Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
«Төпен айтқан екен» – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

«Төпен айтқан екен»

          Ел аузында белгілі сатирик Көпен Әмірбектің інісі «Төпен айтқан екен» деген бірқақпайлар көп. Төпен Әмірбек 1954 жылы 11 желтоқсанда бұрынғы Қызылқұм ауданы, Балтакөл ауылына қарасты «Көлқұдық» елдімекенінде дүниеге келген. Әзілдің «түбін түсіргенде» ағасынан асырып айтатын оның әзіл-қалжыңдарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

     «Төпенді емес, үйін сұрадың ғой…»

«Төпен айтқыш екен» деген сөздерді естіген «Шаншар» секілді әзіл-сықақ театрлары көптеген материалдарын Төпеннен алып, ары қарай дамытып, сахнаға шығарады екен. Төпенді көрмеген, бірақ атын естіген бір шымкенттік өнерпаз оны Шәуілдірге іздеп барыпты. Ауыл шетіне ілінгеннен кездескен адамнан сұрай-сұрай Төпеннің үйіне де жетіпті. Сол кезде жұпыны киініп алған Төпен есігінің алдында жүрген көрінеді. Оған келіп амандасқан әлгі адам оны Төпен деп ойламай, одан Төпеннің үйін сұрапты.

«Анау» деп қолымен нұсқап, Төпен өз үйін көрсетіпті. Үйге барып, анамыздан: «Төпен қайда?» – деп сұраса, ол кісі таңданып: «Жаңа ғана аулада амандасқан адамың Төпен емес пе?», – дейді. Төпенге қайтадан келген өнерпаз:

-Төпеке-ау, мен сұрағанда Төпен екеніңізді бірден айтпадыңыз ба? – десе ол:

– «Інім, сен Төпенді емес, Төпеннің үйін сұрадың ғой» деген екен.

 

«Қай балаңыз бес рет құдалыққа апарды?»

…Әкесі Әмірбек қайтыс боларының алдында қатты науқастанып жатқан көрінеді. Ауру әкесінің көңілін бір көтермек ниетпен Төпен жанына жақындап:

– Көке, маған риза шығарсыз, менен басқа қай балаңыз бес рет үйленіп, сізді бес рет құдалыққа апарды, – депті. Сонда ауруы қанша жанына батып жатса да Әмірбек қария күліп жіберген екен.

 

КӨРІСЕТІН МЕН ҒОЙ

Шымкент қаласында құрылыс жұмыстарының екінші қабатын жүргізіп жатқан Төкең бір күні өте епетейсіз қимылдайтын туған інісінің баласы Бекзатқа қарай айқайлап:

– Әй! Байқасайшы! Құлап өлесің ғой!

– Өлсем, өлетін мен ғой, – дейді Бекзат.

– Өлетін сен екеніңді білемін, бірақ ертең қатарда көрісіп тұратын мен ғой, – депті Төпен күйініп кетіп.

 

БАҚЫТЫҢДЫ «БАЛОННАН» ІЗДЕ

Футболдан әлем чемпионатының іріктеу жарысына қатысқан Қазақстан құрама командасы Алматы қаласында «Португалия» командасын қабылдайды. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Төпен інісі Ерсұлтан екеуі арнайы Алматыға барып, футбол ойынын тамашалап, қайтып келе жатқан беті екен. Тараз қаласы арқылы Түлкібастан өте бере көліктерінің бір доңғалағы жарылып қалыпты. Шелектеп, нөсерлеп жауған жаңбырдан сыртқа шығу мүмкін емес. Амалдап «запаска» балонын ауыстырып алады да, Шымкентке қарай бет алады. Ұзамай-ақ бір елді мекеннен өте бере екінші доңғалағы да жарылып, амалсыздан көлік ішінде қонуға тура келеді.

Түнгі сағат төрттердің шамасы. Бір көлік тоқтамайды. Не керек, таң бозарып ата бастаған кезіде Төпен жол шетінде ілінген үлкен бильбордтағы жазылған жазуға көзі жетпей, қасындағы інісі Ерсұлтанға:

– Сен жастаусың ғой, оқышы, анау не деген жазу?, – деп сұрайды.

– «Бақытыңды басқадан іздеме, балаңнан ізде». М.Әуезов, – депті.

– «Ұлы адамдарда ұлы қателіктер болады» деуші еді. Рас екен.

– Қандай қателік?

– Бұл дұрыс емес. Негізі «Бақытыңды балаңнан іздеме – балоннан ізде» деп жазылуы керек еді, – депті көліктерінің екі доңғалақтары жарылап, түнімен көз ілмеген Төкең.

 

«KТК» ТАРИХЫ

Талғар ауданына қарасты «Мичурин» колхозында құрылысшы достарымен Төпен үш қабатты үй тұрғызып жатыр екен. 1992 жылдың күз айы. Төкеңдерді ауылдан достары іздеп келіп, кешке тамақтарын ішіп болғанда бір досы телевизорды қосып қалады. Арнадан «КТК» деген жазу көрініп, оған түсінбеген досы «КТК» деген не?, – деп сұрапты.

– «КТК» – Көпен Төпенге Келмейді, – деген сөз деп жауап беріпті.

 

БӘРІҢДІ КҮТІП ОТЫР ПЕЛЬМЕН БҮГІН

1995-ші жылдың мамыр айы. Әмірбек көкенің кенже ұлы Ерсұлтан Айжанға үйленіп, үйде құдалық күтетін болды. Ол кез баяғы екі күн қатарынан келген құдаларды түнімен күтіп, ертеңіне ағайын-туыстар жеке-жеке үйлеріне мал сойып шақыратын ағыл-тегіл заман еді. Түнімен меймандарды күтіп, ертеңіне кезегімен үй-үйлерді аралап жүріпті. Кім қандай тамақ беретіні жөнінде ешкім ағайындарымен ақылдаспай, өздері рет-ретімен құдаларға үй көрсетіп, танысып жатыр екен. Сол жылдары Темір ауылының әкімі болып қызмет атқарып жүрген Төпеннің ағасы Рахматулла да құдалармен бірге жүріпті. Құданың құдіреті, қай үйге барса да пельмен дайындаған көрінеді.

– Мынауымыз ұят болды-ау! – деп Рахматулла ең соңынан өз үйіне құдаларды кіргізіп жатып Төпен інісіне:

– Рая жеңгеңнен барып білші, не тамақ әзірлеп жатыр?, – деп бөлмесіне кіріп кетеді. Аяқ киімін шешіп, ішке кірейін деп жатқан Төпенге жеңгесі:

– Қайным! Ішке бара жатырсың ба? Онда мына пельменді ала кір, -депті. Қолында дәу табақ пельмені бар Төкең ішке еніп:

– Құдалар құтты болсын келген күнің,

Бәріңді күтіп отыр, пельмен бүгін, – деп жұртты күлкіге қарық қылған екен.

 

ҮШ КӨПІР

Түн жарымынан ауған кезде Шәуілдірден Төкең бастаған үш жігіт «КамАЗ» көлігімен Шымкентке қарай кетіп бара жатқан көрінеді. Ғалымжан рөлде, қасында Сәйфулла деген жиені бар. Ұзақ жолды қысқарту үшін қысыр әңгімеден басталып, ақыры Төкең ойламаған жерден Сәйфуллаға:

– Шәуілдірден Шымкентке дейін қанша көпір бар екенін нақты айтып берсең жақсы сыйым бар, – дейді. Көліктің шетінде отырған Сәйфулла түн қараңғылына қарамастан жолда кездескен көпірлерді біртіндеп санай бастапты. Жолшыбай Шілік, Төрткөл, Сыпатаев, Жиенқұм, Темірлан секілді ауылдардан өткен кезде Сәкең шын ықыласымен көпірлерді санай беріпті. Сонымен таң ата Шымкент қаласына да келіп кіреді.

– Мен дәл санап шықтым. Барлық көпірлер саны -64, – дейді ол Төкеңе қарайлай, әлгі сыйдан дәмелі екенін жасырмай.

– Таппадың! Шәуілдірден Шымкентке дейін үш-ақ көпір бар! Есіңе сақтап ал, – депті ол саусағын бүгіп: бірінші көпір – Темірдегі «Тесік көпір», екіншісі – «Қызыл көпір», ал үшіншісі – «Қатын көпір» дегенде аңқаулығын енді түсінген Сәйфулла күліп жіберген екен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған