Бір суреттің тарихы

1986 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев орнынан алынып, ол қызметке Г.Колбин тағайындалды» деген хабар қазақ елінің жаппай наразылығын туғызды. Қазақ жастары Үкіметтің бұл шешіміне келіспей, саяси тәуелсіздікті талап етіп, Алматыдағы орталық алаңға қарай ағылды.

Бейбітшілікті талап еткен намысты жастарды мұздай қаруланған әскери сарбаздар соққының астына алды. Бұл күнде тарих қойнауына енген елеулі оқиға өскелең ұрпаққа жыл сайын 16-желтоқсанда теледидардан көрсетілетін үзік-үзік кадрлар мен бейнесуреттер арқылы белгілі болып келеді. Соның ішіндегі әсіресе, көзге оттай ыстық басылып, көңілдерде жатталып қалған фото екі жендеттің ортасында ұсталып кетіп бара жатқан бойжеткеннің бейнесі еді. Бұл суреттегі ала пальто киген ару қыз кім, оның кейінгі тағдыры қандай болды? Біз желтоқсан оқиғасы қарсаңында оқырмандарға бір суреттің тарихын баяндап беруді жөн көрдік.

Қанды желтоқсан қырғынында түсірілген танымал фотоархивтегі милиция жасағының қолына түскен қазақ қызының аты-жөні – Анар Рахымжанова екен. Сексен алтының ызғарынан сескенбей, алаңға шыққан ару өткен күндер естелігінен төмендегідей сыр шертеді.

— Мен Өскемен қаласының тумасымын. Мектепті бітірген 1984 жылы сіңлімнің жүрегіне ота жасалды. Осыған байланысты отбасымызбен ақылдаса келе оқуға құжат тапсыруды кейінге қалдырған болатынбыз. Сөйтіп Семей қаласында бір жыл жұмыс істедім. Келесі жылы қарашада сыныптас құрбым Гүлшат Төпенова Алматыға шақырды. Үлкен қалаға келе салысымен бірден құрылысқа (СМУ-50) жұмысқа орналастым. 1986 жылдың жаз айында құрбым екеуміз құжаттарымызды түгендеп, оқуға тапсыруды көздедік. Бар мақсатымыз  ЖенПИ-ге түсу еді, бірақ албырттықпен жүріп, құжаттарымызды жоғалтып алдық. Ақыры табылмаған соң оқудан күдер үзіп, жұмысымызды жалғастыра бердік.
Мен кезекті демалысымды алып, ауылға барып келген күнім болатын. Жолдан ауырып келгем, бірақ он жетісіне жұмысқа шығуым керек еді. Гүлшаттың кезекті демалысы әлі аяқталмаған. Таңертең құрбым екеуміз ауруханаға қаралып, «бірнеше күн үйде күтіну керек» деген дәрігердің анықтамасын алып, жатақханаға қайттық. Келе жатқан автобусымыз орталық алаңды басып өтетін. Жұрттың бәрін үрей билеген, автобуста ешкім сөйлемейді. Жүргізуші Балуан Шолақ атындағы орталық стадионға жеткен соң, «ары қарай бармаймын» деп, бәрімізді түсіріп кетті. Алаңдағы нөпірден секем алған болуы керек. Біз көліктен түскенде жан-жақтан қазақ жастары ұрандатып, орталыққа қарай ағылып бара жатыр екен. Біз де нөпірге қосылып ұрандатып, Абай даңғылымен жаяу өтіп, Желтоқсан алаңына жеттік. Жол бойы рухтандыратын әндер айтып келеміз.

Алаңда адам қарасы өте көп екен. Құрбым екеуміз нөпірдің екпінімен арасына ығысып, кіріп кеттік. Көп өтпей бір-бірімізден ажырап қалдық. «Бірнәрсе айтып, сөйлеп жатқандар бар ма екен?» — деп алға жылжи беріп, дәл ортасынан бір-ақ шығыппын. Осы кезде әскери адамдардың қарама-қарсы жүгіріп келе жатқанын көрдім. Елдің бәрі қашпақшы болып, бір-бірінің үстіне құлады. Мені екі милиция ұстап, тұрғызды. Өзіміздің қазақтың жігіттері екен. Екі қолымнан мықтап ұстап алып, әлдебір жаққа қарай әкетіп барады. «Сүйремеңдер, өзім жүрем» деп біреуінің қолын қағып жібердім. Әлгі фотосурет дәл осы кезде түсірілген болуы керек.

Мені әкелген көліктің ішіне кілең қыздарды тиеді. Қаскелеңнің «РУВД»-сына апарып, сұрақ-жауап алды. Мүлдем ұрып-соққан жоқ, қолдарының ұшын да тигізбеді. Қайтар кезде тергеуші қазақ жігіті менің қасыма кеп, «үйіңе жетіп ал» деп қалтасынан бір сом шығарып берді. Тергеуден шыққан бес қыз сол бір соммен біздің жатақханаға жетіп алдық. Жатақханада құрбым жоқ екен. Осы кезде ағам Ерлан да келіп жеткен еді. Ол да ұсталып, құтылып шыққаннан кейін маған «алаңға барма» деп айтуға келген беті екен. Сөйтіп тұрғанда құрбым Гүлшат та келді. Киімдері жыртылған, денесінің барлық жері көгерген оны көргенде шошып кеттім. Басынан қатты соққы алыпты, көзі ашылмайды. Айтуынша, олар түскен Фрунзе ауданының «РУВД»-сында орыс ұлтының тергеушілері болған. Жендеттер шашынан ұстап, қабырғаға соғыпты.

Осы оқиғадан кейін бес жылға дейін жоғары оқу орнына түсуге тыйым салды. Құрбымды жұмыстан шығарып, Алматыдан кетуін талап етті.

Алаңдағы фото туралы да алғаш Гүлшаттан естідім. Құрбымды қатты сағынып, әрең дегенде телефон нөмерін тауып, хабарласқан болатынмын. Сол кезде «Анар, сенің суретіңді көрдім. Дәл сол торкөзді қара ала пальто мен шаш үлгіңнен таныдым. Ол сәтте сені екі жағыңнан ұстап, дедектетіп әкетіп бара жатты. Әлі көз алдымда. Мен жендеттерден қашып, телефон будкасының ішінде тығылып отырған болатынмын. Сені көре сала айырып алмақшы болып орнымнан ұшып түрегеліп, жүгіріп келе жатқанымда орыстың әскери адамдары мені ұстап алды», — деп өксіп жіберді. Бұл әңгімені ең алғаш сіңліме айттым. Ол фейсбук әлеуметтік желісіне тіркелген еді. Сол желіде Раушан Қалмомынұлы деген қолданушы «мына суреттегі қыз кім екен?» — деп пост жариялапты. Мұны оқыған сіңлім «менің әпкем» деп жауап берген. Содан кейін мені көп адам іздепті, — дейді тарихи кадрдың кейіпкері.

Анар Рахымжанова желтоқсаншылар ұйымына мүшелікке өтпеген. Айтуынша, оның машақаты мен қағазбастылық жұмысы көп. Бүгінде жолдасы Марат екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Өзі армандаған жоғары оқу орнына түсе алмаған соң қалаған мамандық иесі атана алмай, күнкөріс қамымен  Алматыда ұзақ жыл саудамен айналысады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған