Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Мəдениет жəне өнер » Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы

Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы

Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған аудандары Түркістанның теріскейіндегі Созақпен ежелден «ауылы аралас, қойы қоралас»,  жекжат-құдалас, көршілес жатқан мекен. Бірде жолым түсіп, түкпірдегі Ақсүмбеде жаңақорғандық Алшынбай Түртанов есімді ағамызбен дәмдес, дастарқандас болып қалдым. Ойы сергек, сөзге шешен, көпті көрген зерек кісі екен. Талай жыл партия, кеңес қызметінде, тәуелсіздік жылдары мемлекеттік қызметтер атқарған. Әңгіме үстінде Түркияға барып, Ыстамбұлға сапарлап қайтқанын, Мұстафа Шоқайдың көзін көріп, қанатының астында қамқорлығын сезінген бауырласымыз туралы айтты.

— Түркияға баратынымды естіген ақтөбелік Роман Рақиев есімді таныс туысым хабарласып, сонау 1939 жылдары сол жақта қалып кеткен туысының амандығын біліп келуді аманаттады, — деп бастады әңгімесін Алшынбай аға. —Қызылорда қаласынан ұшаққа отырып, бес сағатта Ыстамбұлға табанымыз тиді. Мәрмәр теңізін жағалап, есте қаларлық демалыс жасадым. Бір-екі күннен кейін Роман бауырымның аманатымен қандас ақсақалды тауып алдым. Үйінде екен, қария өте ширақ болып шықты. Атамекенін шынында 1939 жылдан бері көрмепті. Мені жақсы қарсы алып, әңгімеміз жараса кетті. Екеуара әңгімемізді бейнетаспаға түсіріп алған едім. Толық нұсқасы тарихшы Бүркіт Аяғанда болатын.

Ақсақал 1917 жылы туылыпты, жасы сол кезде 99-да болды. Бала кезінде әкесі жаттатқан жеті атасын ұмытпаған екен, мүдірмей айтып шықты. Кіші жүз Шөмекей, Шөмекейдің ішінде Аспан, Әкесі Әбсалам, Төремұрат, Алмат, Тобаберген, Киікбай, Қалап, Бекет. Өзі музыкант екен. 1939 жылы Алматыдағы консерваторияны бітіріп, әскерге алынады. Польшаның Брест-Литовск қаласы маңында тұтқындар лагеріне түседі. Ол жерден шығу мүмкін емес, алда тек өлім сағаты ғана тосып тұрған еді. Бірде тұтқындар лагерінің бастығы, неміс офицері мұның құжаттарын қарап отырып музыкант екенін, скрипка тартатынын білді. Ал, офицердің өзі рояльде ойнайтын музыкант екен. Ол жоғары басшылыққа тұтқындар арасында талантты музыкант қазақ жігіті бар екенін, оның қолына қару емес, скрипка беру керектігін айтып хат жазады. Өнер адамының қолынан кісі өлтіру келмейтінін, оның таңғажайып өнерін тамашалаушы тыңдармандары бар екенін, сол себепті тұтқынды босатып, музыкалық білімін арттыру керектігін сұрайды. Көрер жарығы мен татар дәмі бар қазақ баласы осылайша тұтқыннан босайды. Бірақ, жат елде, жырақта қалып қойған оның кеудесінде сағыныш пен өксікке толы өкініш мәңгі беріш болып қатқан еді. Әлгі неміс офицерімен бірге түрлі кештерде концерт қояды. Берлин консерваториясында әйгілі қазақ скрипкашысы Әйткешпен кездесіп қалады. Ол екеуі отызыншы жылдары Алматыдағы музыкалық техникумда алғашқы ұстаздары И.А. Лесманның қабылдау емтиханына жиырма шақты талапкердің ішінен іріктеліп алынған еді. Оның бірі үлкені Ғалымжан, екіншісі Әйткеш болатын. Екеуі бір-біріне ағалы-інідей жақын болды. Ғалымжанның Әйткештен жеті жас үлкендігі бар, кейін Париж консерваториясының түлегі Е.П. Антопольскийдің класына ауысып кетеді. Соңғы рет бірін-бірі соғыс жылдары Вена қаласында көреді. Ғалымжан кейін аты-жөнін Әлім Алмат деп өзгертеді. Жарты ғасырдан соң, яғни 1994 жылы Алматы қаласында Тәңірдің жазуымен қайта қауышады. Кеңес әскері Берлинді басып алғаннан кейін Әлім Австрияның Вена қаласына көшеді. Кейін Францияға кетеді. Сонда Париж қаласында көп жылдар тұрақтап қалады. Осы жылдарда Мұстафа Шоқайдың үйінде тұрып, оның әйелі Мария Яковлевнаның қамқорлығын көп көреді. Генерал Ермоловтың қызы болып табылатын  бұл әйелмен алаш арысының ортақ балалары болмаған.

