Енді фермерлер ірі қара малын ауру мен басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыра алады. Осы уақытқа дейін агроөнеркәсіп кешенінде иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыратын еді. Қазіргі эпизоотиялық жағдайды ескеріп, шетелдік сақтандыру компаниялары еліміздің агроөнеркәсіп саласына арнап сақтандырудың жаңа шартын әзірлеген.
Жаңа шарт арқылы фермерлер малды өз шаруашылығы аумағында және 5 шақырым радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы індеттен, басқа да қауіп-қатерден сақтандыра алады. Жалпы, қауіп-қатерлердің қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, біреудің қасақана зиян келтіруі мен қауіпті табиғи құбылыстар, жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі себеппен жарақаттануы кіріп отыр. Демек, төрт түлікке қандай қауіп болса, жаңа сақтандыру бәрін өз мойнына алуға даяр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сенсек, ірі қара малға қатысты сақтандыру шарттарын әлемдік нарықтағы «А» (жоғары дәреже) рейтингі бар Халықаралық сақтандыру компаниялары ұсынып отыр. Шарт жасасу процесі фермер мен сақтандыру компаниясының арасында WWW. QOLDAU.KZ электронды платформасында жүргізілмек.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Асқар Қалиев жаңа сақтандыру тек фермердің емес, несие берушінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтады. Сақтандыру тарифі сақтандырылатын малдың санына байланысты болмақ. Бізге енді келіп жеткен бұл тәжірибе әлемде бұрыннан қолданылып келеді.