейді мамандар.