2005 жылдың ақпанын ұзатып, көктемге қараған шағын Отырар ауданы Маяқұм ауылының тұрғындары ұмыта қоймас. Бір күннің ішінде Сыр арнасынан тасып, Шардара су қоймасына толып қоя берген еді. Әп-сәтте терезеге дейін жеткен тасқын үйлердің ішіне құйылып жатты. Адамдар арасында дүрлігу басталып, жұрт жаппай қырға қарай жүгіреді. Сөйтіп, Сыр жағасындағы бірнеше ауылды су алып кетіп, күні кеше жайраңдап жүрген адамдар бір сәтте-ақ қорада малы, қолында дүниесі жоқ кембағал болып шыға келеді. Ол кезде аудан әкімі бүгінгі сенатор Қуаныш Айтаханов болатын. Табиғат апатына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Көп ұзамай Елбасының зардап шеккендерге үй салып беруді Үкіметке жүктегенін естіген ауыл адамдарының қуанышында шек болмайды. Жақсы хабар естілмей жата ма? Маяқұмдықтардың да жүздері нұрға бөленіп, бір-бірінен сүйінші сұрасады.
Бұл кезде маяқұмдық Алма Арғынбекованың келесі перзентіне аяғы ауыр еді. «Президенті қамын ойлаған ел қандай бақытты! Ердің тілеуін, ендеше, біз де тілейік. Егер ұл тусам есімін Нұрсұлтан, қыз болса Сара қоямын» деп ойлайды іштей. Осылайша тоғыз ай күткен сәби Сара да дүниеге келеді. Президент тапсырмасымен салынған жаңа ауылдағы ақшаңқан үйге де кірді. Қоныс тойға Елбасы арнайы келіп, көпбалалы отбасы Асан Ерімбетов пен Алма Арғынбекованың үйіне бас сұғып, қолдарынан дәм татады. Сараны қолына алып, маңдайынан иіскеп, батасын береді.
Елбасының ауылдықтардың қоныс тойына ортақтасқаны Құрманбай Қожағұловтың да көз алдында. Сол кездегі Маяқұм ауылының әкімі тізеден су кешіп, ауылдықтарды алапат тасқыннан құтқарған жан. Ол кісі Елбасы ауылға келген жылды былайша еске түсірді:
— Табиғат апатымен жүз күннен астам алыстық. Бабаларымыздың «от пен судан қашып құтыла алмайсың» деген сөзі рас екен. Барлығы бес жүздей адам қолға күрек алып арық қазып, дарияның жағасынан шықпадық. Маяқұмға Қостерек, Бестам, Ешкіқора, Аққұм ауылдық округтері қарайтын. Әр округте қанша адам бар екендігі де күні кешегідей есімде. Тасқын қаупі төнгенде тұрғындарды қаладағы, көрші аудандардағы туған-туыстарына көшірдік. Ал, ол кезде апат қаупі сейілді деп жүргенбіз. Мен аққұмдықтарға азық-түлік жеткізіп беру үшін кеткенмін. Суыт хабар келген бойы кері қайттым. Сел көз алдымызда ауылды шайып кетті. Жанталасып жүріп, бір адамды суға жібермей, аман алып қалдық. Сол кезде күйеуі мал жайғауға кеткен бір келіншек үйінен қолға ілігер ешбір затын ала алмай шыққан. Өзінің аяғы ауыр. Көште жалғыз қалғандай, балаларының амандығына шүкіршілік етуден басқа амалы болмады. Ол келіншек қазіргі Сара қыздың анасы Алма апай еді. Көп ұзамай Елбасы тапсырмасымен жаңа үйлі болды. Ауылдағы ескі қоныстың орны оңалды. Ал, Алма аман-есен аяқ-қолын бауырына алып, нәрестесінің есімін Сара қойған. Қорыққан түбі қуаныш болып, осындай шаттыққа кенелткен Президентке маяқұмдықтардың атынан алғыс хат жазып, қоныс тойға шақырды. Елбасының қарапайымдылығы, елжандылығы болар, ол кісінің шақыруын бірден қабыл алыпты. «Ауылға Президент келеді екен» деген сүйінші хабар алдымен әкімдікке жетті.
Елбасының келген бойда алғашқы сөзі «Ел қалай?» деген сұрақ болды. «Шүкір, сіздің арқаңызда аман» деп жауап бердім. Сөйтіп, маяқұмдықтардың қуанышына ортақтасып, өзі қазығын қаққызған жаңа қонысты тойлаған еді. Президент ауылда дәлме-дәл 45 минут болды. Осы уақытта Сара қыздың үйіне бас сұғып, көпбалалы ана Алманың дастарқанынан да дәм татты.
«Елбасының Маяқұмға арнайы келу құрметіне «Ел бірлігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Мұсабек Дәрменов қария арнайы сөз сөйлейді. Ол Президенттің елге жасаған қамқорлығына алғыс айтты. Осы жылы 4-желтоқсанда Президент сайлауы өтіп, Елбасымыздың қайта сайлануына ауыл халқы жүз пайыз дауыс берді. Кейін екі-үш жылдың ішінде су тасқынын реттеп отыратын қойма салынып бітті. Содан бері ауылдықтар су тасқыны қаупінен құтылып, қорқынышсыз өмір сүре бастады. Қойманың пайдасы зор екендігіне бүгінде көзіміз жетті. Егіске қажетті су жіберіліп, артығы қоймаға сақталып жиналады», – дейді Маяқұм ауылдық округінің қазіргі әкімі Берікбай Иманов өткен күндерді еске алып.
Бүгінде Маяқұм іргесі бүтін елге айналып үлгерді. Ол жерде Тұңғыш Президент маңдайынан иіскеп, батасын берген қыз өсті. Теледидардан Елбасыны көрген сайын «мен Нұрсұлтан атаның қызымын» деп отыратын Сараның отбасы қазір Түркістан қаласында тұрады екен. Елбасының сол келуінде кішкентай Сараға Сара Алпысқызының беріп жіберген сыйлығы — балаларға арналған бесік арба мен тоңазытқыш үйдегі ең ерекше бұйым болып сақтаулы. Жеті ұл-қыз өсірген құтты шаңырақ. Ал, Елбасыдан бата алған Сара болашақта дәрігер болуды армандайды.