Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Шатқалдардың шырайы неге кетті? – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Шатқалдардың шырайы неге кетті?

Осыдан небәрі төрт жыл бұрын Шымқалада қараусыз сай-саланы жасыл желекті аумаққа айналдыру жөнінде игі бастама қолға алынған еді. Бұрынғы ОҚО әкімі Ж. Түймебаев «Шатқал» бағдарламасы арқылы Шымкентті ғана емес, аудан орталықтарын да көркейтіп, көріктендіру жөнінде жергілікті билікке тапсырма беріп, тұрғындар демалатындай жағдай жасауды талап еткен болатын. Нәтижесінде Шымкентте 124 гектар жерді құрайтын аумаққа, ал жалпы облыс бойынша 400 мың түптен астам жасыл желек егілген.

Бүгінгі мегаполисте сол кезде жиырма алты мыңнан астам текше метр жер көгалдандырылды. Ал көшеттердің жайқалып өсуі үшін он жеті ұңғыма қазылып, жиырма алты су қоймасын жасау арқылы отыз шақырымға жуық суғару жүйесі тартылған. Емен, айлант, үйеңкі, шаған, боз арша, аққайың, қарағаш сынды ағаштардың көшеті отырғызылып, бес адам тұрақты жұмысқа тартылған. Тіпті, кейбір шатқалдар меценаттардың арнайы қарауына бөлініп,  басқарма, жоғары оқу орындарына да берілген еді. Сол кездегі жоспарға сәйкес шатқалдарды көбейту ісі кезең-кезеңімен жүзеге асып, 46-ға жетуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, арада бес жыл өтпей-ақ, шатқалдардың шырайы қашып, шаруасы біткендей. Демалыс орнына айналдыру үшін құрылған  шатқалдардың қазір ізін де таппайсыз. Кейбір жеке кәсіпорындардың атына берілген аумақ сүріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Онда тоғыз қабатты 21 көпқабатты үй бой көтерді. Ал, бұрын қоқысқа көміліп, қараусыз жатқан сай-салалар шатқалға айналғаннан кейін ол жерлердің де меншік иесі табыла кеткен.

Қазіргі кезде қала шетіндегі шатқалдарда өлі тыныштық орнаған. Есігі жіппен байланып, әр жерден қарауытқан талдар жасыл желекке айнала алмай қылтияды. Ал, кіреберісі бәз-баяғы күл-қоқыс орнына айналған. Алғашқы жылдарда көшеттердің өнімділігі жетпіс бес пайызды құраған болатын. Оның арасында табиғи қурау процесі де бар екенін мамандар алға тартқан еді. Бірақ, әкім кеткеннен кейін көшеттер қараусыз қалып, жолы болмаған жоба қыруар қаржыны желге ұшырып кетті. Мамандар бұл іске бірі ағаштардың дұрыс егілмегенін кінәласа, екіншісі дұрыс күтім көрмей, суғарылмағанын алға тартады. Өкініштісі, тек Шымкентте ғана емес, қазіргі Түркістан облысына қарасты біраз аудандарда да осы жағдай қайталанды. Өңірді желекке көмкереміз деп жең түргендердің желпінісі Жансейітов орынтағынан кеткен соң су сепкендей басылып, істің соңы сиырқұйымшақтанып барып жоқ болды. Шымкент қалалық энергетика, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының сол кездегі дерегіне сүйенсек, үш жыл ішінде шатқалдарды саябаққа айналдыру мақсатына 800 миллион теңге жұмсалыпты. Бұл қаржының басым бөлігі демеушілер есебінен тартылған.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, соңғы жылдарда бізде көшет егу – қаржыны желге шашудың көзіне айналған іспетті. Енді Түркістанды түлетуге облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевте ынты-шынтысымен кіріскені көрініп тұр. Облыс орталығын жасыл белбеумен көмкеру үшін әр аудан-қалаға нақты тапсырмалар бергені белгілі. Бірақ, олардың қаншалықты сапалы жұмыс атқарып жатқаны  беймәлім. Өйткені, жерді тоң жапқан қара суықта да көшет егіліп жатты. Оның өнуі қалай болмақ? Мамандар мұның қаржыны жерге көму екенін жасырмайды.

«Шатқал» бағдарламасы болсын, жалпы айналаны жасыл желекке көмкеру бағытындағы бастамалардың барлығын бас бармақпен бағалауға болады. Себебі, мұның тиімді тұстары, пайдалы жақтары өте көп. Өкінішке қарай, әкім ауысса болды жақсы бастамалар жалғасын таппай қалуда. Неге бұлай? Шаруасы біткен шатқалдардың сұраусыз қаржысы кімдердің мойнында?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған