Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Көмірдің қымбат болуы – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Көмірдің қымбат болуы

ковидті көбейтпесіне кім кепіл?

Арқада ауа райы бұзылып, алғашқы қар түссе, оңтүстікте әзірге күн жылы. Бірақ, жақын күндері күннің суытатыны жайында хабарлама келіп жатыр. Ал «кәрі құданы» қарсы алуға деген дайындығымыз қалай?

Қысқа дайындық дегенде бірінші кезекте үйін көмірмен жылытатындардың ахуалы еске түседі. Түркістан облысында мұндай ауылдар аз емес. Оларды жыл сайын қоңыр күзде мазалайтын мәселе – көмір сапасы мен бағасы. Тапшылық көретіндер де жоқ емес. Жуырда редакциямызға хабарласқан оқырмандардың да көтерген мәселелері осының төңірегінде болды. Олардың сөздеріне қарағанда баға әр жерде әр қилы секілді. Көмір бағасының жоғары болуы көктемнен бастап карантиннен титықтаған халықты онан сайын қыспаққа тіреп жатқанға ұқсайды. Мәселен, Шардара қаласынан хабарласқан оқырманымыз Ғайболла Бектөреев былай дейді: – Қалада газ жоқ. Сексеуіл жағуға тыйым салынған. Сондықтан үйді көмірмен ғана жылытамыз. Жыл сайын 5-6 тонна түсіретінмін. Биыл қазан айынан бастап бір мезгіл от жағып отырмыз. Қолдағы бар ақшаға бір-ақ тонна ғана көмір түсіруге шамам жетті. Тоннасы – 28 мың теңге болды. Өте қымбат. Бес балам бар. Үйде жұмыс істейтін өзім ғанамын. Бұл мен үшін өте ауыр болды. Ауылдарда жұмыссыз отырғандар да бар, олар не істейді, тоңып шыға ма? Көмір Сарыағаш пен Арыстан тасымалданады. Көмір сатушылар әкімдікке де бағынбайды. Қит етсе, жеке кәсіпкерміз деп шыға келеді. Жеке кәсіпкердің жұмысына кедергі жасамау керек, бірақ, солай екен деп олардың халықты қанауға да жол беруге болмайды ғой.

Созақ ауданы, Тасты ауылының тұрғыны Ералы Талдыбаев: – Біздің ауданға пойыз келеді. Аудан орталығы Шолаққорған ауылында үш көмір түсіретін тұйық бар. Соған қарамастан көмір бағасы қазірдің өзінде тоннасы 22 мың теңге. Күн суытқан кезде бағаның одан да қымбаттайтыны айтпаса да түсінікті. Жаз бойы жұмыс істей алмай, табыстан қағылған халықты қинамас үшін, олардың қыс мезгілінде тоңып қалмауы үшін көмір бағасына жергілікті атқарушы билік бақылау жасауы тиіс. Бәлкім шекті баға қойып, одан жоғары бағада сатқандарға шара көрген жөн. Әйтпесе, кәсіпкерлер қолдарындағы заттың бағасын көтере берсе, халық аз ғана ақшасын қайда жеткізеді? Көмірге ме, дәріге ме, ішіп-жемге ме?, – дейді ашынып.

Отырар ауданы, Темір ауылының тұрғыны Бегімше Ибрагимовтың да пікірі осыған саяды. «Көмірдің бағасы жылда сөз болады, бірақ шешімін тауып жатқан жоқ. Біздің ауылдың өзіне пойыз келіп, көмір екі жерге түседі. Соған қарамастан баға жоғары – 16800 теңге. Оның үстіне салмағы да дұрыс емес. Арнайы таразымен өлшемейді. Салдарынан бір тонна дегендері шамамен 800 келідей тартады. Мұны бақылап, шара көріп жатқан ешкім жоқ. Көрші жатқан Арыс қаласынан көмірдің тоннасын 13 500 теңгеден әкеліп жатқандар бар екен. Бірақ, бұл мүмкіндікті көпшілігі пайдалана алмайды. Көлік шығыны көп болады.

Тағы бір қиындық тудыратын жайт, көмір келгенде біздің Темірде басқа ауданның көліктері толып кетеді. Ордабасы мен Түркістаннан да келіп жатады. Сол себепті кейде өзімізге көмір жетпей қалады. Мен бұл жөнінде ауыл әкімі Жандос Қуатбековке айтып, алдымен ауыл азаматтарын көмірмен қамту керектігін ескерттім. Көмірге деген сұраныс артқан сайын бағасы да өсе береді», – дейді ол.

– Сәрсенбіден бастап «Арыстанды-Қарабас» желі басталып, күн бірден суытты, – дейді Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылының тұрғыны Асан Досболаев. – Үйде от жаға бастадық. Мен әлі көмір алғаным жоқ. Ауылдастар 17-20 мың теңгеден түсіріп жатыр екен. Соған қарағанда «Богатырь» көмірі – 17 мың, «Шұбаркөл» көмірі – 20 мың теңге болса керек. Ауылда жұмыс жоқ. Біз үшін бағаның төмен болғаны дұрыс қой. Әкімдіктегілер бағаны тұрақтандырса дұрыс олар еді.

 Міне, бізге хабарласқан оқырмандарымыз осындай ұсыныс-тілектерін айтты. Оларды да түсіну керек. Жаз бойы көпшілігі табыстан қағылды. Ал көмір бағасы қымбат, бірақ оны алмаса тағы болмайды. Қаражаттан қиналып, суық үйде жаурап, халық жаппай суықтап ауырар болса, коронавирустың да белең алмасына кім кепіл?! Сол себепті ковидтің екінші толқынына дайындықты медицина саласында және шектеулерді күшейтумен қана тоқталмай, халықтың көмірмен қамтылуына да жағдай жасау қажет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған