Бұл такси жүргізушінің айлық табысы
Елімізде пандемиялық жағдайда такси қызметіне деген сұраныс арта түсті. Бұл жағдай жеке тасымалдау қызметінің құнын да арттырған сыңайлы. Олай дейтініміз, елімізде такси жүргізушілері 500 мыңнан 1 миллионға дейін табыс таба бастаған. Ең танымал такси қызметінің жүргізушісі Данияр Күзембаев бұл туралы «stan.kz» отандық сайтының тілшісіне егжей-тегжейлі баяндап берді.
Данияр Қазақстанда «Яндекс такси» қосымшасы ашылғалы бері жұмыс істейді. Өзін «ардагер жүргізушімін» деп қалжыңдайтын оның алғашқы мамандығы сантехник. Колледждегі оқуын бітірген соң фирмада жүргізуші болып істеген. Одан кейін «Яндекс такси» компаниясына тұрақты жұмыс істеуге бел буып, 2015 жылы такси жүргізуші болып тіркеледі. Айтуынша күніне ең кемі 25 жолаушы тасиды екен.
— Күніне кем дегенде 25-30 тапсырыс орындаймын. Әр кезде әртүрлі сағат істеймін. Кейде он сағаттан жоғары, кейде одан төмен. Айлығым да істеген жұмысыма қарай шығады. Ең көп тапқан жалақым 500 мың теңге. Ал ең аз дегенде 200 мың теңге табамын, — деген ол бұл айлық отбасын асырауға толық жететінін алға тартады.
Ал, 25 жастағы Али Баханов компьютер технигі мамандығы бойынша оқу бітірген. Алайда өз мамандығына қатысты «екі қолға бір күрек» таппаған соң такси жүргізушісі болуға бекінген. Өйткені көлік жүргізген жанына жағатын көрінеді.
«Ұнататын жұмысым — көлік жүргізу болғандықтан осы жұмысты істей отырып ақша тапқым келді. «Яндекс таксиде» жүргізуші болып жұмысқа тұрдым. Алайда алғашқы кезде қолым жүрмей қойды. Бір жыл істеп мардымды ақша таба алмадым. Сосын уақытша бұл жұмысты қоя тұруға тура келді», – дейді ол. Таксист болғанына бір жылдан асса да ойдағыдай ақша таба алмаған соң демалуды жөн көрген ол жақында қайта осы істі қолға алған. Бұл жолы бұрынғыдай емес. Жақсы табыс тауып, аз уақыт ішінде қомақты қаражат жинап үлгерген. Оның айтуынша, «Яндекс таксиде» қызмет ету үшін көлік өзіңдікі болса да, жалдап алсаңыз да айырмасы жоқ. Мысалы сіз өзіңіздің машинаңызбен келіп, офисқа тіркелесіз. Олар сізді тапсырыспен қамтамасыз етеді. Осымен олардың қызметі аяқталады, ешқандайда талап, шарт қоймады. Күніне 1 ғана тапсырыс аласың ба, әлде 100 тапсырыс аласың ба өзің білесің. Айлықты істеген жұмысыңызға қарай программа өзі есептейді. «Орта есеппен күніне 15 000 теңге табамын, ең көп тапқаным 1 күнде 21 000 теңге. Ең азы 7 000 теңге», – дейді Әли сайт тілшісіне берген сұхбатында.
Әлидің айтуынша «Яндекс таксиде» істеп, айына миллион теңге тауып жүргендер де бар екен. Ол қалай дерсіз? «Менің естуімше, осы компанияда такси жүргізушісі болып айына миллионнан аса табыс тауып жүргендер бар. Ағайынды ұйғыр жігіттер такси жүргізіп, күніне 35 мыңнан кем таппайды. Екеуі бір адам ретінде компанияға тіркеліп, кезек-кезек жұмыс істейді. Яғни бірі таңнан кешке дейін істесе, екіншісі кештен таңға дейін бір көлікті жүргізеді. Демек тәулік бойы жолаушы тасымалдап, айына 1 000 000 аса табыс тауып отыр», — дейді көлік жүргізуші.