Жуырда «Өзге пікір» газетінен Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушысының шашбаудың пайдасы туралы ғылыми жұмысын қорғап шыққаны туралы ақпаратты оқып қалдым. Бұл жаңалық менің көзіме оттай басылды. Өйткені, шашбауға қатысты өзімнің де көптен газетке жазсам деген көкейімде бір ой жүрген еді.
Есімді білгелі байқағаным, анамның басынан ақ жаулығы түспей, қалың қап-қара қос бұрымы шашбауымен жүретін. Мен оған қатты қызығып, «Өскенде анамдай болсамшы, шіркін-ай! Шашым ұзын, шашбау тағып сыңғырлап жүрсемші» дейтінмін. Бірде шашым иығымнан сәл түсіңкіреп өсіп қалғанын байқап, анама ентіге жүгіріп келіп, өзінің шашындай қос бұрым етіп өріп, шашбау тағып беруін өтіндім. Анам сонда сәл кідіріп, менің шашымды қос бұрым етпей, бір бұрым етіп өріп отырып, бір әнгіме айтып берді…
— Қазақта өрілген ұзын бұрым сұлулықтың сәні саналған. Оған шашбау тағып, айрықша күтім жасаған. Шашбау да шаштың өсуіне ықпалын тигізіп, қыз баланың денесін тік ұстап, басын нық көтеріп жүруін қалыптастырған. Шашты қырқып кеспей, тобығына дейін жеткізе өсіру бойжеткеннің сымбатын асыратын сәні болған. Шаштың қоюлығы мен сұйықтығына қарай бұрым да үлкен және кіші болып келеді. «Жуан бұрымды — жеңді білектей, қос бұрымды тау басынан құлаған бұлақтай», – деп мадақтаған.
Келіншек пен қыздың айырмасы да бұрымында (шашы) болады екен. Бұрым — қыз баланың өрілген ұзын шашы. Қыздың бұрымы біреу болады. Егер екі бұрым етіп өрілсе, келіншек екендігін білдірген. Қыздың арқасына түсетін ұзын бұрым ерекше күш қуат беріп, әйелдің тәні мен рухын мықты қылған екен. Егер қыз бір бұрымды, құлағында сырғасы болмаса, қызды айттыру үшін әкесіне сөз салады екен. Қыздың құлағында сырға болса, қызға астыртын сөз салуға ешкімің құқысы болмаған. Әкесі анасымен сөйлеседі. Ал анасы қызымен сөйлесіп, егер келісімін берсе құда болады. Күндердің күнінде қыз бойжетіп, ұзатылып, той жасалып, қызды шығарып салады. Күйеу жігітпен некесі қиылып, шымылдыққа жатқан соң, таңертең бір бұрымды тарқатып жіберіп, қос бұрым етіп өрген екен. Сонда бұл қос бұрымның сыры Құдай қосқан қосағым бар деген ұғымды білдірген екен. Яғни, ендігі жерде әйелдің күші екіге қақ жарылған. Енді ол әрі әйел, әрі ана ретінде күш жұмсайды. Оның рухани күші тек өзіне ғана емес, отбасына, күйеуі мен балаларына да жұмсалады, —деген еді анам.
Мен шашымды екі бұрым етіп өргізбек болып қызыққанымда анамның оны неге бір бұрым етіп өргенінің сырын осылай түсіндім. Қазір ойласам, анамның сол кезде айтқан ақылы тұтас энциклопедиялық дерекке татитын нақыл екен. Өрілген шашты омыртқаның үстінен жіберіп кою табиғат ананың күш-қуатымен сусындауға мүмкіндік беретінін кейін кітаптардан қосымша оқып алдым. Әйел омыртқадан өткен қуаттан нәзіктік алады екен. Сол сияқты жаңа босаға аттаған соң, дүниеге сәби келіп, ана атанары хақ. Мұндайда келіншектің екі ұлы болса, оң қолына екі білезік, үш қызы болса сол қолына үш білезік тағылған екен.
Басынан ақ жаулығы түспеген анамның әрқашан қос бұрыммен, оң қолында төрт білезік, сол қолында алты білезік тағып жүруінің сыры осында екен! Міне, қазағымның даналығы, әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрінің тәрбиелік мәні осында!
Мен асыл анашымның өз анам болғанына ғана емес, барлық қазақ аналарына тән қасиетті бойына жиған болмысы үшін мақтан етемін!