Ел басына қиын күн туғанда ақ халатты абзал жандар барынша жанқиярлық танытып, өздерінің жоғары құрметке лайық екендіктерін дәлелдеді. Әрине, бес саусақ бірдей емес, дегенмен, дәрігерлердің арасында өз ісіне шынайы берілген, білікті де білімді мамандар аз емес. Солардың бірі ретінде Отырар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрген Гүлзира Әжіқабұлованы (суретте) айтуға болады. Гүлзира ханым өзіне тиесілі міндеттен бөлек, ауданда дәрігерлік кеңестің төрайымы қызметін де қоса атқарады. Бұл – денсаулығына байланысты мүгедектікке шығатындарды көріктен өткізу қызметі болып табылады, яғни кімге қандай мүгедектік топ берілетінін анықтайды.
Гүлзира Өтебайқызы туралы Темір ауылының тұрғыны Бегімше Ибрагимов былай дейді: «Мен осы кезге дейін дәрігерлер туралы талай жақсы да, сыни да пікірлер естіп жүрмін. Олардың арасында өз ісіне толық беріліп, жұмысын абыроймен атқаратындардың бар екенін ел-жұрт біледі. Сондай ел алғысын арқалап жүрген азаматшаның бірі Гүлзира Әжіқабұлова деп білемін. Мен қазан айының соңғы күндері ауылымыздағы Ділдәгүл Қалмұратова есімді кейуананың жұмысымен ауруханаға бардым. Ол кісі екінші топтағы мүгедек болатын. Күйеуі де, баласы да жұмыссыз. Сол Д.Қалмұратованы бірінші топқа өткізуге қаншалықты мүмкін екенін сұрадым. Г.Әжіқабұлова науқастың жағдайын тексеру керектігін айтты. Бірақ Д.Қалмұратованың орнынан тұра алмайтын халде екенін білгеннен кейін мамандарына тиісті тапсырма берді. Олар науқастың жағдайымен толық танысып, бірінші топ мүгедектігін беруге болады деген ұйғарым жасады. Өмірлік бірінші топ мүгедектігін алу үшін Шымкенттегі ортопедиялық орталыққа барып, дәрігерлік тексеруден өту керек екен. Д.Қалмұратованың ондай мүмкіндігі болмағандықтан, сауап үшін өз көлігіммен Шымкентке алып келдім. Қаладағы мамандар тексеріп, тиісті қорытындысын жазып берді. Солай Г.Әжіқабұлованың көмегі арқасында Д.Қалмұратоваға қараша айынан бастап өмір бойы бірінші топ мүгедегі ретінде жәрдемақы төленетін болды.
Мен осы жерде Ділдәгүлдің жүріп-тұруына демеушілік жасап келген ауыл әкімі Жандос Қуатбеков пен ауылымыздың кәсіпкері Нұрлыбек Дербісовтің де азаматтығын атап өткім келеді. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған мұндай жомарт жандарға қандай алғыс айтсақ та жарасады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Отырар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Әжіқабұловаға жұмысыңыз алға басып, абыройыңыз арта берсін дегім келеді. Бір адамның осындай игі ісі бүкіл дәрігерлердің абыройына абырой қосатыны даусыз».
Отырарда Г.Әжіқабұлова секілді халықтың қошеметіне бөленіп жүрген дәрігерлер аз емес. Арамызда осындай мамандар барда уайым да жоқ, көңіл де тоқ.