Елбасының көптеген мектептерде жемқорлықтың жайлағанын, тіпті, онда еден жуушы болып орналасу үшін де ақша берілетінін ашына айтқанын көпшілік ұмыта қоймады. Өткен жылы білім беру саласының қызметкерлерімен кездескен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың да: «Оқу орындарының кейбір басшысы «Менің мектебім», «Менің ұстаздарым», «Менің шәкірттерім» деген сияқты тіркестерді жиі қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі, яғни «князь» секілді сезінетін секілді. Мектеп – мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс», – деп шындықты шыжғыртып тұрып айтқаны есімізде. Әрине, осындай айыптаулардан кейін мектеп директорларына деген көзқарастың өзгеретіні заңды. Дегенмен, қазақта «бес саусақ бірдей емес»деген сөз бекер айтылмаған. Арамызда елге жаққан, сүйкімі артқан директорлар да жоқ емес. Біздің бұлай деуімізге Келес ауданындағы №26 Келес орта мектебінің директоры Ибрагим Өтелбаевтың іс-әрекеті себеп болып отыр.
Ибрагим Молдашұлын білетіндер оны өте қарапайым директор деп атайды екен. Оған себеп те жоқ емес. Бұл кісінің көлігі былай тұрсын, қымбат смартфоны да жоқ. Қалтасындағы – қарапайым «Нокия». Әлеуметтік желіге кірмейді. Өзі жайында айтылып жүрген әңгімелерді де, көрсетіліп жатқан жаңалықтарды да жұмысына барғанда әріптестерінен естіп-көреді. Қарапайым директордың сөзіне сенсек, балалары да смартфон ұстамайтынға ұқсайды. Оның себебін сұрағанымызда: «Әлеуметтік желіге үйренсең, оның құлына айналасың. Бар уақытыңды ұрлайды. Ал, денсаулыққа зиян екенін көпшілік жақсы білсе де, назарға алмай жүр ғой. Мен жаңалықты теледидардан көремін. Кешке үйге барған соң газеттерді шолып шығып, керегін оқимын. Маған сол жетеді», – деп жауап берді.
Бүгінгі таңда мектеп басшыларының көліксіз жүргенін көз алдыңа елестетудың өзі қиын. Және анау-мынау емес, көпшілігінің тізгіндегені қымбат көліктер. Ауыл тұрғындары арасында И.Өтелбаевтың қарапайымдылығын сөз ететіндер көп. Соның бірі Қошқар ата ауылдық округінің әкімі Қонай Бекмұратов былай дейді: «Мен Ибрагиммен бір ауылда өскенмін. Оның қарапайымдылығында сөз жоқ. Директормын деп кеуде қағып, кісілік танытқанын көрген де, естіген де емеспін. Жұмысқа Абай ауылынан қатынайды. Өзінің жеке меншік көлігі де жоқ. Кейде жолда өткен-кеткен көлікке қол көтеріп тұрғанын байқаймын. Сондай кезде жеңіл машина ма, жүк көлігі ме таңдамайды, тоқтағанына мінеді де кете береді. Әй ол трактор болса да мінетін шығар. Себебі оның бала кезден табиғаты сондай. Ал енді жұмыстағы ұйымдастырушылық қабілетіне сөз жоқ. Өте іскер азамат. Өз қаржысын мектепке жұмсағанды осы кісіден көрдім».
Иә, Ибрагим Өтелбаевтың өз қаржысын мектеп мұқтаждығына жұмсайтыны жайлы бұрын да естігенбіз. Оның өзімен жолыққан кездегі бірінші білгіміз келгені осы жайттың себебі болды. «Жалақасын мектепке жұмсайды деген артықтау айтылған ғой, – деп күліп бастады әңімесін Ибрагим Молдашұлы. – Менің директорлық жалақыммен қоса сегіз сағаттық сабағым бар. Директорлығым үшін төленетін ақшаны үйге апарсам, сегіз сағатқа төлейтін қаражатты осы жердің кем-кетігіне жұмсайтыным рас. Мектеп ғимараты 2015 жылы салынған. Бірақ ол кезде іштегі әжетханалар жұмыс істемегендіктен қараусыз қалыпты. Мен өткен жылы директор болып тағайындалдым. Сол кезде мектепте әжетханалардың іште болуы керектігі жөнінде талап қойыла бастады. Ғимаратымыз 2 және 3 қабатты бірнеше бөліктен тұрады. Оның әр қабатында ер балалар мен қыздарға арналған әжетхана бар. Соның унитазы, краны, басқа да керек-жарақтары істен шығыпты. Оларды сұрадық. Бірақ уақыт пен қаржы керек. Сондықтан босқа уақыт өткізбейін деп өз қаржыма сатып ала бастадым. Қазір басшылардың бірінші қабатта отыру керектігі туралы талап қойылуына байланысты өз бөлмемді төменге ауыстырдым. Оған жөндеу керек екен. Оны да өз қаражатыма жасаттым. Жұрттың айтып жүргені осындай жұмыстар ғой.
Мен ол қаржыны үйге апарғаннан байып кетпеймін, мектепке салғаннан кедей болмаймын. Мектеп те менің бір отбасым, оқушылар перзенттерім секілді. Ал өз отбасымнан неге қаржы аяуым керек?
Көлік жайын да сұрап тұрсыз, мен машина жүрізбеймін. Үйім Абай ауылында. Жұмысқа кешікпей келу үшін ерте тұрып, жолға шығамын. Кез келген көлікке міне беремін. Жүк машинасына талай міндім. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Менің барым осы».
Жасыратыны жоқ, соңғы кездері басым ұстаздардың басты мақсаты көп сағат алу болып қалды. Сол үшін таласып, дауласып, тіпті, соттасып жүргендер де кездеседі. Алайда, солардың дені көп сағат алса да сабағы біте салысымен үйлеріне тезірек қайтуға асығады. Мектептің мұқтаждығына бас қатырмақ түгілі ойына кіріп-шықпайтындар да аз емес. Сол секілді таң азаннан, қара кешке дейін мектепте болып, ондағы әрбір түйткілді жіті бақылап, шешімін табу үшін білек сыбанып жүрген басшыларды көп кезіктіру қиын. Жалақыға дейін әйтеуір күні өтіп, айы жылжығанын жөн көретіндерді де жоқ деп айтуға болмайды. Ал, Ибрагим Молдашұлы секілді мектепті өз үйіндей, оқушыларды туған перзентіндей көріп, оларға жан-тәнімен жаны ашитын азаматтарды сирек кездестіретініміз ащы болса да ақиқат. Міне, біздің бүгінгі кейіпкеріміз секілді қызметіне адал, көпшілікке жанашыр азаматтар қатары артар болса, болашағымыздың да баянды боларына ешкім дау айтпас еді.