Қандай да бір мереке жақындаған сайын қыз-келіншектер дастарқан қамын ойлай бастайды. Оның ішінде биылғы дастарқан несімен ерекшеленуі тиіс? Сіздің қолыңыздан шыққан тағам әрі желінетін, әрі пайдалы, сонымен қатар сәнді болуы тиіс. Осыған орай асүй иелеріне арнап қысқы тоңазыма немесе дірілдек холодец жасаудың ерекше түрін ұсынамыз.
Әдетте тоңазыманы қалай жасау жолын оны үнемі даярлап жүрген асүй бикелері жақсы біледі. Біз бұрын жасап көрмеген жандар үшін әдеттегі тоңазыманы жасау рецептін назарға ұсыналық. Ол жұмыртқа пішінді қалыпта жасалған ерекше тоңазыма. Ол үшін жұмыртқаның қабығын жармай, үшкір затпен төбесін тесіп, ішіндегі уызын ағызып алып, қабақты ас содасы салынған жылы сумен әбден жуамыз. Таза қабықтарды жұмыртқа салатын арнайы ыдысқа салып, кептіріп қоямыз.
- Сирақты жуып, тазалап, бөліп, үстінен жоғары етіп су құйып, отқа қоямыз. Бір жапырақ қара кесек ет қосып жіберіңіз. Сиырдың бір дана сирағы бір бөлік тағамға еркін жетеді.
- Қайнағаннан кейін отты өте жай мөлшерге бәсеңдетеміз. Сирақ кемі сегіз сағат қайнауы тиіс. Татымына қарай тұз, қара бұрыш қосуды ұмытпаймыз.
- Қайнаған етті нарынға турағандай ұсақтап, қызыл, сары болгар бұрышын түймедей мөлшерде тураймыз.
- Әбден былбырап піскен сирақтан сіңір өздігінен ажыратылып қалатындай қайнауы тиіс. Сирақты сүзіп алып, сіңірін турап қоямыз.
- Дайын жұмыртқа қабығына көкшөп, болгар бұрышын араластырып және ұсақ етті салып, сүзілген сорпаны құйып шығамыз. Тесілген төбесін жоғары қарата жұмыртқа салатын ыдысқа орналастырып, салқын жерге қоямыз. Таңға дейін дірілдек қалпына келіп, жеуге жарамды дәмді тағамға айналады.
Жоғарыда сүзілген сирақты кесіп, турап қоятынымызды айттық. Оны жұмыртқа пішіні шағын болғандықтан, сыйғыза алмаймыз. Сондықтан оны өзіміз бұрыннан істеп жүргендей қалаған ыдысқа салып, үстіне қалған сорпаны құйып, оны да салқын жерге шығарамыз. Арасына піскен ет, қайнаған жұмыртқа мен сәбізді турап салсаңыз болады. Ал, жұмыртқа пішінді тоңазыма жаңа жылдық шыршаға ілетін ойыншықтар сияқты сан алуан түс беріп, дастарқан мәзірін ашады және мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Тоңазыманы үнемі жейтін жандар буын және омыртқа ауруларына шалдықпайды.