Түркістан облысындағы Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында тұратын Ғажап Қалшабекиннің жасы қазір жиырма үште. Ол былтыр «Жастар жылына» орай мемлекеттік бағдарлама бойынша грант иегері атанып, омарташылықпен айналыса бастады. Алматы техникалық университетін бітірген Ғажап өзінің болашағын осылайша кәсіппен байланыстырғысы келеді. Алдымен аудан орталығы Ленгір қаласындағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалында арнайы курсты тегін оқыды. Маусым айында өзінің ара бағуға арналған кәсіпкерлік жоспарын сәтті қорғап, мемлекеттік грант бойынша берілген 505 мың теңгені иеленді.
Ғажап осылайша өзіне бұрыннан мәлім де беймәлім кәсіпке білек сыбана кірісіп кетті. Жиырма бір жәшік ара сатып алып, оны күзге дейін көбейтті. Қазір 38 жәшік ара бағуда. Өз атына заңды тіркелген жеке кәсіп иесі бүгінде еліміздегі ең жас омарташылардың бірі. Ғажапты омартамен айналысуға бағыттаған әкесі Қалшабек те бұрын ара бағып, бал өндірумен айналысқан, шаруаның қыр-сырын терең меңгерген жан. Ал, Ғажаптың балына ауылда, тіпті облыстың әр өңірінен сұраныс мол. Өйткені, Көксәйек ауылында тұрғанымен, шаруамен Тянь-Шань тауларының баурайындағы табиғи өсімдікке бай Сайрамсу өзені бойында айналысады. Шырғанақ, тағы басқа сирек кездесетін, түрлі өсімдіктермен қоректенген араның өнімі де денсаулыққа пайдалы болатыны белгілі.
— Әр жәшікте бір ұя ара болады. Қазір аралар қыстап жатыр. Көктем мен күзде оларды тиісінше дәрілейміз. Біздің қазіргі бар мақсатымыз ара жәшіктерін мейлінше көбейту. Әр ұя негізінде 15-20 келі шамасында бал береді. Кей маусымда ара өнім бермей қалуы да мүмкін. Бұл келеңсіз жағдай көбінесе жәндіктердің күтіміне байланысты орын алады. Бірақ, Сайрамсу балын жоғары сұрыпты, сапалы деп ауыз толтырып айта аламыз. Келісі 2500 теңгеден сатылатын біздің өнім әзірше тұрақты тұтынушылардан артылар емес, — дейді омарташы Қалшабек.
Негізінен оңтүстік өңірге ара шаруашылығы таңсық болып келеді. Облыста тіпті, омартамен айналысатын қандастар некен-саяқ десек болады. Ал, Қалшабек омарташы бұл кәсіпті ерте жастан меңгеріпті. Бұрынғы Кеңес Одағы заманында таулы өлкеде ұжымшардың арасын баққан орыс ағайындыларға жәрдемші болған екен. Кейін арада біршама уақыт бұл кәсіптен қол үзіп қалғанымен, қазір заман ыңғайы мен сұранысына сай қайта қолға алуда. Ал, Ғажап омарта кәсібін жаңа нарық талабына сай маркетинг жүйесімен саудалауды жоспарлауда. Ол үшін маркетологтармен тәжірибе алмасып, тұтынушылар нарығын зерттеуге кірісуде.
— Менің Сайрамсу балын жабайы сауда нарығынан жоғары деңгейге таныту туралы үлкен арманым бар. Ол үшін ұялы жәшік санын арттырып, заман талабына сай жарнамасын, тіпті құтысына дейін ойластырып, ұйымдастыру туралы жоспарларым бар. Қалғаны әзірше құпия болсын, —дейді жас омарташы Ғажап.
Бүгінде әкелі-балалы омарташылар еліміздегі әріптестерімен тығыз байланыста. Ватсап әлеуметтік желісінде ашылған арнайы топтағы барлығы 260 омарташы араны күтіп-баптауға байланысты тәжірибелерін бөлісіп отырады. Соңғы кезде ара бағуға қаракөз қандастарымыздың, оның ішінде жастардың да ықыласы артуда. Әттеген-айы, мемлекеттік грантпен іс бастаған Ғажап ара шаруашылығына арнайы субсидия бөлінбейтінін айтады. Әзірше мемлекеттің бұл қаржылай қолдауы ауыл шаруашылығы саласында тек егін және мал шаруашылығымен айналысатындарға көрсетіліп келеді екен. Бірақ, бұл мәселе жас омарташының меселін қайтарып отырған жоқ. Тірлігін дөңгелетіп кету үшін ол кедергілерге мойынсынбай, алдағы мақсатынан айнымақ емес.