Білім ұялары бос, ал орталықтар оқушыларға толы
Елімізде карантиндік жағдайдың жарияланғанына сегіз айдың жүзі болды. Содан бері еліміздің Бас санитар дәрігерінен бастап әрбір облыс пен үш мегаполистің бас санитарлары шектеу шараларын енгізу туралы қаулылар қабылдап жатыр.
Бас санитарлардың қаулысына қарасаңыз, көп нәрсеге тыйым салынған. Бірақ соңғы кездері шектеуге шекеден қарап, міндеттерге мойынсұнғысы келмейтіндердің қатары арта бастаған сыңайлы. Той-томалақтар өткізу бұрынғыдай тіршілік қазанын қайнатпаса да апта құрғатып жатқан жоқ. Аламан думандар жеке үйлерде де, тойханаларда да аталып өтілуде. Әрине, тиісті құзырлы органдар шамасы келгенше айыппұл салып, алдын алғысы келгенімен, әлі де айылын жимайтындар жетерлік. Мәселенің той барысында «шешіліп» жатқаны жайында да қауесет аз емес.
Карантиндік жағдайға байланысты өткен оқу жылының төртінші тоқсанынан бастап оқушылар қашықтан білім алуда. Мұның да мың сан мәселесі жайында жиі айтылып жүр. Бүгінде білім ұялары бос тұрғанымен, оқушылар түрлі дайындық курстарына, орталықтарға, үйірмелерге барып жүргенін жасыра алмаймыз. Әрине, білім алуға ұмтылған балалардың бұл әрекетіне қуанасың ғой, бірақ пандемияны қайда қоямыз? Әлгі орталықтардың көпшілігінде санитарлық талаптардың сақталмайтыны айтылады. Куә болған азаматтардың сөзіне сенсек, ондай орталықтарда дезинфекциялық өткел былай тұрсын қарапайым антисептіктің өзі қойылмаған, бетпердесіз оқушылар бір-бірімен иық тіресе отырады екен.
Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық деген ұстаныммен біз Шымкент қаласындағы бірнеше орталықтардың табалдырығын аттадық. Соның бірі – «Балауса» ҰБТ-ға дайындық оқу орталығы. Есіктен енгеннен-ақ санитарлық талаптардың сақталмайтыны бірден байқалды. Ешқандай оқушы бетперде тақпаған. Олар кәдімгі екі орындық партада иық тіресіп қатар отыр. Мұғалім де бетпердесіз сабақ өтіп жатыр. Сонда Бас санитардың қаулысы қайда қалды, шектеу шаралары қане?
Осы сауалдарды өзін «Балауса» орталығының бас кураторымын деп таныстырған Айнұр Есімханқызына қойдық. Ол кісі тиісті рұқсаттары бар екенін, өзі тексергенде оқушылардың бетперде тағып отыратыныы айтты. Бірақ, бұл жауап бізді қанағаттандырмады. Сол себепті Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне баруға тура келді. Мақсатымыз – қаланың бас санитарлық дәрігері Әбдіманап Төлебаевтың 6 қараша күнгі Шымкент қаласының аумағында карантиндік, шектеу шараларын ұзарту туралы №42 қаулысының орындалуын бақылау барысын білу болатын. Бізді қабылдаған департаменттің бөлім басшысы Роза Ақанова өзіне бағытталған сұраққа байланысты төмендегідей жауап берді: «Сіз айтқан қаулының 3.14 тармағындағы «Балалар коррекциялық-түзету кабинеттерінің/орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтарының қызметіне 15 адамнан аспайтын, алдын ала жазылу бойынша, ҚР БМСДҚ №57 қаулысының талаптары сақталған жағдайда қалыпты режимде рұқсат етіледі», – деп көрсетілген. Ол үшін дезинфекциялық өткел мен төсеніш, антисептик құралдары орнатылып, бетперде тағылуы, сондай-ақ арақашықтықтың сақталуы міндетті. Орталықтардың жұмыс істеуіне рұқсат жоқ кезде барлығы сол талаптарды орындайтындарын айтып, өтінді. Қалалық әкімдік, білім басқармасы, басқа да жауапты мекемелердің рұқсатын алғаннан кейін ойларына келгенін істеуде. Мұндай жағдайда біздің ескерту айтып, түсінік жұмыстарын жүргізуден артық құзырымыз жоқ. Карантин талаптары сақталмаған жағдайда тиісті хаттама толтырып, айыппұл салу полицияның құзыретіне жатады. Қаладағы төрт ауданда әкімдік, полиция, кәсіпкерлер палатасы мен біздің қызметкерлерден құрылған 16 мобильдік топ жұмыс жүргізуде. Олар күн сайын рейдтерге шығып тұрады. Қала аумағының үлкендігінен жұмыстарын үлгере алмай жатқаны да рас. Жалпы, кез келген жұмыс істеп тұрған мекеме карантин талаптарын орындауға міндетті».
Санитарлық қадағалау саласы маманының сөзіне қарағанда қаулы Бас санитардың атынан шыққанымен, оның орындалуын бақылауға өзі де қауқарсыз екен. Басқаша айтқанда, шектеу қойылғанмен оны міндеттеген мекеме басшысы, қызметкерлері шара көре алмаса, мұндай құзырлы органнан не үміт, не қайыр? Сонда біз әлемді алаңдатқан індетпен қалай күресіп жүрміз? Бұл көзбояушылық па, бақылаусыздық па? Шектеу талаптары сақталмаса, карантинді әрі қарай да ұзарта берудің қандай маңызы болмақ? Заң орындалуымен құнды. Орындалмайтын заң кімнің көсегесін көгертпек?