Жылдың жылжып шығып, жаңа күнтізбектің басталарына да санаулы күндер қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «Еріктілер жылын» еншілеген 2020 жылды да тарих еншісіне тапсыруға таядық.
Жалпы, «волонтер» ұғымы бұрыннан қазаққа жат емес. Түптеп келгенде ерікті түрде өзгеге көмек беру, қысылғанға қолұшын созып, жәрдемдесу қазақтың қайырымдылық деген бір-ақ сөзіне сыяды. Осыған орай біз адал еңбек, абзал жүрегімен қашан да айналасына қызмет ете білген қария Рысқұлбек Жаппарқұловты (суретте) оқырмандарға кеңінен
таныстыруды жөн көрдік. Рысқұлбек атаның атқарып жүрген ісі әркез ұлтқа қызмет, жанашырлық айналасынан табылады. Ол шеттегі қандастарымыздың атамекенге сағынышын басып, Отанға оралуына себепкер болған жан.
Рысқұлбек ата 2010 жылы қасиетті Меккеге қажылық парызын өтеуге барады. Сонда Әль-харам мешітінен шығып, дүкендерді аралап келе жатқанда бір жігітке тап болады. Арабқа немесе өзге ұлт өкіліне ұқсамайтын бейтаныс жігіттің кескін-келбеті қазаққа келіп тұр. «Ассалаумағалейкум» деп амандасқанына «уағалейкумассалам» деп жауап берген соң өз қандасымыз екеніне көзі жетіп, әңгімелесе кетеді. Сөйлесе келе ұққаны – әлгі жігіт бүгінде Араб елінде тұрғанымен, ата қонысы Қазақстан екен. Руы – Қоңырат. Бірақ, Қоңыраттың қайсысы екенін тарқатуға келгенде білмейтін болып шықты. Жігіттің айтуынша, Сауд Арабиясына келгеніне қырық шақты жыл болып қалыпты. Сонау жиырмасыншы ғасырдың басындағы зобалаң жылдарда Ресей әскерінің төңкерісінен құм ішін жайлап отырған бір ауыл үдере көшіп, ауған шекарасын асады. Ауғанстанға 1979 жылы Кеңес әскері кіргізілгенде «ойбай, тағы орыстар кеп қалды» деп Пәкістан асады. Пәкістан босқын елді ашық қабақпен қарсы ала қоймаған соң, әупірімдеп жүріп Сауд Арабиясына кетуге қам жасайды. Әлдібір жанашырлар арқылы жол тауып, мұнайлы елге біржола қоныс аударыпты. Жағдайлары жаман емес. Жұмыс істеген адамға ақша да жетерлік. Тек, құқықтық жағдайлары мәз емес екен. Жергілікті тұрғындар мен шетелдіктерді салыстырғанда құқықтық теңдік жоқ. Тіпті, көшеде балалары арабтың балаларымен төбелесіп қалса да әуелі кінәліні іздеп жатпастан, бұларға депортация қағазын жазып беріп, 24 немесе 48 сағат ішінде елден кетуді талап етеді екен. Ешқайсысы арабқа қарсы сөйлемейді, олар не айтса соны істеуі тиіс.
Бейтаныс қазақ жігіті осылайша қандас қарияға мұң шағып, орайы келсе елге кетуді армандайтындарын айтты. Рысқұлбек ата да жігіттің меселін қайтармастан, қолдан келгенше жәрдемдесетінін айтып, қажылықтан оралған соң оларға шақыру хатын жібереді. Алдымен жиырма шақты күнге келіп, туған жердің топырағында аунап-қунап, қуанған қандастар кейін құжаттарын туралап, атамекенге біржола оралады. Осылайша әуелі бір қазақ, одан кейін бір үйлі қандастарымыз тарихи Отанына кезекпен көшіп келіп, қазір Шымкентке бас-аяғы он-он бес үйлі жан қоныстаныпты.
— 2015-2016 жылы шетелден Шымкентке қоныс аударушыларға тыйым салынған соң тағы да ораламын деушілер Ақтауға қоныстанды. Ол жақта да он шақты отбасы бар. Барлығының да жағдайы жақсы. Жұмыс істеп, өз күндерін өздері көріп жүр. Үкіметтен ешнәрсе сұрап жатқан жоқ. Олардың бар арманы Қазақстан азаматтығын алу ғана. Басқа ештеңе керек етпейді. Кейбірінің балаларын оқуға түсіруге жәрдемдестім. Телефонмен сөйлесіп, жағдайларын біліп тұрамыз. Қонақ болып та келіп-кетіп, араласамыз, — дейді Рысқұлбек ата.
Рысқұлбек Жаппарқұлов қазір ардагер зейнеткер. Ол саналы ғұмырын ауыл адамдарының денсаулығына арнаған білікті дәрігер, байырғы маман. Өмір жолында өзі таңдаған мамандығы елге сүйікті еткен қария аудан орталығы Шәуілдірде, кейін Маяқұм, Балтакөл, Шәмші, Темір ауылдарында учаскелік дәрігер болып еңбек еткен. Ауылды жердегі жоғары білімді жалғыз маман болғандықтан, адамдарды ажалдан арашалау үшін өліммен күнделікті бетпе-бет келетін кездері де аз болмаған. Бүгінде зейнеттегі Рысқұлбек қария дәрігерлік антына адалдық танытқаны секілді енді елге қайырымдылық жасаудан да ешқашан қалыс қалмай жүр.
Талай адамға тіршілік нәрін сеуіп, ажал тырнағынан арашалап алған қарияның шын жанашырлығына байланысты ел ішінде мынадай әңгіме айтылады. Маяқұмда бір жігіт әйелінің хал үстінде жатқанын айтып, екеуі түнге қарай жедел аттанып кеткен. Түсік тастаған әйел көп қан жоғалтқаннан әбден әлсіреген екен. Түйеші ауылда жарық жоқ. Мотоциклді оталдырып, жарық түсіріп, шұғыл дәрігерлік процедураларды жүзеге асырады. Ыстық шай беріп, әлдендіреді. Ертеңіне Жаңа жыл мерекесі болатын. Әлгі жігіт аздап қызулау кейіпте аурухананың алдына келіп «Рысқұлбек Құдайдың секретары екен ғой, әйелімнің жанын алып қалды» деп жылай беріпті. Ауыл адамдарының алғысына бөленген нағыз дәрігер уақытпен санаспай еңбек етіп, зейнетке шыққан соң да бір сәт тыншыған емес. Еңбек жолының соңғы жылдарында «Божбанқұдық» сауықтыру орнында жұмыс істеді. Сонда ауыл адамдары ауыра қалса сөзі ем, қолы шипа, жаны жайсаң дәрігерді он шақты жылға дейін артынан іздеп барып емделіп жүріпті. Жеті перзент өсіріп, жетілдірген дәрігердің жолын бүгінде екі қызы жалғастыруда. Зейнетке шығып, үш рет қажылыққа барып келген мейірімді жанның абзал жүрегі адамдарға жақсылық жасауға әлі де құмбыл.