Биылғы жаңа жылды шымкенттіктер «шулап» қарсы алды. «МузАРТ» тобының белді мүшесі, қазақ эстрадасының көрнекті өкілі деуге еңбегі лайық Сәкен Майғазиев «Түркістан» сарайының, қазіргі «Шымкент қалалық мәдениет үйі» МКҚК директоры қызметіне тағайындалды. Сүйікті әншілерінің елге оралғанына сүйіншілеткен ағайын үшін тосын сый мұнымен аяқталмады. Соңғы жаңалықтар легі үшінші қалаға әншілер армиясы лап қойғандай әсер етті. Облыстық опера және балет театры басшысының орынтағына саф өнердің саңлағы Майра Мұхамедқызы жайғасты. Осылайша айды аспанға бір-ақ шығарған мегаполистің мәдениет тізгінін ұстағандар бөлім басшысы орынбасары қызметіне эстрада әншісі Ақбота Керімбекованы лайық көріпті. Бұл туралы Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының баспасөз хатшысы ресми мәлімдеме де жариялады.
Танымал әншілердің Шымкентке шенеунік болып келуі өңір мәдениеті мен өнерінің дамуына қандай серпіліс береді? Жалпы, көпшілік өнер иелерінің мемлекеттік қызмет тізгінін қаймықпай қолға алуын қолдаса, енді бірі шығармашылық пен басшылық қызметті шатастыруға болмайтынын, әркім өз жұмысын атқарғаны дұрыс деген сыңайда пікір қалдыруда. Осыған орай жоғарыдағы сауалдарды белгілі тұлғаларға қойған едік. Композитор, Шәмші әндерінің насихатшысы Қалдыбек Құрманәлі:
— Шынымды айтайын, мен егер Сәкеннің орнында болсам Шымкентке келмес едім. Неге? Өйткені, бала-шағасы, отбасы, қалыптасқан ортасы, тіпті екінші отбасына айналған «МузАрт» триосы да Алматыда. Еліміздегі Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын бірден-бір жоғары оқу орнында лайықты қызметі де бар еді. Сондықтан осының барлығын тастап, жергіл
ікті биліктің ұсынысын қабыл алып келген оған рақмет айтуымыз керек. Сәкеннің қызметке қызығып келмегені белгілі. Мен басында бұл жаңалықты естігенде тіпті сенген жоқпын, таңқалдым. Кейін рас екеніне көз жеткен соң риза болдым. Халыққа танымал, сүйікті әншіміз туған жеріне оралып, түлетемін деп келсе оның несі айып? Шетелден немесе қытайдан біреу келіп жатқан жоқ, өзіміздің Созақтың баласы. «Түркістан» сарайы деп аталған қарамағындағы ғимарат меншігіне енді бірнеше қалалық клубтар, «Оңтүстікфильм» мекемесі, ХШО сияқты мәдениет мекемелерінің жұмысы да жүктеліп отыр. Әрине,
алдын-ала бәрі керемет болып кетеді деп айта алмаймын ғой, уақыт көрсете жатар. Білетінім, Сәкен студенттермен, көрерменмен жұмыс істеп, концерт ұйымдастыруда әбден ысылған жігіт. Өзіне сеніп тапсырылған үдеден шығып, өз деңгейінде атқара алатыны, оған тәжірибесі жететініні анық.
Ал, енді Майра Мұхамедқызына келетін болсам, опера жанрында шетелдерге танылған, әлемдік деңгейдегі тәжірибесі бар өнер иесі. Шымкент опера және балет театрының шығармашылық ұжымын танытуға, деңгейін көтеруге, алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарлар ұйымдастыруға оның беделі де, тәжірибесі де жетеді. Сондықтан, Майраның келуінен біз пайда көрмесек, зиян шекпейміз. Ақбота да өзіміздің талантты әнші қарындастарымыздың бірі. Оны әнші ретінде жақсы білеміз, бірақ мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар-жоғын білмеймін, өмірбаянындағы еңбек жолымен таныс емес екенмін.
