Қазақ халқының салт-дәстүрлері осы ұлттың мінез-құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Кейбір салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары сол халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді.
Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесіндегі мәні зор. Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиелерінен бастап, есейіп, азамат болып кеткенге дейінгі кезең кіреді. Сол дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса, кейбірі ұмыт болып бара жатыр. Бұрынғы заманда ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті, оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпесі анық. Сондай дәстүрлердің бірі – «Аунату».
Бүкіл ауыл-аймаққа үлгі қария, ақсақал, білімпаз азамат, елге сыйлы, дарынды адамдар әрқашан алдыңғы орында болатыны белгілі. Қазақ мұндай кісілерді үнемі құрметтеп, тіпті балаларын олардың алдынан өткізіп, батасын алуға асыққан. Ескіліктен қалыптасқан аунату дәстүрінің де мәні осында. Бір отбасына жоғарыда атағандай, тәрбиесі мен келбеті жарасқан ірі тұлға қонаққа келгенде ол отырған орындыққа, не жатқан төсекке баласын аунатып алған. «Аунату» ұмыт болғанымен, игі істерге бастайтын құндылық екенін мойындау керек. Оны ата-бабамыз бертінге дейін қолданған. Мәселен, өткен ғасырда Шыңғыс Айтматовтың үйіне ұлы жазушы Мұхтар Әуезов келген екен. Сонда ол отырған орындыққа Шыңғыс Айтматов өзінің ұлын аунатып алыпты. Себебі, қырғыз Алатауынан жарқ етіп шыққан ұлы жазушы қазақтың Мұхтарын өзіне ұстаз деп қабылдаған. Қырғыз-қазақ жұртынан шыққан қос тұлғаның осындай ағалық-інілік сыйластығы мен бірі-біріне көрсеткен жылы ілтипаты ұрпаққа үлгі болмақ.
Көрнекті ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабында абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбатында халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына, сөз болып отырған аунату дәстүріне қатысты нақты деректер жазылған: «Айдар қойғанда балаға арнап мал сояды. Ауылдағы ақсақалдарды шақырып, баласына бата алады. Өнерлі немесе батыр, ортасына сыйлы адамдардың орнына аунатып, «балам осы азаматтай болып өссін» деп тілек тілейді».Сонымен қатар, «Туған жерге аунату» дәстүрі де бар. Аталған салт несімен ерекшеленеді: жыраққа көшіп, сонда қоныстанған не болмаса ұзақ уақытқа туған елінен алысқа сапар шегіп кеткен ер балалар араға жылдар салып отанына келеді. Сонда оның ата-анасы мен жақын бауырлары туған өлкесіне аунатып алатын болған. Олай жасауының бір себебі – туған жерді ұмытпай, азаматтық борышты өтеу керектігін көздесе, тағы бірі – бұл мекенде әке-шешесі, барлық ет-жақыны тұратынын есіне салғаны. Олардың берген тәлім-тәрбиесін бағалап, қайда болса да ойында сақтап жүрсін дегені. «Туған жерге аунату» ұлттық дәстүрінің мәні «мейлі сен жердің келесі бұрышына көшіп кетсең де, қанша алыста жүрсең де, түптеп келгенде, отаның осы ел, сен осында тудың, бұл ата-тегіңнің кіндік қаны тамған жері» дегенге келеді.
Атауы ұқсас екі дәстүрдің бір-бірінен айырмашылығы болғанымен, қос дәстүрдің де мақсаты бір – адамды жақсы қасиеттерге баулу. Мән-мағынасы терең, қазіргі уақытта ұмыт бола бастаған дәстүрлердің қатарына жататын «Аунатуды» халық білсе де, оны сирек қолданады. Ендеше, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмай, ұрпақ тәрбиесінде дұрыс пайдалана білейік.