Былтыр Мәжіліс депутаты Майра Айсина оқушылардың мектеп кезінде смартфон қолдануына қарсылық білдіріп, арнайы заң жобасын қабылдауды ұсынған еді. Алайда, арада жыл айналып өткеннен кейін-ақ дүние дөңгеленіп сала берді. Әлемдегі пандемиялық жағдайға байланысты оқушыларға қашықтан білім алуды Үкімет өзі қолға алып, жедел шаралар ұйымдастырды. Биыл жаңа оқу жылын осылайша еліміздегі барлық мектеп оқушылары ақпаратты техниканың көмегімен бастады. Ал, аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары мемлекет тарапынан компьютер, смартфондармен қамтылды. Алайда, тегін таратылған дүниенің түбі шикі болып шығуда.
Сайрам ауданында тұратын Жазира Орынбасарова бес перзенті бар көпбалалы ана. Қазір бала күтіміне байланысты еңбек демалысында, ал өмірлік жолдасы бие сауып, қымыз баптаумен айналысады. Балаларының біреуінен өзгесі мектеп жасында екен. Жақында көпбалалы ананың қолына да мемлекет тарапынан берілетін планшеттің бірі тиіпті. Алайда, бұған қуанып отырған күйі байқалмайды. Неге десеңіз, техникалық құрылғыны әкеліп берген тиісті мекеме қызметкерлері бұзылып қалған жағдайда ақысын төлеуі міндетті екенін ескертіп кетіпті. «Құны жүз мың теңгеден кем емес планшетті балалар абайсызда бүлдіріп алса, оған төлейтін ақшам жоқ» деп мұңайған көпбалалы ана енді су жаңа техниканы қолдануға қорқып отырғанын айтады. Тіпті, әкелгеніне бірнеше апта болса да әлі «целлофан» қаптамасынан шығармапты.
— Бұл бірінші мәселе. Екіншіден, шынымды айтсам, ол планшетті ашып, балалардың қолына бергеннен де пайда жоқ. Ауылымызда интернет жылдамдығы мардымсыз. Тек вацап арқылы хат-хабар алмасуға жететін жылдамдық күші бар, ал оқу платформаларын жүктеуге, бейнесабақтар ашуға қуаты жетпейді. Қанша жылдан бері айтсақ та, ауылда адам саны аз деген себеппен интернет қоспай келеді. Қарап тұрсақ, Бескепе мен Жаңатұрмыс ауылын қосқанда әр үйде кемі екі абонент бар екен. Біздің үйдің өзінде 5 абонент бар, планшетті қоссақ алты абонент болады. Қазір балалар сабақты әрең оқып жүр, күн жылы болған соң қыр аралап, телефонды көшеге алып шығып оқуда, — дейді көпбалалы ана.
Иә, көпбалалы, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларын компьютермен жарылқадық деп жүргенде осындай кедергілер кесе-көлденең шығуда. Әрине, баланы өзгенің меншігіне, мемлекет мүлкіне жауапкершілікпен қарауды үйреткен дұрыс-ақ. «Судың да сұрауы бар» дегендей, балаларға берілген планшеттерді қалауынша пайдалансын дегіміз келмейді. Алайда, оны қанша күтіп, мұқият ұстаған күннің өзінде бала жүрген жерде абайсыз тірлік қабаттасып жүретіні белгілі. Осындай сәтте әлгі техниканы бүлдіріп алса, оны қайта төлейтін жүз мың теңгені көпбалалы ана қайдан тауып бермек? Егер мұндай ақшасы болса, баласына өзі-ақ сатып әпермей ме?
Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бүгінде мектеп оқушыларының басым бөлігі онлайн форматта білім алуда. Бүгінде өңірдегі 912 жалпы білім беретін мектепте 502 737 бала тәлім алады. Оның ішінде 446 109 (89,0%) оқушы қашықтан оқыту форматына көшкен.
Оқушылардың қашықтан білім алуын қамтамасыз ету үшін алдын ала жүргізілген мониторингке сәйкес 79 214 оқушыға компьютерлік техника мен планшеттер қажеттігі анықталып, бұл мақсатта Үкімет резервінің қаражатынан 57190 (7711 планшет, 5952 компьютер, 43527 ноутбук) компьютерлік құрылғы сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, оның 4 мың данасы оқу жылының алғашқы айында оқушыларға үлестірілді. Сонымен қатар, 6 қазан күні қалған 3711 планшет алынып, 2 айға арналған «Білім» тарифі қосылған сим-карталар қоса берілді. Үкімет резервінің қаражатынан алынатын 49 479 құрылғы осы жылдың 30 қазанына дейін оқушыларға толығымен берілмек. «Қашықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында алынған компьютерлер мен ноутбуктер негізінен аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестірілуде. Техникалардың әр оқушыға жеткізілуін Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы жанынан құрылған жетекші топ мүшелері қадағалауда», – деп хабарлайды Түркістан облыстық ӨКҚ.
Ал, біз жоғарыда аталған нақты дерек бойынша Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Шайдиеваға хабарласқанымызда:
— Республикалық бюджеттен оқушыларға 4842 компьютер, планшет, ноутбук берілу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 877 планшет келіп, мектептерге актімен беріліп, одан әрі әлеуметтік осал топтағы оқушыларға жауапкершілікпен, ұқыпты пайдалануға арнайы тарифтік нөмірмен, бағдарламалық жасақтары толық орнатылып, уақытша пайдалануға таратылды. Сонымен қатар, мектеп балансындағы 2055 компьютер көп балалы отбасы балаларына берілді. Демеушілер, мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан 53 оқушыға смартфон және тоғыз оқушыға планшет құрылғылары таратылды.
Мемлекеттен бөлінген ақпаратты техникалар оқу жылының соңында міндетті түрде мектепке кері қайтарылуы тиіс. Ата-аналарға бұйымды бүлдірмей ұстау жөнінде, мектеп жасына дейінгі балалардың қолына ұстатпай, тек оқу мақсатына пайдалануды ескертіп берудеміз. Бұл жағдай мектептен оқулық алып, оны қайта мектепке апарып тапсыру сияқты жайт қой. Егер сындырса, айтарлықтай зиян келтірсе мемлекет мүлкін ата-ана өз қалтасынан төлейді. Сондықтан жауапкершілікпен қараған дұрыс, — дейді бөлім басшысы.
Бескепе ауылының балалары осылайша паланшетке қолы жеткенімен, онысы интернетке қосылмай, сабақты көшеде оқып жүр. Ата-аналарды «күн суытқанда балалардың білім алуы қалай болмақ» деген мәселе толғандырады. Аудан әкімі, интернет байланысына жауапты басшылар мақаланы оқып, үн қатып жатса, газетімізде қосымша жариялауға дайынбыз.