Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Тәуелсіздік тұғыры – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Тәуелсіздік тұғыры

Желтоқсан желі жүректерді тоңдырып, санаға ызғар қалдырғанымен, бодандықтың өзегіне шабылған балта болды. Тәуелсіздік мұратына жеткізген қасиетті күн тарих беттерінде мәңгі өшпесі анық.

Азаттықтың ақ таңы атқан отыз жылға жуық уақытта елімізде алапат өзгерістер орын алды. Нарық қыспағынан тәй-тәй басқан сәбидей аман шыққан жаңа мемлекетте алып құрылыс кешендері бой көтеріп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Жаңа астанамыз Сарыарқа төсінен бой көтеріп, денсаулық, медицина, білім саласында қарышты қадамдар жасалды. Қазақтың талантты ұл-қыздары әлем сахналары мен спорт, ғылым саласында биік белестерді бағындырып, әлемді таңдай қаққызды. Жарты ғасыр уақыт бауырын жаза алмаған ауылдардың тамырына қан жүгіріп, мектеп пен ауруханалар салынып, асфальт жол мен көгілдір отынмен қамтылды. Айта берсек, Тәуелсіздік атты тәтті ұғыммен бірге кірген игіліктер еселі-ақ.

Өткенін қастерлеп, келешегін болжаған елдің ұрпағы ертең осы құндылықтың қадірін біле ме? Ендігі барлығымызды ойландырар сауал осы болуы тиіс. Бүгінгі ұрпақ еркіндік пен елдік мұратын  қалай ұғынып жүр? «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен оны ұстап тұру әлдеқайда қиын» деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, ата-баба аманатын ертеңге қалай табыстаймыз? Ол үшін әрқайсымыз тәуелсіздікке қандай үлес қостық және бұл сұрақтың жауабын өзімізден таба аламыз ба? Жазушы-ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметовке осы сауалды қойғанымызда:

— Мен Тәуелсіздік үшін ерте күрескен жанмын. Қазақстанда жүргізілген миссионерлік саясат негіздерін «Қазақ қалай орыстандырылды?» кітабымда әшкереледім. «Ана тілі» газеті ең алғаш жарық көргенде ата тегіміздегі «-ов», «-ев» -тен арылу мәселесін қозғап мақала жаздым. Ол қоғамда қызу талқыланып, зор қолдауға ие болды.

Абайды тану және таныту арқылы рухани қазынамызды қаузадым. Абайтану іліміне арналған еңбегімді қазір сегіз бірдей университетте оқыту қолға алынды. Теледидар, баспасөзге ең көп сұхбат беруші екенмін. Олардың барлығында да «қайтсек қазақ болып қаламыз?» деген сауал төңірегінде ой қозғадым. Сол айтқандарым тәуелсіз елдің ұрпағының кәдесіне жараса, менің қосқан зор үлесім деп білемін,  — дейді қаламгер.

Ал, Шымкенттегі «Наурыз пластик» отандық ойыншық өндіріс кәсіпорнының басшысы, жеке кәсіпкер Рабиға Байтемірова болса «Мен елім үшін не істей аламын?» деген сауал әрқайсымызды толғандыруы тиіс. Дені сау, кәмелет жасынан асқан әр адам мемлекетке алақан жаймайтындай еңбек етсе тәуелсіздікке қосқан зор үлес. Жеке кәсіпорын ашу идеясы да әу баста осындай ниеттен туған еді. Өз күнімізді өзіміз көріп, балаларымызды ешкімнен кем қылмай өсіру үшін кәсіп ашу қажет болды. Ойлап қарасам, біз емес, Тәуелсіздік  бізге үлкен үлес қосыпты. Кәсіпкерліктің кең қанат жаюына мемлекет барынша қолдау жасады. Зауыттың аясын кеңейтіп, «Қазақстанда жасалған» брендін қалыптастырып жатқанымызды мақтаныш көреміз», – дейді. Ал, көп балалы ана, «Мирас» университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлзада Шнет:

— Тәуелсіздікке қосқан ең үлкен үлесім қазақтың санын көбейтіп, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырғаным деп ойлаймын. «Отан — отбасынан басталатынын» әркез ескеруге тиіспіз. Бүгінгі ұрпақ тек санымен емес, сапа жағынан да бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Өзім бала тәрбиесіне осы ұстаныммен қараймын. Ұл-қыздарымның тәрбиелі әрі білімді болып өсуіне бар уақытымды, ынтамды арнаймын. Оның алғашқы жемісін де көрудеміз. Үлкенім Ескендір Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түссе, Темірлан биге қатысып, өнер саласындағы биік деңгейлерді бағындырып жүр. Қызым Айдана «Болашақ» мектеп-гимназиясында білім алады. Жұбайым Мақтаарал аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Алтынбек Айдар екі жыл қатарынан республикада «Ең үздік басшы» атанды. Бүгінгі заман бізден жан-жақтылықты талап етеді. Балаларды қанаттандырып алған соң, өзімнің кәсіби өсуіме де мән беріп, экономика мамандығы бойынша үш жыл оқып, докторлық диссертациямды қорғадым. Түркияда ғылыми тағлымдамадан өтіп келдім. Осының бәрі біздің отбасымыздың жеңісі ғана емес, Тәуелсіздігі тұрақты елдің жарқын көрінісі деп ойлаймын, – дейді.

Тәуелсіздігіміз тұғырынан таймау үшін оған әр адам үлес қосуы тиіс. Сонда ғана еркіндігіміз еңселі, азаттығымыз айбынды болмақ. Ал, сіз бұл сауалды өзіңізге қойып көрдіңіз бе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған