Осыдан үш жыл бұрын ақпарат айдынында Төлеби ауданында «Даму» қорының қолдауымен жалпы құны үш миллион теңге грант ұтып алған ағаш ұстасы туралы хабар кеңінен тараған еді. Ол Ақбастау ауылында тұратын жас кәсіпкер, ағаш ұстасы, қолөнерші Абзал Әлихан болатын.
Жалпы, мемлекеттік грантпен берілетін қайтарымсыз қаржылар өз иесін тауып жүр ме? Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында қолға алынып жатқан бағдарламалардың шарапатын олар қаншалықты сезінуде? Біз осы мақсатпен Абзалдың ауылдағы шеберханасына арнайы барған едік.
Абзалға ұсталық өнер әкесі Сабырханнан дарыпты. Ал, Сабырхан аға өзінің әу баста қолөнерге ебі жоқ болғанын айтады. Өнерге, музыка мен домбыраға үйір болған ол жоғары оқу бітіріп келгеннен кейін аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс істейді. Бірақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау кезінде қысқартуға ұшырап, базар жағалап кетеді. Бірде Шымкенттегі Қырғы базарға бидай апарып жүргенде оның көзі бір шаштараз жігіт сатып тұрған домбыраға түседі. Аспапты қолына алып, шерткен ол кімнің жасағанын сұрайды. Сатушының қасына әдемі киінген, бойынан зиялылықтың лебі есетін жігіт келеді. Әлгі домбыраларды жасап жүрген сол екен. Сабырхан ағаның домбыра шертісін байқап, өзінің ұстаханасына шақырады. Қолы шаруадан босаған, нағыз қысқы уақыттың өзі еді. Ол бейтаныс жігіттің ұсынысына қуана келіседі. Сөйтіп, шеберханадан бір-ақ шыққан ол бірте-бірте домбыраның жасалу жолын ұғынып, ұсталарға көмектесіп жүріп, өзі де меңгеріп алады. Осылайша қолөнерді кәсіпке айналдырыпты.
Бұл кезде Абзал он жас шамасында еді. Шеберханадан шықпайтын әкесін айналшықтап, қасынан бір елі ұзамайтын. Сабаққа қарағанда қолөнерге қатты қызығатын. Есейе келе әкесінен компьютер әперуін сұрады. Сөйтіп, ақпаратты техникадан ою-өрнектердің жасалу жолы, тағы басқа қолөнердің қыр-сырын меңгеріп алады. Мектеп қабырғасында қолдан ұшақ, кәдесыйлар жасап, түрлі жарыстарға қатысып, аты таныла бастайды. Ержетіп, әкесіне біржола қолқанат болғаннан кейін адал еңбек, маңдай тердің арқасында жетістіктерге жете бастады.
— Алдымен шеберханамыз кеңейді. Жаңа үй салып, Абзалды аяқтандырдық. Кейін ұлым «Көке, барлығын компьютермен атқаратын станоктар бар, соны алсақ жұмысымыз жеңілдейді әрі сапалы болады», – деді. Ол станокты алу да оңай емес екен. Алдында тапсырыспен фитобөшке жасап көргенбіз, соны инновациялық жоба ретінде қорғап, құжаттар жинап, алған бетінен қайтпай грантқа қол жеткізді, — дейді.
Жас қолөнерші «Даму» қорының грантын дәл осы фитобөшке жасауға арналған инновациялық жобасын қорғап ұтып алған болатын. Бұл жоба әкелі-балалы ұсталардың ойына қалай келген еді? Оның да қызықты оқиғасы бар. Бірде Ақтаудың адамдары пойызбен келе жатып, Түлкібас стансасында қымыз сатып жүрген апаның сусынынан дәм татады. Сөйтіп, бал татыған қымыздың жасалу құпиясы неде екенін сұрайды. Сатушы сонда көп нәрсе ысталған күбіге байланысты екенін айтады. Күбіні жақсы жасайтын ұста ретінде Сабыр ағаның байланыс нөмірін береді. Бес жүз литр күбі жасатқан ақтаулықтар ұстаға кейін фитобөшке жасауға тапсырыс беріпті. Бұрын оны істеп көрмеген ұста ұзақ ізденіс пен толғаныстан кейін алғашқы бұйымды жасап шығарады. Ол үшін «Біркөлік» сауықтыру орталығына барып, арнайы көріп, өлшемін жазып, зерттейді. Кейін демалыс орталықтарынан фитобөшкеге тапсырыс артқаннан кейін қажетті станок алу керек болады. Көзі ашық, жан-жақты жас кәсіпкер Абзал оның да жолын табады. Мемлекеттік бағдарламамен беріліп жатқан қайтарымсыз грантқа қалай қол жеткізуге болатын жолды ізденіп, құжаттар жинайды. Осылайша ұтып алған үш миллион теңгенің екі миллион екі жүз мыңына Алматы арқылы Қытайдан станок алдырады. Оны құру, тасымалдау қызметі, қосымша құрал-жабдықтары мен бұйымға қажетті материалдарды қосқанда гранттан алған қаржыны толығымен игереді.
— Отандық тұтынушылар фитобөшкені әрқайсын екі жүз мың теңгеден сатып алды. Ал, алғашқыда оны Ресейден алушылар алты жүз, жеті жүз мыңға әкелетін. Оны жеткізу құнын қосымша төлейтін әрі құрастыратын адам таппай біраз сенделетін. Ал біз осы сұранысты арзан бағада әрі құрастырып беру қызметімен қоса қамтамасыз еттік. Қазір Астанада, Біркөлікте, Леңгірде, тағы басқа көптеген қалаларда біздің фитобөшкелеріміз жұмыс істеп тұр. Мұның бір қиындығы материалының тапшылығы, оған онша-мұнша ағаш жарай бермейді. Алғашында бөшкеге сұраныс мол болды, қазір кішкене бәсеңсіді. Неге десеңіз, кей заттар белгілі уақытта адамдар арасында сәнге айналып барып, қайта қызығушылығын жояды. Міне, фитобөшке, астау сияқты бұйымдар осындай болды, — дейді Абзал.
Фитобөшкені негізінен емдеу-сауықтыру орталықтарында ем үшін қолданады. Жеке адамдар да тапсырыс беріп, жасатқан екен. Бірақ, ағаш шебері бөшкеге үй жағдайында түсудің пайдасы жоғын айтады. Құрылғыға емделгеннен кейін күтіну қажет, ал үйде оған мүмкіндік жоқ, шаруамен айналысуға тура келеді. Биыл пандемиялық жағдай қолөнершілер отбасының кәсібіне де салқынын тигізді. Алайда, күбі, домбыра сияқты заттарға сұраныс бар. Абзал тек ағаш ұстасы ғана емес, темірден де түйін түйген шебер. Оның қолынан шыққан үстел, тағы басқа ерекше заттарды дәмханалар арнайы имидждік келбетін қалыптастыру үшін жасатады.
— Жалпы, көзін тауып істесең, қолөнер аштан өлтірмейтін кәсіп. Бірақ, ұста екенмін деп, не болса соны жасап, үйіп тастағаннан пайда жоқ. Қай затқа сұраныс бар, соны жасау керек, — деген Абзал алдағы уақытта ата кәсібін кеңейтпек ниетте. Ол үшін ұстахананы ұлғайтып, шеберлер тауып, қажетті құрал-жабдықтарды көбейтуге талпыныс жасауда.