Төлеби ауданының Көксәйек ауылында алпыс жыл бойы мамандар даярлап келе жатқан кәсіптік-техникалық оқу орны бар. Соңғы төрт-бес жылда осы білім орнының «тамырына қан жүгіріп», жаңа тынысы ашылды деуге болады. Өзге тұрмақ, ауылдықтардың өзін таң-тамаша қалдырған бұл өзгеріс басшылыққа іскер азамат Болат Жанәбілов келгелі басталды.
Болат Серікұлы тау етегінде жатқан ауылдық училищеге қызметтің бірнеше сатысынан өтіп келді. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған ол алдымен жастарға жағдай жасау мақсатында жұмысқа білек сыбана кірісті. Облыс бойынша кондитер және аспаз мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орнында әуелде небәрі екі плиталы ғана қарапайым газ пешімен сабақ өтілетін. Асханаға әлемдік мейрамханалардың ас үйінде кездесетін, құны 167 миллион теңгелік құрылғы алынды. Бұл аядай ғана ауылдан түлеп ұшқан маман өркениетті елдердің асханасында да жұмыс істей алуына жасалған жағдай деуге болады. Сонымен қатар, жазғы асхана да кеңейтіліп, қайта бой көтерді. Әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған ескі гараж бұзылып, орнына жаңасы салынбақ. Жаңадан пайдалануға берілген нысандардың ішінде жастарға ең пайдалысы – жазғы спорт алаңшасы болып тұр. Бұрын көмір мен темір қалдықтарына көміліп, бос жатқан жерді денешынықтыру алаңына айналдырды. Ал, есігін құлып күзеткен колледж ішіндегі спортзалды әктеп, сырлап, қазір оның игілігін студенттер ғана емес, ауыл жастары да көруде.
Іскер басшы түстен кейін қолы бос оқушылардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында аудандық спорт мектебімен келісіммен жұмыс істеуде. Яғни, спорт мектебінің меншігінде оңды жаттығу залы болмағандықтан, спортшылар оқу орнының нысанын пайдаланады әрі студенттерді тегін жаттықтырады. Есік ауыл жастарына да ашық. «Сегізінші март», «Көксәйек», «Қазақстан» елді мекендерінің жастары бүгінде бос сенделісті қойып, колледждің спорт залына жиі бас сұғатын болған. Тіпті, нысанда жаттығушы Көксәйек ауылының волейболдан қыздар құрамасы былтыр Еуропа біріншілігіне дейін жолдама алған. Тегін жатақхана, тұрақты шәкіртақыдан бөлек тұл жетім оқушылар төрт мезгіл киіммен толық қамтылады. Студенттердің үйлеріне барп келу жолақысы да есепшоттарына аударылып отырады. Кірсең шыққысыз әсер қалдыратын мәжіліс залы, ғимарат ауласына салынған жазғы сахнадан жаңашылдықтың лебі еседі.
Осының барлығы артық шығынсыз, студенттер мен оқытушылардың өз қолымен жасаған дүниесі. Мәселен, бос жатқан темір-терсек қалдықтарын қоқысқа лақтырмай жинап, кейін колледждің дәнекерлеуші мамандарының алтын қолымен тұрғызылған жазғы сахна жастарды мәдениетке шақырады. Колледж аумағына қарасты төрт-бес гектар бос жатқан жерді игеріп, ноқат егіп, жастардың өз еңбегімен тапқан бір миллион теңге табысына жүрмей тұрған техникаларға қосалқы бөлшектер мен дөңгелектер сатып алып, істің көзін тапқан да осы Болат Серікұлы. Сайрамсу өзенін жағалаған жергілікті тұрғындар қоқыс қалдықтарын жағаға шығаратын сайға да тал егіп, асфальттатып, автотұраққа айналдырып қойды.
Бұрынғы училище колледж болып жаңғырып, студенттер саны көбейді. Кәсіби маман иелеріне сұраныс артты. Елімізде ең жас комбайншылардың өзі елу мен алпыс жас аралығындағы жүргізушілер болып қалды. Орақ науқаны кезінде олардың қызметіне жергілікті тұрғындар кезекке тұрып, тіпті, көрші өзбек елінен комбайншы жалдап жатады. Міне, осындай таптырмас маман иелерін даярлайтын бірден-бір оқу орны да Көксәйек кәсіптік-техникалық колледжі. Мұнда қазір жаңа трактор, техника түрлері әкелініп, жастарға үйрену мүмкіндігі жасалуда. Әсіресе, аспазшыларға талас тіпті көп. «Пионер» кәсіпорны студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізіп қана қоймай, тәжірибе бөлісіп, әрі оларға жалақы төлеп, тұрақты жұмысқа да орналастыруда. Осындай оң өзгерістерден кейін бұрын иек астында тұрса да, баласын колледжде оқытқысы келмейтін жергілікті тұрғындар қазір ұл-қыздарын осында өздері жетелеуге құмбыл. Биыл колледжде алғаш рет туризм, оның ішінде гид мамандарын оқыту қолға алынды. Бұл да тау баласын өзі өскен сай-сала тарихын білуге жасалған әрекет.
— Президент алдағы үш жылда үздік 180 колледж құрылатынын айтты. Біздегі барлық білім беру процесі осы талапқа сай болуы керек. Қазір білім саласы бойынша әлемде алғашқы орындағы Финляндиямен әріптестік байланыс орнатудамыз. Кейінгі кезде колледждер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сенімгерлік басқаруға берілуде. Менің ойымша, жекеменшік басқаруға тірлігі тұралап жатқан оқу орындарын ғана жағдайын жақсарту мақсатында беру керек. Ал, аяққа нық тұрған, мүмкіндігі зор колледждер мемлекет меншігінде болғаны тиімді, — дейді Б. Жанәбілов.
Жасыратыны жоқ, бұрын жатақханасынан ауыл жігіттері қыздарды алып қашып, студент ұлдарды жұмысқа жегіп қоятын жағдайлар да болатын. Ал қазір колледжде бірыңғай тәртіп орнаған. Жан-жағы қоршалып, ұшқан құстан өзге бөтен ешкім рұқсатсыз кіре алмас жағдай жасалған. Танымастай өзгерген колледжді аралап көріп болғаннан кейін біз директордың кабинетіне бас сұқтық. Қарапайым ғана жабдықталған, ескі үстел мен екі орындықтан артық ешнәрсе көзімізге түспеді.
— Барлық жағдайды алдымен жастарға жасайын дедім. Басшылыққа келгелі үш жыл болса да өзімнің жұмыс кабинетіме көңіл бөле алмауым сондықтан. Енді ғана пердесін ауыстырып, жөндеу жасамақпыз, — деді директор.
Бүгінде көксәйектіктер қаладан келген іскер басшыны өз баласындай көріп, «Біздің Болат» деп айтады. Ауыл колледжін алты жасар Алпамыстай күн санап өсіріп, аз уақытта-ақ көркейткен Болаттай азаматтар әр ауылға керек-ақ!