Жалпы соңғы кезде әлеуметтік желіні ашып қалсаң бос әңгіме, қысыр сөзге үйір, қолы бос адамдар бір-біріне тас лақтырып отыратын болыпты. Атқа мінгеннің де, таққа мінгеннің де шаужайына жармасып қалып жатады. Тіпті, балшықтың бел ортасына кіріп кеткендей сезінесің. Желіге тіркелгеніме қазір өкінбесем, қуанбаймын. Өзім де осыдан сегіз жыл бұрын қаншама жыл тұрған өнер ордасы Алматыдан Шымкентке қайта оралдым. Туған жерім Бәйдібектегі әкемнің қарашаңырағын қаңыратпайын деген оймен келгенмін. Сол кезде осы «Түркістан» сарайының алғашқы директоры қызметі бұй
ырды. Әркімнің де таңдау құқығы бар екенін ескерсек, әншілердің келіп-кеткенін жерден алып, жерге сала беруге болмайды. Рас, танымал шығармашылық адамы мықты басшы бола алмауы мүмкін. Менің есімде қалғаны – қазақтағы талантты адамдар арасынан керемет басшы бола алған тек Шерхан Мұртаза ғана. Жазушылығы қандай керемет болса, атқарған қызметі де сондай. Ол басқарған телеарна да, газет те жанданып сала беретін. Ұлттық мүддені мемлекеттік мүддемен тоғыстырып жұмыс істей алу адамына байланысты. Келген адам кетеді, оның қалай жұмыс істегені сол кезде білінеді. Өз басым әншілердің келгенін қызғанып емес, таңқала қабылдадым, – дейді ойын ашып айтып.
Ал, композитор Құралай Сәтмұхамбетова: «Майра Мұхамедқызының қалалық опера және балет театрына келгені біз үшін ойламаған жағдай болды, негізі. Қазақстанда ғана емес, көптеген шет елдерде классикалық кейіпкерлердің рөлін сомдап, қиын да күрделі партияларды орындап, үлкен тәжірибе жинап келген әншінің біздің театрға берері мол деп ойлаймын. Бір жыл ма, жарты жыл ма, тіпті бір ай жұмыс істесе де Шымкент опера театрына үлкен пайда дер едім. Өзі прима әнші болып жүрген Астана-операны қиып келген ерлігіне тәнтімін. Ал Сәкен тек қана жақсы әнші ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті мол, басшылық тәжірибесі де бар, сахна жағдайын жақсы білетін азамат. Ақботаны да қалай келіп қалды деп таңқалатындай, мемлекеттік негізде жұмыс атқармайды. Ол да Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген жоғары білімді театр маманы. Яғни, бұл сахна жағдайын жақсы түсінеді, әрі өзі сауатты әнші болғандықтан әншілермен де жұмыс жүргізе біледі деген сөз. Демек, Шымқаламыздың өнерпаздарына тың серпіліс береді деп ойлаймын», – дейді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, танымал әншілерді мегаполиске шақыру өнердің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, талантты жастардың үшінші қалаға келіп жұмыс істеуіне қызығушылығын арттырады. Алайда, жұлдызды өнер иелерін жұмысқа шақыру өз таланттарымыздың жарқырауына кедергі келтірмей ме? Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасын басқарған кезде өңір өнері мен мәдениетінде өзіндік қолтаңбасы қалған ардагер Күлия Айдарбекованың да айтары бар.
— Оңтүстік өңірі мәдениет саласының тізгіні маған тапсырылғанда сол кездегі облыс басшысы Асқар Мырзахметов көп жылдық тәжірибеме сеніп отырғанын айтқан болатын. Шынымды айтсам, бұл жүктің жауапкершілігін терең сезінгендіктен әкімнің ұсынысына бірден қуана қойған жоқпын. Асқар Исабекұлы да тағайындар кезде «Әкімнің кадры екенмін деп күншуақтап отыратын жан емессіз, жұмысты жандандыру керек» деп шегеледі. Мәдениет саласы өте ауыр да нәзік сала. Барлық жиған-терген абыройың бір іс-шарада-ақ айрандай болып төгілуі мүмкін. Сондықтан үкілеп әкелген сенімді жоғалтып алмау басты қорқынышыма айналды.
Бүгінгі жұлдыздарға да басшылық осылай сенім артып, шашбауын көтеріп әкеліп отыр екен. Ендеше жаңа бағытта, ел көңілінен шығатындай жұмыс жасасын. Рас, әншілердің барлығы өзін мойындатқан, белгілі таланттар. Бірақ оның барлығы басшылық салада лидер, көшбасшы бола ала ма?
Майра — даусыз талант. Кезінде Оңтүстік оған құшағын айқара ашып, төркіні болып табылды. Бір сұхбатында «жұрттың бәрі төркінін іздеп, қыдырады. Менде төркін жоқ, шетелден келгенмін», – деп наз айтқан еді. Сол кезде елдігімізді көрсетейік деп күйеу баламызға төс қойып, оңтүстік жұртының атынан өзіне сый-құрмет көрсеткеніміз бар еді. Енді Майраның төркініне шынайы қызмет ететін кезі келді деп ойлаймын. Ал, Сәкенге қатысты айтарым, осыдан он жыл бұрын Шәмші аллеясында жергілікті таланттардың арнайы жұлдыз белгісін аштық. Сол кезде әншіге басқарма атынан жолақыңды төлейік, композитордың құрметіне бір ән салып кет дегенде гонорарына әжептәуір ақша сұраған болатын. Мен Шәмші үшін бір ән шырқап беруге жарамаған әншінің бұл қылығын қош көрмей, атын концерттік бағдарламадағы тізімнен алып тастадым. Ол тек жұлдыз белгінің ашылуына ғана қатысты. Бәлкім ол кезде балалық жасаған болар. Арада қанша жыл өтті, Сәкен осы уақытта есейген де шығар. Егер туған еліме қызмет етемін, жоғын жоқтаймын деп келген болса оған қуанамын.
Негізі мәдениет саласының ең басты міндеті — таланттарды таныту, олардың жарқырауына жол ашу. Шыбықты өз қолыңмен өсіріп, ну орманға айналдыру. Шымкент — Америка немесе Италия емес. Оның өзіндік ерекшеліктерін, менталитетін сақтай отырып, ұлттық өрнекте дамыту керек. Ұлы дала әуендері Шымкенттен естіліп тұруы тиіс. Опера, балет театрындағы Айгүл Азатова, Үрәлхан Сейілбекова сияқты хас таланттарымыз атағы жоқ демесеңіз, кімнен кем? Алдымен өз кадрларымызды өсіріп алсақ, ең үлкен жетістігіміз сол болар еді. Театрды басқарған Әбдіханның жергілікті өнер иесі, қаншама шәкірттің бағын ашқан талант екенін ескеріп, кезінде Алматыдан шақырғанбыз. Енді ол бейнетінің зейнетін көретін жасқа жақындаған шақта неге ескерусіз қалуы керек? Жергілікті кадрларды аттестация деген сылтаумен шетке ысырып тастамай, тым болмаса орынбасарлық қызметте қалдырсын. «Ауылдағының аузы сасық емес қой». Бұлай ете берсек, «жұлдыздарымыздың» қасында өз таланттарымызды тұншықтырып аламыз ба деп те қорқамын. Ал, ең қорқыныштысы, Шымкенттің қашан да тұзы жеңіл. Ертең артқан сенімді арқалай алмаған әлгі азаматтарымыз үдеден шықпай, қызмет атқара алмай жатса «Шымкент жұмыс істетпеді» деп шығуы әбден мүмкін. Егер жұмыс істей алмай кетіп жатса, кінә артып кетпесін деймін. Мұның барлығын басқарманың қазіргі басшысы Ханзада ханымға да айтқан болатынмын. Егер келіп жатқан жұлдыздар өзіміздің өнерпаздарға сәулесін шашып жатса мен оған тек қуанамын, — дейді Күлия Смайылханқызы.
Аталған өнер иелері өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында шырайлы қалаға басшылық қызметке не үшін, қалай келгенін түсіндіріп, арнайы жазба қалдырған болатын. Ендігі жерде сенім артып шақырған серкелеріміздің қалай топ бастайтыны, әрине, уақыт еншісінде.