Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Жаңа жылдың қасында тәуелсіздіктің құны әлі де көк тиын болғаны ма? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Жаңа жылдың қасында тәуелсіздіктің құны әлі де көк тиын болғаны ма?

     Санаулы аптадан соң жаңа жыл да есік қағып, табалдырық аттағалы тұр. Күнтізбедегі ерекше күнді ерте бастан сезінуге бізде «мүмкіндік» көп. Толып жатқан акция, супермарафондар мен түрлі заттарға жеңілдіктер тізімін айтпағанда жекелеген сауда орталықтары мен базарларда мерекелік заттар әлден сатылымға шығып үлгерді. Қораптағы тәттілер мен безендіруге арналған бұйымдардан бас айналады. Ал, сауда үйлері тіпті, жаңа жылға дайындықты қараша аяқталысымен бастап қойды. Түрлі жарықшамдармен безендіріп, шыршалар орнатылған.

Жаңа жыл мерекесіне Тәуелсіздік күнінен бұрын төрімізді ұсынбау туралы жылда жазылып, айтылып жүр. Мемлекеттік мекемелер бұл сыннан  қорытынды шығарып, шыршадан бұрын көк туымызға орын бере бастады. Алайда, жекеменшік сауда нысандары үшін тәуелсіздіктің құны көк тиын іспетті. Жыл сайын он алтыншы желтоқсанға дейін кәсіпкерлік нысандарда көк тудың желбіреп тұрғанын көрмейміз. Есесіне, ойыншықтар мен жылтыраққа малынған биік шырша адамдардың көңілін еліктіріп, «менмұндалап» тұрады. Бұл тұрғындардың көңіліне алдымен патриоттық сезімді емес, жарқ-жұрқ еткен мерекелік көңіл-күйді ұялатары сөзсіз.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін біз Шымкенттегі бірнеше сауда үйлеріне бас сұғып көрген едік. «Фиркан» гипермаркетінде жаңа жылға арналған тәтті сыйлықтар, ойыншықтар мен  әшекейлер, тағы басқа заттар кіреберіс фойеде келушілер назарына ашық түрде ұсынылған. Әрине, кәсіпкер мақсаты алдымен табыс табу болғандықтан, науқан кезін пайдаланып, тұрғындардың эмоциясын кіріс көзіне айналдыру әрекеті заңдылық. Гипермаркет әкімдігі алдағы тәуелсіздік мерекесін құрметтегені ме, әлде басқа себептері бар ма, жаңа жылдық заттарды сатылымға шығарғанымен, безендіруді әзірге бастамапты. Нысанның бойымен таласқан жасыл шырша мен жарқыраған шамдарды байқамадық. Ал, «Нұрсәттегі» жаңадан ашылған «Диамонд» сауда үйіне бас сұққанымызда керісінше жайт бірден көзге түсті. Кіреберіс фойеде биіктігі төрт жарым, бес метрлік жасыл шырша безендірілген. Ал, бірінші қабатынан үшінші қабатқа дейінгі биіктікке көз салғанымызда баспалдақ жағалауы бірыңғай мерекелік жылтырақтармен өрілгенін байқадық. Жарықтандырғыш аппараттар да жағалай орналастырылған. Біз көкейдегі сауалды сауда үйінің әкімшісі Адель Төлебаеваға қойғанымызда:

Бізге Шымкент қалалық әкімдігінен он алтысына дейін ғимарат сыртына шырша орнатылмасын деген нұсқаулық келген. Ал, нысанның ішін безендіруге рұқсат етілген. Екіншіден, жаңа жылдық безендіруді ерте бастамасақ, жақындағанда үлгермейміз. Біз шыршаны құрып, оны орнатамыз дегенше мереке де өтіп кетеді. Онымен қоса, жарықтандыру аппаратын құратын, басқа да жұмыстарды атқаратын мамандар тапшы болып кетеді. Бұл біздің ғана емес, барлық сауда үйлеріндегі жағдай. Мысалы далаға құрамыз деп отырған он бес метрлік шыршаны орнатуға екі аптадай уақыт керек. Жалпы, жаңа жылдық безендіруге қатысты әрекетіміз жергілікті әкімдіктің бақылауында, — деді ол.

— Байқасаңыздар соңғы жылдары жаңа жылды бұрынғыдай думандатып тойлау қалып бара жатқан сияқты. Бір ғана мысал, бұрын  Шымкент қаласында отыз бірі күні аспанға атылған отшашулардың дауысы құлақ тұндыратын. Ал, былтыр терезеден  дәл сол уақытта тысқа үңілдік, бірақ, мұндай көріністі байқамадық. Тұрғындардың өзге ұлттың діни сеніміне негізделген мерекесін тойлау осылай бірте-бірте қала береді деп ойлаймын. Негізінен жаңа жыл отбасыда, балалардың көңіл-күйін көтеру үшін ұйымдастырылатын шара болуы тиіс. Ал, біз оны әлі атамыздан қалған мейрамдай бүкіл ел болып тойлауды қоймай келеміз, — дейді шымкенттік Жанна Тұрғынбайқызы. Иә, желтоқсанда «Рождество», «Жаңа жыл» деген сөздер үлкен қалалардағы аспалы кермеде де, билбордта да, көшедегі жарнамада да қаптап кетеді. Ал, желтоқсан айының алғашқы аптасы келіп жеткенімен, Тәуелсіздік мерекесіне байланысты бірімен бірі жарысқан құттықтаулар жоқ. «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, бұл мәселе жыл сайын айтылса да, нәтиже болмай тұр. «Біз шырша құрып болғанша жаңа жыл өтіп кетеді» деген уәж айтқан сауда үйіндегі кәсіпкерлерде патриоттық сезім кемшін. Тәуелсіздік күніне дейін кәсіпкерлік нысандарда қашан шырша емес, көк туымыз желбіреп тұрар екен?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған