Оқырманның есінде болса, осыдан бір жылдан аса уақыт бұрын газетімізде «Ерлікті жасамаудан бағаламау қауіпті», – деген тақырыппен мақала жарық көрген. Онда Келес ауданы Жүзімдік ауылының жасөспірім тұрғыны Жасұлан Әбуовтың өзенде ағып бара жатқан қызды өз өмірін тәуекел етіп құтқарып қалғаны, бірақ сол ерлігі ескерусіз қалғаны жөнінде жазған едік. Оқиғадан кейін аудан басшылары Ж.Әбуовке елеусіз жағдайда екі жапырақ мақтау қағазын әзер бергені естіген құлаққа ерсілеу болған еді. Қайта Жүзімдік ауылдық округінің әкімі Оразалы Смайыловқа рахмет, Жасұланның әкесін шақырып, балаңыздың ерлігі үшін деп Алғыс хат пен шахмат сыйға тартыпты.
Бұл жайтты әкімдер бүгінде ұмытып кеткен де болар, ал қарапайым халықтың жадында әлі сақтаулы екен. Жуырда Келес ауданының тұрғыны Жеңіс Қиянтайұлы сол оқиғаны тағы бір еске салып, аудан басшыларына ренжулі екенін айтты. «Ерлік жасамаса да омыраулары орден, медальдан көрінбейтін әлдекімдерді көргенде қатты қапа болады екенсің, – дейді Ж.Қиянтайұлы. – Жасұлан ерлік жасады, бірақ оны ешкім елемеді. Бәлкім, жоғарыда таныстары немесе көкесі болғанда бүгінде бейбіт күннің батыры ретінде ел аузында жүрер ме еді?! Ал ауылдың қарапайым баласы жасаған ерлік ешкімге керек болмады. Осыдан кейін патриотизм туралы қалай сөз қозғауға болады?»
Осы оқиғаға байланысты біз сол кезде Жасұлан Әбуов оқыған Ш.Уәлиханов атындағы мектеп директоры Ақмарал Қамбароваға хабарласып, білім ошағында батыр оқушыға қандай қошемет көрсетілгені жайында сұрағанбыз. Бірақ, директордың бұл жайттан хабары жоқ болып шықты. Өйткені, ол кезде директор басқа адам болатын. Жаңа басшының бейхабар болғанына қарағанда бұл ерліктің мектепте де ескерусіз қалғанын түсіну қиын емес. Дегенмен, оқушылар тарапынан жасалған мұндай ерліктің өзгелерге үлгі болуы үшін мектепте арнайы бұрыш ашып, насихаттаудың пайдасы орасан болатынын, тіпті ол үшін жұмсалатын шығынды Жасұланның ата-анасы көтеруге дайын екенін айтқан едік. Директор ұсынысымызды қолдайтынын білдірген-ді. Содан бері де біршама уақыт өтті. Алайда, баяғы жартас – сол жартас. Бұған өткен аптада сол мектепке барғанымызда көз жеткіздік.
Мұндай ерлік әрекеттер өзге өңірлерде қалай қошеметтеліп жатыр? Осыны ой елегінен өткізгенде бірінші болып Шардара қаласындағы №12 мектеп есімізге түсті. Ол білім ошағына бір барғанымызда Ақтөбеде содырлардың оғынан қаза тапқан сарбаз Сапар Досболға арнап бұл мектептің түлегі болмаса да «Бейбіт елдің – батыры» деп керемет көрнекті естелік тақта орнатылғанына куә болғанбыз. Тақтада Досбол Еркінбекұлы туралы естеліктер, суреттер мен жасаған ерлігі толық баяндалады. Батырдың ерлігін паш еткен кештер жиі ұйымдастырылып тұрады екен. Мектеп оқушылары үзіліс кезінде әлгі тақтаға қарап жерлестерінің ерлігіне сүйсініп тұрғанын байқайсыз. Бұл үшін Данияр Төлепов басқарған №12 мектептің ұжымына ауыл адамдарының алғыстан басқа айтарлары жоқ. Одан бөлек Д.Сапардың отбасына Шардара қаласынан үй беріліп, анасы аталмыш мектепке жұмысқа орналастырылды. Ерлікті бағалау деген осындай болса керек. Мұны көріп өскен, ерліктің ұмыт болмайтынын жан-жүрегімен сезінген кейінгі ұрпаққа бұл керемет тәрбие емес пе? Осыдан кейін Шардараның қай қарадомалақ баласы ерлік жасаудан жасқанады?
Бұдан шығар түйін не? «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады?» Осыны Келес ауданындағы Ш.Уәлиханов мектебінің басшылары түсінсе екен дейміз. Ерлікті бағалау ешқашан кеш болмайды. Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевтың да батырлығы ресми түрде ондаған жылдардан кейін мойындалмап па еді?! Олай болса, келестік батыр Жасұлан Әбуовтың да ерлігі ескеріліп, өзіне сай марапатын алатын, өзі білім алған мектептің Құрмет тақтасында суреті жарқырап тұратын сәт туады деп ойлаймыз. Әрине, ол үшін ерлікті өз дәрежесінде бағалай білетін басшы келуі қажет-ау.