Қазақта «Қарманған қапы қалмайды» деген сөз бар. Соны басшылыққа алған дәрігерлер аты жаман кеселдің екінші толқынымен күреске дайындықты әлдеқашан бастап жіберген-ді. Бүгін біз «Абай» Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері, білікті маман Аида Бексұлтанованың (суретте) ауданда атқарылған іс-шаралары жайында баяндамақпыз.
«Әрине, індеттің іргемізден алыс болғанын тілейміз, дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Дәрігерлер кез келген жағдайға дайын болуымыз керек, – дейді бас дәрігер А.Бексұлтанова. – Нақты айтар болсам, облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының бұйрығына сәйкес қазіргі таңда инфекциялық стационарда қырық төсек орын дайындалды. Бүгінде коронавируспен, пневмониямен ем қабылдап жатқан үш науқас бар.
Қазіргі кезде күн тәртібінде тұрған «коронавирустың екінші толқыны келе қалса жағдайымыз қандай болмақ?» деген сұрақтың кез-келген азаматты толғандыратынын білемін. Сол себепті оған дайындық деңгейін айтар болсам, Келес аудандық ауруханасы екінші толқынмен күресуге әзір. Ауруханамызда дәрі-дәрмек, медициналық арнайы қорғаныш киімдері, бетперде, антисептиктің екі айлық қоры дайын. Карантин екі айдан ұзаққа созылған жағдайда қосымша «СК Фармация» компаниясымен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жоспар түзілген.
Аурудың алғашқы толқынында жасанды демалдыру аппараттары мен оттегі баллондарының жетіспеушілігі туындаған болатын. Оны Шымкенттен алдырып отырдық. Зертхана қызметіне жүгіну үшін де мегаполиске баруға тура келді. Ал қазір алысымыз жақындап, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауымен Сарыағаш ауданында, яғни 25 шақырым ара қашықтықта баллондарға оттегі толтыратын орталық пен ПЦР зертханасы ашылды.
Ауруханамызға қарасты төрт ауылдық, жиырма бір дәрігерлік емхана, жиырма бес фельдшерлік акушерлік пункт және жиырма медпункт бар. Барлық мекемелеріміз дәрі-дәрмек, пульсоксиметр, тепловизормен қамтамасыз етілген. Алғашқы кезде ауруханада он алты оттегі нүктесі болатын. Қазір инфекциялы стационардың өзінде он алты, балалар бөлімінде он тоғыз, терапияда тоғыз, жансақтау бөлімінде он екі, инсультте төрт, қабылдау бөлімінде сегіз оттегі нүктесі бар. Әрбір нүктеден екі адамға оттегі беріледі. Жиырма оттегі баллоны болатын, пандемияның кезінде қажеттілікке байланысты қосымша отыз баллонмен толықты. Аудан әкімдігімен тағы елу орын жасақталды. Жалпы алғанда, бір мезетте жүз адамға дейін қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Инфекциялы стационарымыз сырқаттарды қабылдауға сақадай сай тұр. Қуанышқа қарай, қазір орындар бос.
Шыны керек, індеттің бірінші толқыны бізге не үйретті деген сұраққа жауап іздейміз. Пандемияның кезінде дәрігерлеріміз халық алдында берген анттарына адалдық танытып, күндіз-түні тынбай жұмыс істеді. Дәрігерлеріміз өздерінің біліктілігі мен білімін дәлелдей алды. Жанкештіліктің арқасында қаншама ауыр халде жатқан науқастарды ажалдан арашалап қалды. Ауруханаға пневмонияның асқынған түрімен келгендер арасында қант диабетімен ауыратын науқастар көптеп кездесті. Сауығып шыққандардың дәрігерлерімізге айтар алғыстары шексіз.
Әр нәрсенің қайыры бар. Пандемияның қайыры – халқымызға тазалыққа аса мән беруді, тәртіпке бағынуды, той-жиынға шектеу қою керектігін, ең бастысы әркім өз денсаулыққа баса назар аудару керектігін үйретті. Енді осы қиындықтан қорытынды шығарып, алдағы өміріміздің бағдаршамы етіп алуымыз тиіс. Ал, дәрігерлерге мониторинг жасауды, алдыңғы уақытта ауруханаға келіп түскен науқастарға сұрыптау жасауды үйретті. Ауданымызда халықаралық «Қонысбаев» кеден бекеті орналасқан. Осы бекетке пост қойылып, жоғары температурамен және ПЦР анализі оң нәтиже көрсеткен азаматтарға карантинді обсерваторға жатқызылып, ем шаралар жасалынды. Келес ауданы бойынша коронавирус ауруымен отыз алты және пневмониямен сегіз жүз отыз адам емделіп шықты.
Қазіргі кезде инфекциялық стационарымыз дәрі-дәрмектермен толық қамтылған, қордағы дәрілер екі айға жеткілікті. Алпыс сегіз оттегі нүктесі, жиырма үш оттегі концентраторы, бір жүз тоқсан бес пульсоксиметр, алпыс бір термометр, 11860 респиратор, 7200 дана үш қабатты бетперде, 540 жиынтық (комбинезон, бетперде, айна) қорғаныш киімдері, 18 мың қолғап, антисептик, сұйық сабын, тағы басқа қажетті заттар дайындалды.
Пандемия кезінде көмек қолын созған жомарт жандар да көп болды. Олардың арасында жекелеген адамдар мен ұйымдардың болуы азаматтар арасында ауызбірліктің бар екенін көрсетті деп айта аламыз. Нақты айтар болсам, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрт дана оттегі концентратормен, пневмониямен ауырып жатқан науқастарды жеміс-жидектермен қамтамасыз етті. «Шұғыла» қоғамдық қоры он алты оттегі концентраторын табыстады. Облыстық кәсіпкерлер қоғамдастық ұйымы 5600 дана кір жууға арналған сабын жеткізді. «Ешниязова» жеке кәсіпкерлік орталығы бетперделер, төсек-жаймалар, бір реттік қорғаныш киімдерін, «Эко-Фарм» компаниясы көп реттік бетперделер тарту етті. Келес аудандық «Жастар ресурстық орталығы» науқастардың иммунитетін көтеру мақсатында қымыз жеткізіп тұрды. Өзге де көптеген гуманитарлық көмек көрсеткен кәсіпкерлерге, жеке азаматтарға өзімнің және ұжымның атынан алғысымды айтамын. COVID-19 – бұл елге келген сын болды десек қателеспейміз. Адамдар арасында ауызбіршіліктің, бір-біріне деген жанашырлықтың бар екенін тағы бір рет дәлелдеп берді».
Бас дәрігердің індеттің екінші толқынына деген дайындық барысы жайлы мәліметтеріне қанығып, көңіл жайланды. Тәжтажал қайта бас көтермесін, ал қайталанған жағдайда ақ халаттыларымыз оның бетін қайтаруға сақадай сай деген ойдамыз.