Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Дін мен дəстүр » Тілі жаңа шыққан немерем бесік жырын жатқа айтады

Тілі жаңа шыққан немерем бесік жырын жатқа айтады

«Өзге пікір» газетінің өткен сандарының бірінен «Әлди жыры жоғалып барады» деген мақаланы оқыдым. Басылым өте өзекті мәселені қозғаған деп ойлаймын. Өйткені бесік жырының құдіретіне өзім көз жеткізген оқиға бар еді.

Менің бір немеремнің тілі кеш шықты, бірақ бірден жатық сөйлеп кетті. Бір күні былдырлап ән айтқандай болды. Жайлап құлақ салсам, сізге өтірік, маған шын, тілі жаңа шыққан немерем бесікте жатқанында мен айтып беретін әлди жырын түгел жатқа айтып отыр.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Ақ бесікке жатқан соң,

Тәтті ұйқыға бат бөпем.

Тәтті ұйқыға батқан соң,

Тәтті түстер көр бөпем.

Түсіңде айға қона ғой,

Шоқ жұлдызын ала ғой,

Шоқ жұлдызын алған соң,

Жерге қайтып қона ғой.

Айың тусын оңыңнан,

Күнің тусын солыңнан.

Жарқырасын жұлдызың,

Жолың болсын оңынан, —деп түгел айтып отыр. Таңқалғаннан қасына барып: «Бақдәулет, бұл өлеңді қайдан білесің?» десем, немерем маған «Сіз маған бесікте жатқанымда күніге айтып бердіңіз, содан біліп алғам» дейді. Мен жағамды ұстап, таң қалдым. Сонда бала сөйлемесе де, айтқан бесік жырын миына тоқып алады екен. Сенсеңіздер, өлең шумағының бір жолын қалдырмай түгел айтып отыр. Осыдан кейін ұлттық тәрбиеміздің құдіретіне қалай таңқалмассыз, ата-бабаларымыздың даналығына қалай бас имессіз? Сондықтан бесік тербетіп отырған аналар мен әжелерге оған немқұрайды қарамауды, мәні бар, тәлімі бар ән айтып тербетіңіздер дегім келеді. Ал, газет ұжымына бүгінде жоғалып бара жатқан құндылығымызды қайта оятуға деген құлшынысы үшін алғыс айтамын.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика