Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан денсаулық саласына бөлініп отырған көңіл мен көмек айрықша. Заманауи аппараттар алуға қазынадан жеткілікті қаржы бөлінуде. Нәтижесінде азаматтардың денсаулығы жыл санап жақсарып келеді деп айтуға негіз бар. Ең бастысы, ауру салдарынан өлім-жітім төмендеді.
Бүгінде Ордабасы ауданы тұрғындарына орталық емхана мен аурухана, үш бастапқы медициналық санитарлық көмек, сегіз дәрігерлік амбулатория, жиырма фельдшерлік-акушерлік және он сегіз медициналық бекет қызмет көрсетуде. Бір қуаныштысы, соңғы жылдары ана өліміне жол берілген жоқ. Жарық дүние есігін ашқан нәрестелер қатары да артумен келеді. Мәселен, 2019 жылы ауданымызда 2483 сәби туылса, өткен жылы 2574-ке жетті. Ал аурушаңдық айтарлықтай төмендеді. Атап айтқанда, қан айналым жүйесінің ауруларымен ауыратын науқастар өткен жылмен салыстырғанда 755 адамға азайды. Туберкулездің көрсеткіші 2019 жылы 44,4 құраса, өткен жылы 38,0-ге төмендеді. Онкологиялық аурулар 81,2-ден 72,4-ке кеміді. Балалардың өлім-жітімі де төмендеп, бір жасқа дейінгі нәресте өлімінің көрсеткіші 4,7-ге қысқарды.
Біз өз қатарымызды жас та, білікті мамандармен толықтырып отырамыз. Осы мақсатта он төрт жас маманды жұмысқа қабылдадық. Сонымен қатар, басты жетістігіміздің бірі ретінде жаңадан ашылған ғимараттарды айтуға болады. Ордабасы аудандық орталық ауруханасына қарасты ескі ғимаратты (ескі аурухананың перзентхана, жансақтау, хирургия бөлімдері болған) аурухананың үнемделген және ақылы қызметтен түскен қаражат есебінен және аудан әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған демеушіліктің арқасында күрделі жөндеуден өткіздік. Қазіргі таңда ғимарат COVID-19 пандемиясына байланысты қырық төсек орындық инфекциялық госпиталь ретінде пайдаланылуда.
Қараспан ауылдық емханасына қарасты Жұлдыз, Ақжол, Бөржар дәрігерлік амбулаториясына қарасты Бірлік фельдшерлік-акушерлік бекеттерінің ғимараттары мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жаңадан салынды. Сонымен қатар, Шұбар дәрігерлік амбулаториясына қарасты Сарытоғай, Жусансай, Аққойлы ауылдарында дәл осындай жолмен фельдшерлік-акушерлік бекет салынуда. Өткен жылғы айта жүретін тағы бір жетістігіміз – орталық ауруханаға табиғи газ жүйесінің тартылғандығы. Үнемделген қаржы есебінен жаңа қазандық сатып алынып, ол қараша айында толығымен іске қосылды.
Ордабасы аудандық орталық ауруханасына коронавирус індетіне байланысты гуманитарлық көмек ретінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан 119 906 дана дәрі-дәрмек қоры жеткізілген. Сондай-ақ, санитарлық DAMAS автокөлігі берілді. Аудандық мешіттен 550 дана төсек жайма матасы табысталды. Ауданның шаруашылық бөлімінен, Шұбар ауылы, Төрткүл белсенділерінен, «Біз отандастар қорынан», Мәдениет үйінен, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылық тарапынан, Ынталы мен Бадам ауылы белсенділерінен, «DAULETTEN Қайырымдылық қоры» тарапынан дәрі-дәрімектер мен медициналық құрал-жабдықтар жеткізілді. Басқарма тарапынан бес дана арнайы аппарат, аудандық әкімдік тарапынан демеушілік ретінде екі оттегі рампасы орнатылып, қырық оттегі баллоны сыйға тартылды. Аудандық аурханада отыз сегіз пульксоксиметр қолданыста болса, басқарма тарапынан тағы алпыс екісі жеткізілді. 2020 жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – аудандық орталық ауруханаға жылжымалы медициналық кешен (автобус) табысталды.
COVID-19 ауруы бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып отырғаны белгілі. Сондықтан пандемиямен күресуге медициналық қызметкерлердің резерві жасалды. Өткен жылы аурухананың жалпы көлемі 1133 шаршы метр болатын ескі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қырық төсек орындық инфекциялық, жиырма төсек орындық обсерваторлық бөлім іске қосылды. Коронавирус инфекциясының таралуын төмендету және жұқтыру қаупін азайту мақсатында Сүзгі бөліміне Бас санитар дәрігердің 57 қаулысы бойынша таза және лас аймақтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудандық ауруханада коронавирустық инфекцияны анықтайтын зертхана іске қосылды. Зертхана мамандарының ПТР әдісімен тәулігіне 500-ге жуық тест өткізуге мүмкіндігі бар. Арыс, Бәйдібек аудандарымен ПТР-ды анықтау мақсатында келісім-шарт жасалып, жұмыс жүргізілуде. Зертхана тәулік бойы жұмыс істеуде. Орталық аурхананың кіреберіс есігінде санөткел орналастырылып, медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікпен ауруханаға кірген адамдардың дене қызуын өлшеуді жолға қойған. КВИ бойынша аурухананың стационарында, орталық емханада және төрт БМСК (Қараспан, Бадам, Төрткөл, Шұбарсу), сегіз Дәрігерлік амбулаторияларда (Шұбар, Қайнар, Бөржар, Бөген, Жеңіс, Қарақұм, Қажымұқан, Көктөбе) аула аралау жұмыстары жүргізілді.
Перзентхана бөлімінің алдында медицина қызметкері қорғаныш киіммен жүкті әйелдердің дене қызуын өлшейді. Дене қызуы бар немесе COVID-19 расталған жағдаймен немесе пневмониямен түскен жүкті әйелдерге сырттан кіріп-шығатын есігі бар бокс палата қарастырылған. Жүкті әйелдің босануына барлық жағдай жасалып отыр.
Аурухана бойынша жиырма төрт орталықтандырылған оттегі нүктесі бар еді. Оған қосымша облыстан қырық дана оттегі нүктесі орнатылды. Жаңадан ашылған инфекциялық госпитальге жиырма оттегі нүктесі қойылып, жалпы саны сексен төртке жетті. Аурухана бойынша он бір концентратор болса, гуманитарлық көмектің арқасында және отыз кислородты концентратор келді. Олардың жиырма бірі қолданыста (қорда тоғыз данасы тұр). Қырық бір оттегі концераторы, он тоғыз ИВЛ аппараты бар. Қосымша гуманитарлық көмек есебінен тағы екі ИВЛ аппараты келді. Аурухана бойынша жалпы жиырма алты ИВЛ аппараты бар.
Өткен жылы өзіміз қол жеткізген осындай дайындықтың арқасында біз аудан тұрғындары алдында өз борышымызды мүлтіксіз атқаруға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз.
Бахытжан Мырзагелдиев,
Ордабасы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері