Қасым-Жомарт Тоқаев па, Нұрсұлтан Назарбаев па?
Бір мемлекетте екі Президент болмайды. Бізде де солай. Әрине, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен бастап мемлекетімізді ширек ғасырдан астам уақыт басқарып, тығырықтан аман-есен алып шыққан Нұрсұлтан Назарбаевқа деген елдің ықыласы ерекше. Оның еселі еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Нұрсұлтан Әбішұлының есімі Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш Президент ретінде жазылды. Солай сақталады да.
Ұдайы алға қозғалатын уақыт доңғалағы өз жаңалықтары мен өзгерістерін қоса алып жүреді. Н.Назарбаев ресми түрде президенттік өкілеттігін тоқтатып, мемлекет тізгінін Қ.Тоқаевқа өткізгеніне наурыз айында екі жыл толады. Солай болса да кейбір шенеуніктер бұл жаңалыққа әлі де жатырқай қарайтын секілді. «Біздер, яғни бәйдібектіктер өзімізді әкім тәрбиелейтін шеберхана санаймыз. Тәуелсіздік алғалы облысты басқарған әкімдердің тең жартысы біздің ауданның тумасы. Мұны мақтан тұтамыз. Әрине, бұл оқиғаның орын алуына Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әсері болды. Ауданымыздың сақталып қалуына да Елбасының тікелей септігі тигенін ел ұмытпайды. Дегенмен, күнді қолмен көлегейлей алмайтынымыз секілді шындықты да жасыру мүмкін емес. Сол үшін әр нәрсені өз атауымен атаған дұрыс.
Менің айтайын дегенім, Бәйдібек аудандық әкімдік ғимаратының кіре беріс дәлізіндегі жазбаға қарасаңыз Мемлекет басшысы әлі күнге дейін Н.Назарбаев екен деп ойлап қаласыз. Қабырғада ілулі тұрған «Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы» деген жазба менің ойымның дәлелі бола алады. Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауынан аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков бастаған бәйдібектік шенеуніктер іліп алар ештеңе таппаған болса Нұрсұлтан Әбішұлының есімінің қасына Тұңғыш Президент, Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы деп көрсетсе болады ғой. Әлде бұл селқостықтың салдары ма? Олай деп топшылайын десем, былтыр аудан басшысы ауысқанда қабылдау бөлмесіндегі маңдайшада бұрынғы әкімнің емес, қазіргі басшының аты-жөні тұр ғой. Ендеше, неліктен ауысқанына жуырда екі жыл толатын жаңа Президенттің есімі әлі ілінбеген? Қалай болғанда да қазіргі Президенттің кім екенін білмеуі, білсе де елеп-ескермеуі аудан басшысы Е.Шәріпбекұлынан бастап оның идеология жөніндегі орынбасары Б.Жанғазиевтің, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ө.Алдамжаровтың білмегені ұят, саяси қателік деп есептеймін. Әлде олар Қ.Тоқаевты Қазақстанның Президенті ретінде мойындамай ма?». Редакциямызға өзін Бәйдібек ауданынан Жасұлан Ниязбеков деп таныстырған оқырманымыз ойын осылай жеткізді.
Расында Ж.Ниязбековтың көтеріп отырғаны мәселесі өте өзекті. Сондықтан аудан әкімдігінің кіре берісіндегі бұл жазу неге осы күнге дейін өзгертілмегенін білу үшін біз жоғарыда аттары аталған жауапты лауазым иелеріне хабарласып, пікірлерін білмек болдық. Бірақ олар жиналыста болды ма, әлде басқа себептері бар ма, әйтеуір телефон тұтқасын көтермеді. Қалай болғанда да біз Жасұлан Ниязбеков көтерген бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстайтын боламыз. Сол себепті телефон арқылы қоя алмаған «неге бұлай» деген сауалымызды газет арқылы жолдауды жөн көрдік. Нақты айтар жауаптарыңыз немесе келіспеушіліктеріңіз болса басылым бетінен орын беруге әзірміз.