Жаратылыс жұмбағы

Сарытөр ауылы Қаратаудың күнгейіндегі биік сілемдерден басталып, Арыс өзеніне құятын Шілікті бұлағының бойында орналасқан. Аңыздардың айтуынша, Сарытөр  қазақ хандығының жайлауы болған, түгін тартса майы шығатын өңір екен. Кей деректерде Алтынтөр деп те аталатын жердің  жұмбағы талайдан бері тарихшыларды қызықтырып келді. Саф ауасы, су жағасында мыңғырған мал-құсы мен шүйгіні, құнарлы жайылымы, шипалы  өсімдіктері мен жеміс-жидегі туралы жазбалар мен деректер де аз емес.

Сарытөр маңайында Түйетас тауы бар. Майлы Қара әулие үңгірі мен шипалы бастау да осы жерде. Ауылдан 1,5 шақырым ары қашықтықта орналасқан Қыз әулиеде қос долана ағашы өссе, киікоты, шайқурай, жусан, шашыратқы, бәйшешек, жауқазын көптеп кездеседі. Ал, мұсылман қауымына кеңінен танылған Майлы Қара әулие Қыз әулиеден 4,5 шақырым күншығысқа қарай жатыр. Қос әулиеге түрлі сырқат дендеген, Тәңірден перзент тілеген әйелдер, сондай-ақ, тілек тілеп, рухани тазаруды ниет етушілер де зиярат етеді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы өзінің тарихи жәдігерлері мен рухани құндылықтарына қол жеткізе бастады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында  күнгейдің киелі орындарына арналған жүз томдық жинақ та жарық көрген. Осы орайда зерттеуші топтың мүшелері, жас ғалым, филология ғылымының кандидаты Қазыбек Тәжиев, телеоператор Нұрлан Сейдазимов, діни-тарихи көркем шығармалар жазушы Асылбек Байтуғанов Сарытөр ауылында болып,  Майлы Қара, Қыз әулие туралы тың деректерге кезіккен. Соның бірі —  қос әулиенің ортасында жатқан Ақтас тауынан кейінгі Қаратас тауының  күнгейінде айшықты етіп қорымтаспен жазылған «Алла» сөзі көзге шалынады. Сондай-ақ, ел аузындағы нанымдарда айтылатындай, Майлы қара әулиенің белгісі іспетті ақ жылан жылдар бойы жан адамның көзіне шалынбаған. Зерттеу кезінде әулие үңгірінің ең түкпірінен ұзындығы 1,5 метрдей, тоқпан жіліктей жуан ақ жыланның қабығы табылды. Жәндіктің түлегеніне жарты жыл өтсе де ауа райының ыстық-суығына, жауын-шашынына, желіне төтеп беріп, алғашқы қалпын сол күйі сақтаған.

Жаратылыстың біз білмейтін жұмбағы көп-ау!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған