Түркістан облысы, Ордабасы ауданында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Төртінші билік өкілдері алдымен археологиялық тарихи ескерткіш саналатын Қарауылтөбе қорғанының қазіргі тынысымен танысты. Жаугершілік заманда дабыл қағатын орын ретінде пайдаланылып келген үйінді төбеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, аудан тарихы жазылған деректеме мен биіктігі 30 метрді құрайтын ту тұғыр орнатылған. Құрылыс жұмыстарын «Өмір жолы» ЖШС жүргізген.
Ауданда биыл пандемиялық қиын жағдайларға қарамастан әлеуметтік нысандардың жөнделуі мен инфрақұрылым мәселесінің шешілуіне де көптеп көңіл бөлініпті. Аудан орталығында тұрғындардың демалуына арналған 1,2 гектарға орналасқан «Самұрық» аллеясы бой көтерді. Демалыс орнының құрылысын «А.Р.Т—Құрылыс» ЖШС 246 104 мың теңгеге жүргізіп, Тұңғыш Президент күнінде пайдалануға берілді. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған орталықта үш субұрқақ, орындықтар мен жазғы сахна орнатылған.
Тұрғындарға ерекше қуаныш сыйлаған тағы бір жаңалық «Черемушки» аталып кеткен мөлтекаудандағы үйлердің абаттандырылып, аулалардың жаңартылуы болып тұр. Биыл бұл мақсатқа аудандық бюджеттен қаржы қаралып, ішкі көшелер жөнделіп, спорт және ойын алаңшалары орнатылды. Қойма контейнерлері жаңартылып, жарықшамдар мен орындықтар қойылды. Вело және жаяу жүргіншілер жолы төселіп, арнайы орындықтар, жарықтандыру құралдары мен торшер тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.
— Шынымды айтсам, бұрын бұл маң қоқысқа толып жататын. Балалар сол қоқыстың арасынан әрнәрсе теріп, ойнап жүретін. Биыл, міне, құдайға шүкір, ауламыз жаңарып, өзгеріп жатыр. Енді балаларымыз ойын алаңшасында, сырғанақ теуіп, әткеншек ойнайтын болды. Бұл біз үшін қуанышты жағдай, — дейді мөлтекаудан тұрғыны, алты баланың анасы Сәуле Елбасиева.
Күрделі жөндеу жұмысын көрген нысанның бірі – аудан орталығындағы Амангелді Иманов атындағы жалпы орта мектебі. Жарты ғасырдан астам уақыт балаларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан нысанда жалпы құны 576 миллион теңгенің жұмысы жоспарланып, қазір бірінші кезеңі аяқталыпты. Ішкі есіктер мен едендер, электр жарығы, терезелері ауыстырылған. Ал, қазіргі кезде шатырлар мен дәліз едендерін ауыстыру, ішкі әрлеу жұмыстары, спорт алаңшаларын жөндеуден өткізу сияқты шаруалар атқарылуда. Аталған жөндеулер мектеп ғимараты пайдалануға берілгеннен бері жасалынбаған.
Ауданда сондай-ақ, ескі аурухана ғимараты болған провизорлық орталыққа, С. Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебіне, «Диамұр» бөбекжай балабақшасына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, инфрақұрылым саласында ауыл тұрғындарының өтінішімен «Қызыл сеңгір — Боралдай» арасындағы қара жолға тас төселуде. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Төрткөл ауылындағы Жібек жолы көшесі бойында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жоба аясында жастар аллеясы, балалар алаңшасы, аяқжол мен веложол салынды. Бадам ауылында да облыстық маңызы бар автожол бойы абаттандырылуда. Бадамдағы «Орда» мөлтекауданында инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына қаржы қаралып, ауызсу, электр жүйелерінің құрылысы басталған.
Ордабасы ауданында спорт саласында алуан тірлік атқарылып жатқанын да мұндағы құрылыс жұмыстары айғақтайды. Қарақұм, Бөген, Ұялыжар, Темірлан ауылдары мен мектеп жанынан ашылған нысандарды қосқанда барлығы 13 спорт ғимараты пайдалануға берілген. Ал, ауыз су саласында жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелердің де түйіні тарқатылуда. Бүгінде аудандағы 57 елді мекеннің 43-і ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Осы жылы он елді мекенде ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Нәтижесінде Мамыр, Ықыластемір, Ұялыжар, Арыстанды ауылдарында бұл проблама шешімін тапты. Жеңіс ауылының тұрғындары да кермек судың азабынан құтылып, таза ауыз суға қол жеткізді.
Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков БАҚ өкілдеріне арнап өткізген брифингте атқарылып жатқан басқа да шаруаларға тоқталып, толығымен баяндады. Аудан тұрғындарын газбен қамту, мәдениет, денсаулық салаларындағы серпілістерге қанықтырып, журналистердің сауалдарына жауап берді. Бір сөзбен айтқанда, Ордабасының айы оңынан туып, тірлігі оңалып келеді.