Қазақ ежелден жомарт, қайырымды халық. Ата-бабамыз қолда бар бүтін нанды бөліп, жарты нанды жарып жолдасына берген. Ауылда ырзық-несібелі, бай-ауқатты кісілер болса кедей-кепшікті де ұмыт қалдырмай, жәрдемдескен. Тіпті, қайырымдылық қасиеттен туындаған бұл қағида дәстүрге айналып, ел ішінде тұрақты ұйымдастырылып тұрған. Ата-бабамыздың салт-дәстүрінде көгендік, кеусен, шүлен тарату сияқты ұғымдар осыдан барып қалыптасқан.
Этнографтардың мәлімдеуінше, көгендік ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан, малшылар қауымына тән үлкен дәстүр болған. Қазақ малшылары өз туыстарына, ілік-шатыс жұрағаттарына, жас отау құрғандарға ырымдап берген. Малды алған адам да малдың басын көгенге соғып, оны аузына ақ тамызып алған. Оны көгендік мал, мал басы деп қараған. Малшылар енші бөлгенде, жоқ-жітікке, кембағалға, қолы қысқа адамдарға жәрдемдескенде қорасындағы, яғни көгеніндегі малын берген. Көгендіктегі малдың құты болған десіп, оны иемденгендер ризалықпен қайтқан.
Ал, кеусен қазақ егіншілерінің күзде егін жинағынан, қырманға егін бастырғанда өніммен бөлісуі. Бұл кезде егінші ет-жақын туыстары мен көрші-қолаңды, ауылдастарын егін орып жинасуға, қырман басы соғысуға, өнім жинасуға көмекке шақырады. Әуелі жұмыс бастамай тұрып қырман қасында көмекке келген адамдарға арнап бір ақсарбас қойын атап сойып, дала дастарқанын молынан жаяды. Жұмыс істесуге келген адамдарды құр қол қайтармай, алғашқы өнімнен ұшыр қол үзік дән бөліп берген. Оны кеусен немесе кексен деп атаған. Күздік өнімді мол алған байлар, дихандар, қырман соғып, астық жинағанда, үйіп қойған дәннің астық ұшыры деп, алғаш күрекпен шетінен кесіп, бөледі, мұны егін бауыздау деп те атайды. Оны тұрмысы нашар, жоқ-жітік, кәрі-құртаң, жетім-жесір, кедей, мүсәпір, мүгедек адамдарға үлестірген. Кеусен алған адамдар қуанып, диханға разылығын білдірсе, қариялар арнайы бата берген екен.
Біздің өңір әдетте малға толы, егінге бай аймақ саналады. Бірақ, заман ағымына сай жұмыс күші ет жақын ағайындар мен туған-туыс, көрші-қолаңның көмегімен емес, көбіне жалдамалы еңбекшілермен атқарылып жатады. Сондықтан да болар, қауын-қарбыз, жүгері,бақша дақылдарын өсіретін Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Жетісай өңірінде де, алма, бидай жинайтын Төлеби, Түлкібас өңірінде де кеусен таратқан жандар кездесе бермейді. Ал, төрт түлігі сай Бәйдібек, Отырар, Созақ аудандарында көгендік беретіндер бар ма? Ол да белгісіз. Замана ыңғайына сай жомарт жандар да бүгінде кедей-кепшікке атаған қайырымын қолма-қол қаржылай немесе әлеуметтік пакетпен, тіпті, банк картасына аудару арқылы жүзеге аударып жатады. Мұның төркінін қазақта шүлен тарату деп атаған. Ал, жоғарыда біз айтқандай, көгендік беріп, кеусен тарату дәстүрін жалғастыруды қолға алсақ, халқымыз салтына беріктігін танытар еді. Әрі бұл мол сауабы бар іс.
Сіздің ауылда мұндай жандар болса, хабарласыңыз, құрметті оқырман!