Еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты білім жүйесінде қиындықтар орын алуда. Оның негізгісі – дәстүрлі сабақтың тоқтатылуы. Ата-аналардың келісімімен жұмыс істейтін кезекші сыныптарға баратын оқушылар саны 15-тен аспауы тиіс. Осы тапсырманың орындалуы да ала-құла. Кей мектептерде бесінші сыныпқа дейін оқытылса, кейбір білім ұяларының есігі оқушылар үшін тарс жабық.
Мектепке бармадық деп оқушы біткен үйде отыр десек, қателескеніміз болар еді. Сабақтан босаған жоғары сынып оқушыларының арасында кейбірі босқа жатпай, базар жағалап теңге тауып жүргенін көз көріп, құлақ естуде. Ал мектеп бітіруші сынып оқушылары сабаққа бармағанымен, ҰБТ-ға дайындау курстарынан қалмайды. Мектеп жұмысын тоқтатқанымен, ақылы үйірмелерге барып жүргендер қатары жүздеп саналады. Оларда карантин талаптары қатаң сақталады деп айту қиын. Олай болса, оқушыларды мектепке келтірмей, көзбояушылыққа жол бергенше аша салса қайтеді деген сауал ата-аналарды жиі мазалайды.
Оқушылар үшін мектеп есігі мүлдем жабылған ауданның бірі – Сайрам. Дүйсенбі күні біз осы ауданға қарасты Қарамұрт ауылында болдық. Бұл ауылда бес білім ордасы бар екен. Олардың ішіндегі гимназия мектебінде ғана бірінші сыныптың оқушылары үшін екі кезекші сынып ашылған. Басқа балалар онлайн оқиды. Біз соған қарамастан сөмке асынған оқушылардың
ауылдық мәдениет үйіне кіріп бара жатқанын байқап, сол жерге жеттік. Сөйтсек, олар ақылы курстарға жазылып, ешқандай да санитарлық талап сақталмаған жерде дәріс алып жүр екен. Кіре беріс есік алдына санитарлық кілемше төселмеген. Карантин талабы бойынша ғимарат күніне бірнеше рет арнайы санитарлық қоспалармен жуылып, тазалануы тиіс. Оқушылар да қолдарын жиі жуулары керек. Ал, үш қабатты зәулім ғимаратты жуып, тазалайтын су жоқ. Сонда оқушылар қолдарын қайда жуады? Осы сауалды тиісті мамандарға қойғанымызда, су құйылған баклашка мен шелекті көрсетті. Шелектің ішіне ожау салып қойыпты. Бұл қандай қорғаныш, сақтық тәсілі? Оқушылар ерсілі-қарсылы жүр, карантин талаптары сақталмаған.
Осы жайтқа куә болғаннан кейін біз жауапты адамдарға хабарласып, Қарамұрт ауылындағы көрген-білгеніміз жайлы сұрғанымызда төмендегідей жауап естідік.
Құралай Шәдиева, (суретте) Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы: «Қазір мектептер жұмыс істемейтіндіктен балалардың қайда жүргеніне біз жауап бермейміз. Негізі білім ошақтарының жұмысты бастауы үшін СЭС-тен рұқсат алынған. Бәрі дайын, әзірге аудандық әкімдіктің қаулысы шықпай тұр. Егер әкімдік қаулы берсе, карантин талаптарын сақтай отырып, кезекші сыныптарды ашамыз. Сол кезде оқушылар да әр жерге барып оқып, әуре-сарсаңға түспеген болар еді».
Зина Құттыбаева, Сайрам аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы: «Кейбір мекемелерге рұқсат берілгені рас. Бірақ қалай болғанда да, кім болғанына қарамастан барлығы да карантин талаптарын сақтауға міндетті. Бұл жөнінде Қарамұрт ауылдық округінің әкіміне ертең хабар беремін. Кемшіліктер жойылуы тиіс».
Міне, біз барған Сайрам ауданының Қарамұрт ауылында өзіміз куә болған жағдай осындай. Президенттен бастап, барлық деңгейдегі атқарушы билік пен құзырлы органдар індеттің екінші толқынын болдырмаудың алдын алып жүргенде сайрамдық шенеуніктердің бұл жайбарақаттығына таң қалдық. «Елемеген ауру жаман» демекші, ертең өкініп, сан соғып қалмас үшін бүгін сақтық шараларына барынша мұқият болуымыз аса қажет.