– Бірі христиан, бірі мұсылман бола тұра олар бір-бірінің дінін, салт-дәстүрін құрметтейтін озық ойлы, парасатты тұлғалар еді. Менің консерваториядағы оқу ақыма, жатын орыныма, ас-ауқат пен киім-кешегіме ақшалай көмектесіп тұрды. Өзімнің туған нағашым әйгілі алаш ардақтысы Темірбек Жүргенов болатын. Оны атып тастады. Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбет те туысымыз еді. Ол 1891 жылы Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болған. Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы, Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1930 жылы бірінші орынбасары, кейін Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің төраға қызметтерін атқарған. Республикада өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына, Қазақ жеріндегі алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселе көтерген. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссия төрағасы болды. Ол қызмет атқарып тұрған кезде Қазақ автономиялық республикасы Одақтың республика мәртебесін алып, Қазақ ССР Конституциясы бекітілді. Ал, қайраткер тұлға Әліби Жангелдин менің әкемнің досы еді. Революция кезінде Әліби Жангелдинге әкем көп көмек берген екен. Мен консерватория бітірген соң соғысқа алынып, бір жарым жыл пленде отырдым, — дейді Әлім ақсақал көзіне жас алып. Тұтқында болған қария өзінің жалғыз ұлы Төре, келіні Фусун және қос немересі бар екенін айтты. Олардың бірі Швейцарияда, екіншісі Голландияда университет бітірген. Қазір Австрияда қызмет етеді екен. Ал Әлім ақсақалдың қолында үй күтушісі Карина есімді армян қызы бар екен. Ол түрікше жақсы сөйлейді. Ол да революция кезінде шет елге бой тасалап келген армян азаматының қызы болып шықты. Ана тілін ұмытқан.

— Біз атамекенімізде болып жатқан  үлкен өзгерістер мен жаңалықтарды қуана тыңдаймыз, көріп мақтанамыз. Кеудемізді шаттық кернейді, — дейді жүзіне бір сәт шуақ ұялаған қарт тұтқын. Әлемнің барлық елдерінің үлкен концерт залдарында ұлы композиторлардың шығармаларын орындаған, талай ақсүйектер мен танымал тұлғаларға қазақ ұлтының талантын паш еткен қарт абыз Алшынбай аға әңгімесінің соңында бір ауыз сөз айтыпты.

— «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғанға» ештеңе жетпейді екен. Елге сәлем айтыңдар! Ырғызға, Ақтөбеге, жаңа астанаға, Қызылорда, Алматыға, бәріне, бәріне, жалпы қазақ даласына дұғай сәлем! Ел аман, жұрт тыныш, есен болсын. Атың өшкір қу соғыс болмасын! — деп көзінен жас төгілген қарияны Алшынбай аға жұбата алмай қоштасыпты.

Автордан: Өкініштісі, күтуші армян қызы Каринаның хабарлауынша азан шақырып қойған аты-жөні, тегі бойынша Ғалымжан Әбсаламов, қазақтан шыққан талантты скрипкашы, алаш арысы Темірбек Жүргеновтің туған жиені Әлім Алмат Ыстамбұл қаласында 101 жасында өмірден озыпты. Ол Түркияға Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың кеңесімен Франциядан қоныс аударған. Денесі Ыстамбұлдағы мұсылмандар зиратына жерленген.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика