Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Күнгейде қысқы туризмді қалай дамытуға болады? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Күнгейде қысқы туризмді қалай дамытуға болады?

Оңтүстіктің таулы аймақтарында алғашқы қар түсті. Соңғы жылдары тұрғындардың экотуризм мәдениеті біршама көтеріліп, табиғатқа қызығушылар мен демалушылар бұрнағы жылдармен салыстырғанда артып келеді. Жаздың ыстық күндерінде  тау бөктерін саялап, демалыс орындары мен өзен-көл жағалайтын көпшілік қысты қалай өткізбек? Ол үшін бізде қолайлы жағдайлар жасалған ба?

Өкінішке қарай, туристік аймақтарда жол, су, жарық, газ мәселесі әлі өзекті қалпында. Туризм экономика саласын жетелеуші күш екендігін бүгінгі дәуір дәлелдеп отыр. Сыртқы туризм мен ішкі туризмді дамыту үшін оған барынша қолайлы орта құру қажет. Туризмді дамытуда тек шетелден келетін қонақтарға ғана басымдық беріліп, өзіміздің жергілікті тұрғындардың қай жерлерге барып демалғысы келетініне мән берілмейді. Тіпті, жол бойына әжетханалар, судан өтетін көпірлер де салынбаған. Мұның бәрі қарлы қыс тұрмақ, жаздың жадыраған күнінде де демалушыларға қолайсыздық тудыратыны анық.

Айталық, Сайрамсу демалыс аймағына соңғы он жылға дейін  демалушылар сирек баратын. Өйткені, бұған дейін аймақта электр жарығы жоқ, асфальт жол салынбаған, сәйкесінше көлік қатынасы да аз болды. Кейіннен араб шейхтары тау етегіне асфальт жол төсегеннен кейін ғана Сайрамсуға барып демалушылар күрт көбейді. Жергілікті тұрғындардың көңілінде қазір  адамдардың үздіксіз ағылуы тау өлкесін табиғи қалпынан айырып, тіпті тоздырып жібермей ме деген алаңдаушылық та жоқ емес. Бұл әрине, заңды сауал. Белгілі экотанушы Ғани Назарбек:

— Экотуризм дегеніміз үлкен мәдениет әрі табыс көзі. Жаяу серуен, атпен серуен, жалға алатын біраз нысандар мен құрылғылар, дәмхана мен мейрамханалардың ашылуы он шақты саланың тамырына қан жүгіртер еді.  Соңғы жылдарда ішкі туризмнің жандануына әлеуметтік желілердің қосқан  үлесі зор. Егер мәдениетті демалыс ұйымдастыра білсек табиғатқа келер зиян жоқ. Қазір демалушыларға арналған инфрақұрылым жетістіктері тек ұлттық парктің ішінде ғана қолға алынған, ал басқа аймақтарда мүлде жасалынып жатқан жоқ. Еуропада адамдар жаппай экотуризмге шығады, одан олардың табиғаты құлдырап кеткен жоқ, керісінше өркендеуде, — дейді.

Күнгей табиғатында қысқы маусым өте қысқа мерзімді алатындықтан  туризмді өркендету қаншалықты табысты болмақ ? Бұл да ойландыратын  сауал-ақ. «Мен өзім Жетісайдың тумасымын. Бала кезімізде оңтүстіктің ең ыстық нүктесі саналатын Жетісайдың өзінде біршама қар жауып, қыста хоккей ойнайтынбыз. Қазір өлкеде жауған қар ертеңіне-ақ еріп кетеді. Қысқы туризм табыс әкелетініне көзі жетпегендіктен кәсіпкерлер бұл салаға қаржы салып, үлкен нысандар ашуға тәуекел етпейді. Сондықтан, шаңғы базасынан бөлек, қысқы демалыстың басқаша түрлерін ұйымдастырған жөн болар», – дейді Ғ.Назарбек.

Алайда, оңтүстікте қардың қалың жаумайтыны ауызды құр шөппен  сүртуге себеп болмайды. Сайрамсу шыңы мен Біркөлік тауларында, Қасқасудың етегінде, Төңкеріс, Қаратөбе ауылдарындағы қар мөлшері қалалықтар бір демалып қайтатындай орталық ашуға жарайды деп ойлаймыз. Әлемде қысқы туризмді қыруар қаржы көзіне айналдырып отырған елдер сияқты біздің өлке табиғатының да әлеуеті мол. Тек оған ынта мен ұйымдастыру, экотуризмге қызығушылық пен сұраныс жоғарылығы артса болғаны. Қысқы демалысты дамытудың көш басында тұрған Швейцария мен Испанияны айтпағанда, алысқа бармай-ақ, жанымыздағы Қырғызстанды алсақ. Айыр қалпақты ағайын қысқы туризмнен мол табысқа кенелуде. Көбінесе бұл елге биік тау шатқалдарында шаңғы тебуді, спорттың экстремалды түрлерін жаны қалайтындар келеді. Қардың көп түсуі алуан түрлі шаңғы жолдарын салуға, тамаша сервиске мүмкіндік береді. Айтпақшы, шаңғы мен сноубордтан басқа фрирайдинг – таудан еркін сырғанау, хельскин – тікұшақтан секіру сияқты түрлері де жақсы дамыған. Соның нәтижесінде Қыр­ғызстанға 2018 жылы 5 млн-нан аса, 2019 жылы 6 млн-ға жуық шетелдік туристер демалуға барыпты.

Түркістан облысының Төлеби ауданында салынған «Алатау» тау шаңғы базасы әзірше біздің өлке қысқы туризмінің жалғыз мақтанышы болып тұр. «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі құрылғалы аумақта бұрынғыдай бей-берекет ағаш кесу жоқ, аңшылық пен орман өрті азайғанын мамандар айтады. Қазір парктен топ-тобымен жүрген тауешкі мен еліктерді, үйірімен жүрген  арқарларды көруге болады екен. Тіпті, Қызыл кітаптағы жойылып бара жатқан аңдар түрінен алынып тасталғанына көп болмаған қар барысы да осында кездеседі. Осындай табиғат байлықтарын үркітіп алмайтындай етіп көзбен көріп тамашалауға, отбасылық демалыстар ұйымдастыруға қолайлы жағдай неге жасамасқа? Тау шаңғысы маусымның қысқалығына байланысты нәтижесіз болса қансонар, ат ойындары түрлерінен де демалыс жасауға болмас па?

Жақында елімізде үздік инспекторларға, орманшылар мен табиғатты қорғауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін сақтау саласындағы “Елім-ай” сыйлығы берілді. Он алты номинация бойынша саладағы үздік мамандар анықталып, экология жанашырларына арналған шара енді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа арнаған Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін айтқан болатын. Ал 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерде экотуризмді белсенді дамыту қажеттігіне тағы да тоқталды. Жоғарыда айтқан мәселелер алдағы уақытта республикалық деңгейде шешіле жатар деген үміт жоқ емес.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған