Қолөнерші Фахриддин Садықов қазір Түркістанда тұрады. Ол жастайынан ағашқа «жан» бітіріп, неше түрлі бейнелер жасайтын шебер. Оның қолынан шыққан туындылар еліміздің тарихы мен тәуелсіздігін сабақтастыратын тағылымды мұра. Саналы ғұмырын руханият жолына арнаған Фахриддин мырзаның ендігі көздегені – қолөнерді өнеркәсіпке айналдыру, яғни өнерді кәсіпке айналдыру арқылы отандық өнімді дамытуға атсалысу және ұлттық руханиятты бойына тереңнен сіңірген шәкірттер тәрбиелеу. Жуырда біз шебердің шаңырағындағы орталығына арнайы барып, өз қолымен жасаған бұйымдарын тамашалап, болашақтағы жоспарлары жайында ой-пікір алмасқан едік.
Қазақтың әрбір ауылы – ұсталар шеберханасы
Қолөнершінің «Көз», «Қобыз», «Нұх пайғамбардың кемесі» аталатын әрбір туындысының айтар сыры мен шертер тарихы бар. Бұл туындыларды жасау үшін шебер әрқайсына бөлек уақыт арнамайды. Шығармашылық ойдың иуін қандыра жүріп, шетінен қашап, жонып, жобаға келтіріп, керемет туындыны даярлайды. «Қорқыт қобыз» атты жұмысын бір жыл сегіз айдың ішінде аяқтаған. Көбінесе түйе бейнесін ағаштан қашайтын ұста оған бүкіл қазақ даласының шежіресі мен философиялық ойын, ұлттық тәмсілін сыйғызуға тырысады. Екі өркешті түйе, шаңырақ, тұғыр, домбыра сияқты қазаққа тән барлық ұстындар бір бейнеде тоғысып, ұлтымыздың тілі мен ділін, дінін сипаттайды. «Халқымыздың бүкіл өмірі жаугершілікпен өткен, бабаларымыз бүкіл болмыс-бітім, өмір тарихы, салт-дәстүрімізді «аттың жалы, түйенің қомында» жүріп бізге аманаттады. Бізді қонақжай, момын қазақ деп мадақтайтындар қателеседі. Қазақ ешкімді басынбаған, бірақ, ешкімге намысын да бермеген халық. Бесіктен белі шыға сала бес қаруын бойына асынған батыр ел. Осының бәрі түйенің табиғатымен үндес», – дейді түркістандық ағаш шебері.
Арғы тегі Қызылорда облысынан тарайтын Фахриддин шебердің өнері нағыз тума талант деуге лайық. Кішкентайында әкесі қойдың жүнін қырықса, анасы одан шекпен тоқып, көрпе көктеп, киіз басқан қазақы ауылдың ісмерлері болды. Қазақтың бәрі өнерлі, әрбір ауылы ұсталар шеберханасы деп санайтын ол көрші облыстың қай ауылына барсаңыз да ұсталар мектебі қалыптасқан іздің сайрап жатқанын көруге болатынын айтады. Мысалы, бір ғана Манап ауылының өзінде мәсі тігетін Ақтай ұста, Дүйсенбі, Бакрам, Шайхислам, тағы басқа темірші ұсталар болған. Кейбірінің тіпті, өзі өмірден озса да, ұста дүкені болған шеберханасынан жұма күндері кетпеннің шыңылдаған дауысы бертінге дейін шығып тұрған екен. Шайхислам ұста дүкенінің орнына айтыскер ақын Манап Көкеновтің тоқсан жылдығына орай мешіт салыныпты. Сонда ұстахананың орнынан ешбір дәнекерлеусіз, темірді қыздырып соққан екі кетпені табылған. Бір ауылдан шыққан осыншама ұстаның барлығы да дипломсыз шеберлер! Бүгінде олардан қалған елу-алпыс шақты жәдігерді Фахриддин ұста көздің қарашығындай сақтап отыр. Манап Көкеновтің туған жиені болып келетін кейіпкерімізде ақынның әкесінің диірмені, келі-келсабы, тарихы үш жүз жылды құрайтын ошақ, қожалар әулетінің үш жүз жылдан бері сақталып келген кебежесі бар.
«Қолөнерден – өнеркәсіпке» идеясын жүзеге асыруымыз тиіс
Фахриддин ұстаның шеберлігі шыңдалған кез нарық жылдарынан кейінгі уақытқа тап келген. Оның әуелде қызығушылықпен мүйізден жасаған гүлдері, қоян, шанышқы, қасықтары таныстары арасында сұранысқа ие бола бастайды. Гүлдер топтамасын жасап, қытайдың қалайы пен пластмассадан жасаған заттарын өзі де қолмен талай істеген. Жұбайы Гүлзада да өнер адамы, екеуі Айсұлу, Нұрсұлу, Гүлзина, Мұхаммед, Омарқожа атты перзенттер тәрбиелеп, барлығы қолөнерге кішкентайынан қызығып өсті.
Табиғатпен тілдесіп, ағаштармен «сөйлесетін» талант ағаштан мүсін қашау өнеріне бертін келе біржола ден қойған. «Шығармашылық ізденісті көбінесе табиғат аясынан тауып аламын. Ағаштарға көз салсам тұнған тылсым бейне, сұлу сурет сөйлеп тұрғандай кейіпке енеді. Бір жерде жылқы шауып бара жатса, енді бірде батырдың тұлғасы елестейді. Кей суреттерді оттан да іздеймін. Ұлымын деген тұлғалардың өзі тамаша туындылардың нәрін табиғаттан алған. Жай ғана бір жерден өтіп бара жатып, ағаштың сұлбасына қарасам, ол маған үлкен бір бейнені көрсетіп тұрады. Сол ағаштан ойдағы туындыны шығара алсам жарадым. Маған жерұйықты іздеген Қорқыт өлімнен емес, аярлық пен зинақорлықтан, екіжүзділіктен, қиян-кескі пендешіліктен қашқан сияқты болып көрінеді. Кейде өзім де шаршағанда адамдардан ағашым жақын көрінетіні содан. «Қорқыт және ұлы дала сазы» фестивалінде түркі әлемінің зиялыларымен танысып, содан бастап өмірім өзгеріп, «Қорқыт» деген бейнеге кірдім. Қорқытты көп жерден іздедім, оны тастан да, ағаштан да таптым, тіпті, таппаған жерім жоқ десем болады», — деп ой толғайды өнер зерттеушісі.
Фахриддин Шәмшиддинұлының ұстаханада бас алмай істеген еңбектері бүгінде сауда үйлерінде де сатылуда. «Өзімді өнер иесімін деп айта алмаймын, әлі шәкіртпін, адам ешқашан ізденісті тоқтатпау керек», – деген шебермен әңгімеден оның тек өз ісін білетін қолөнерші ғана емес, тұмса табиғатпен сырлас, ұлт өнері мен тарихының нағыз жанашыры екеніне көз жеткіздік. Айтары бар аға туралы Темірхан Момбек, Серік Сейтман сияқты қаламгерлер арнайы хабарлар мен бейнетүсірілімдер жасап, өнерін көпке насихаттаған.
— Қазаққа дәл қазіргі кезде зиялылық қажет болып тұр. Әсіресе, тиісті саланы басқаратын орындарда рухани соқырлар отыр дер едім. «Қазақтың қара үйіне кірсең, қазақтың бүкіл жәдігерін көресіз, ол дүниелер ұлттың бүкіл сөздік қорын құрайды», – деген Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың айтқан сөзінің көрінісі бар ма қазір? Жоқ. Өйткені біз қолда бар алтынды ұқсата алмай отырған елге айналдық. Басқаны айтпағанда ине мен жіптің өзін шығара алмаймыз. Біз қашан «қолөнерден өнеркәсіпке» деген идеяны жүзеге асырамыз? Тарихын төрт түліксіз елестете алмайтын атам қазақ тері, жүн-жұрқа, тіпті, сүйек-саяққа дейін кәдеге асырған. Бүгін де оның қадірін арттыруға болғанымен, өкінішке қарай осы шикізаттың бәрі қоқысқа кетіп жатыр. Біле білсеңіз, түйенің сүйегі мықтылығы жөнінен жер бетінде пілден кейінгі екінші орында. Ертеректе аталарымыз лаханың сүйегінен біз жасаған. Біз осы үрдісті жалғастырып, дамытып, қажет болса төрт түліктен шығатын барлық шикізатты тиімді пайдалануды қолға алуымыз қажет. Мәселен, түйенің сүйегінен тарақ, түйме, тағы да басқа көптеген күнделікті тіршілікке қажетті заттар, ұлттық бұйымдар жасайтын өндіріс орындарын ашуға болады. Бізде қазір қалай? Ең сапалы терілер Түркия асып, өзімізде нашары қалып жатыр. Ол теріден өндірілген өнімдер импорт ретінде қайта елімізге келіп, бірнеше есе қымбат бағаға сатылып жүр. Осы жұмыстың барлығын жасауға өзіміздің де шамамыз келеді. Есесіне, ол, біріншіден, жұмыс орны, екіншіден, дайын өнім импортқа қарағанда арзан. Ең бастысы, шикізат шетке кетпей, өзімізде қалады. Дәстүр жалғасын табады. Мен осы идеяны дамытып, қазақ қолөнерінің болашағы үшін аянбай еңбек етуді мақсат етіп қойдым. Болашақта қолөнер үлкен өнеркәсіпке айналуы тиіс.
«Жәнібеков атындағы қолөнер орталығын ашамын»
Қазақ хандығының 550 жылдығында ел басшыларына арналған көрмеге затымды қажет етті де, өзімді керек қылмады. Өйткені, кімге де болса жүзің бар демей қаттылау айтатын тік мінезім бар, үлкен кісілердің алдында сөйлеп қояды деп қорықса керек. Бірақ, мен де әрекетсіз жатпадым. Көрме өткен күні Елбасы орталық алаңды айналып келе жатқанда қолыма өзім жасаған нар түйені ұстап, қоршауға қарай тұра ұмтылдым. Ол кісі де мені байқап, «Ох, бұл нендей түйе?» деді. Сонда «Бұл қазақтың бүткіл болмысы. Қазақта «түйенің үлкені көпірде таяқ жейді» деген сөз бар. Түйе жүктің ауырын көтереді, бүгінде қазақ та сол сияқты жүктің ауырын көтеріп, көпірден таяқ жеп келеді. Бұл жануардың қазақта 25 түрлі атауы бар. Тілі мен дінін, ар-ұжданын ғасырлар тоғысында аман арқалап келе жатқан нар қазақ қой», – дедім. Тұңғыш Президент «Ой, жарайсың!» деп ризалығын білдірді, — дейді түркістандық шебер.
Фахриддин ағаның ендігі асқақ армандарының бірі – жаңа облыс орталығында Ө.Жәнібеков атындағы ұлттық ағарту орталығын ашып, онда тәрбиеленетін шәкірттерге барлық қажетті жағайды жасап, оларды өнерге баулу. Мақсатымды жүзеге асыру үшін өз күшіммен орталықтың іргетасын қалауға кірістім. «Қазақты көшпенді деуге болмайды. Ол төрт түліктің бабын жасаған ұлт. Мәдениеті тарихқа бай екендігіне Сығанақ, Сайрам, Түркістан, Баласағұн қалаларының орны тарихи дәлел. Ендігі мәселе сол мәдениетімізге ие болу. Қымыз – немістерге, көкпар қырғызға «қолды» болды. Мұның барлығына бейқам қарасақ, ұлттық құндылықтарымыз әлі де талан-таражға түсе бермек. Ал, мұны ойлайтын ұрпағымыз рухани жалаңаш күйде компьютерге басыбайлы байланып барады», – дейді өнер жанашыры.
Фахриддин шебердің болашақтан үміті мол. Төл өнерге сусап отырған жұрт келешекте оны қолдайды, іздейді, қажет етеді деп сенеді.