Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » «Төлемде» талай түйткіл бар

«Төлемде» талай түйткіл бар

немесе «теңгең болмаса, түсіп қал!»

     Шымкенттегі қоғамдық көліктерге «төлем» картасының енгізілгеніне де біраз болды. Жаңа жүйенің құрылғылары автобустарға орнатылып, жұмысын бастамай тұрып оның жарнамасы жаңғырды. Алайда, жолаушылар арасында әлі де жүйедегі шикіліктер туралы арыз-шағым көп. Бұл жаңалықты жатырқаған жұрттың көңіл толмаушылығы ма әлде шын мәнінде жаңа қондырғылар «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» нақ өзі ме? Біз бұған көз жеткізіп, анық-қанығын зерттеу үшін қала ішіндегі бағыттарға қатынайтын қоғамдық көліктерге жолаушы кейпінде мініп, аралап көрген едік.

 

Алдымен №113 бағыттағы автобусқа міндік. Қоғамдық көлікке орнатылған қондырғы жолаушылардың көзіне бірден түседі. Көлікке біз төлемді карта арқылы жасадық. Бірақ, байқағанымыздай, жолаушылардың барлығы бірдей жаңа жүйемен емес, қолма-қол төлеп жатты. Автобусқа немересін жетелеген көрші апамен бірге мінген едік, ол мектеп жасындағы балаға 35, ал өзі картасы болмағандықтан қолма-қол 70 теңге төлем жасады.

Біз бағытымызды әрі қарай №89 бағыттағы «Газель» автокөлігінде жалғастырдық. Иін тірескен жолаушыға лық толы көліктің есігіне «төлем» картасының фотосы бар афиша ілінген. Бұл жолаушыларға тек картамен төлеу міндет екенін ұқтырып тұрғандай. Алайда, қоғамдық көлік ішіндегі әрекет оған сай болмай шықты. Кондукторға жолақы беру үшін сөмкемізден картаны шығара бергеніміз сол-ақ екен, ол «бізде қондырғы орнатылмаған, тиынмен бере беріңіз», – деді. Біз әдейі қолма-қол ақшамыздың болмай тұрғанын, карта арқылы төлем жасаудан басқа амалымыз жоқ екенін айтқан едік, түр-келбеті бірден өзгерген кондуктор дік-дік етіп «онда түсіп қалып, келесі автобусқа мініңіз» демесі бар ма? Кондукторға ол үшін жолаушының кінәсі жоқтығын, қоғамдық көлікте қондырғы орнатылмаса жолда қалуға тиіс емес екендігімізді сыпайылап алға тартқанымызда аз ғана жібігендей болған ол «енді бәрі бірден болмайды ғой, жайлап-жайлап үйренеміз» деп, бәрібір өзінің әрекетін дұрысқа шығарғандай болды. Біз ары қарай сөзді созбадық. «Газельден» түсіп, бағытымызды жалғастырдық.

№4 бағыттағы автобусқа мінгенімізде де ұзын автобустың соңғы жағына жетіп келген кондуктор бірден қондырғының жұмыс істемей тұрғанын ескертті. Біз де «карта арқылы болмаса, нақты тиынымыздың жоғын» айттық. «Онда қазір көрейінші» деп кері бұрылған ол автобус жүргізушінің қасында тұрған қондырғыны алып келді. Лезде «істеп қалыпты ғой» деп картадан жетпіс теңге жолақыны «шешіп алды». Біз істемейді деген қондырғының секундтар ішінде қалай «жұмыс істеп» кеткеніне таңқалдық. Кондуктордан егер қондырғы істемегенде қанша теңге төлейтініміз жайындағы сұрағымызға «70 теңге» деп жауап берді. Санап отырдым, «Ордабасы» аялдамасынан «Баян сұлуға» дейін автобусқа мінген он үш адамның арасында «төлем» картасымен төлеген жалғыз мен болдым. Бұдан кейін «Нұрсәтке» дейін мінген жиырма шақты жолаушының ішінде де жаңа жүйемен төлем жасаған бірде-бір адам болмады. Барлығы да қолма-қол ақшамен төлеуде.

Өзіміз көріп, көз жеткізгендей, автобустарға енгізілген «төлем картасының» әзірге аты бар болғанымен, заты түгел болмай шықты. Бұған жаңа жүйеге үйрене алмай жатыр деп жолаушыларды кінәлауға болмайды. Кондукторлардың өздері жолақыны қолма-қол ақшамен алуға құмбыл болып тұр. Әйтпесе, №113 бағытта көргеніміздей, кондуктор неге картасы жоқтардан жетпіс теңге емес, тиісінше жүз теңге талап етпеді? Сонда отыз теңге үнем жасауға асығатын жолаушы ұдайы қалтасы қағылмас үшін ертерек «төлеммен» төлеуге әрекет жасамас па? Ал «Төлеммен» төлеу мен қолма-қол төлеудің айырмашылығы болмаған жағдайда жолаушылардың да картаны алуға құмбыл болмасы анық. Сондай-ақ, төртінші бағыттағы автобус неге картасы жоқтардан жүз теңге алмайды және картасы бар жолаушыға не үшін «қондырғы істемейді, тиын беріңіз» деп жалтарғысы келді? Сорақысы сол, №89 бағыттағы кондуктор біздің орнымызда басқа бір жолаушы болғанда оны картасы бар, бірақ ақшасы жоқ болғандығы үшін жолда көліктен түсіріп кетер ме еді?

Біздің көрген-білгенімізді жұмысқа күнделікті қоғамдық көлікпен қатынап жүрген жолаушылар да растайды.

– Кондукторлар қондырғы істемейді деп, тек нақты ақша талап етеді. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері картамен мүлде төлем алғысы келмейді. Бұл олардың өз қалтасын қампайтары анық. Мен №113 бағыттағы автобусқа күнде мінемін. Қаланың қақ ортасында қатынайтын автобустың өзінде шикілік көп. Бірақ, бір жайды айта кетейін, жақында қондырғы шынымен жұмыс істемей қалып, жолаушылар соңғы аялдамаға жеткенде барып іске қосылды. Мұндай жағдай да шын мәнінде орын алып тұратынын жоққа шығаруға болмайды, – дейді Қалдыгүл Тұрлыбекқызы есімді жолаушы. Ал, №108 автобус бағытында жұмысқа қатынайтын Ғажап Қалшабекұлы:

– Автобус ішінде аппараттар кейде жұмыс істемей қалады. Кейде кондукторлардың өзі қолма-қол бере салыңыздар деп қулыққа басқысы келеді. Мұндайда «істетіп қойыңыздар» деп уәж айтсақ, «оны бізге емес, әкімшілікке айтыңдар» деп шығады, – дейді.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен тәжірибеге енгізілген бұл жүйенің қоғамдық тасымал сапасын арттыруға бағытталғанында талас жоқ. Егер жүйе толығымен талапқа сай жұмыс істейтін болса, шынында да жолақы кондукторлар мен жүргізушілердің қалтасына емес, нақты діттеген жеріне түсіп, сапаны жақсартуға қызмет етері сөзсіз. Алайда, «әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» демекші, жақсы бастама кондукторлардың қулығы салдарынан толықтай іске аспай жатыр деуге болады. Мұны тиісті сала қызметкерлерінің өздері де қарапайым жолаушы кейпінде күніне бір-екі сағат болса да қоғамдық көліктерге мініп көрсе, көз жеткізеріне күмәніміз жоқ. Бәлкім, бұл бақылаудың әлсіздігінен болар? Ендеше мұндай ретсіздіктерге байланысты тиісті басқарма басшылығы не айтар екен?

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика