Бүгінде қысқа сойылған соғым етін асып, әрбір мерейлі шаңырақтың берекесі кіріп тұрған кез. Арнайы сойған мал етін қыста былқыта қайнатып, құда-құдағи, дос-жаран, ағайын-туыспен бөлісе, бір-бірін шақырыса жеу бұрыннан салтымыз. Халқымызда шалғайдағы туыстарға, әсіресе, жасы үлкен туыстарға сыбаға бөлінетін әдет-ғұрып болған. Оны ірі малдан, ұсақ малдан, азық-түліктен болсын «жеңсік ас» деп бара жатқан адамдардан беріп жібереді, не апарып береді.
Тарқатып айтар болсақ, жарасты әрі әдемі дәстүрлеріміздің бірі, құрметті адамға, сыйлы қонаққа, жақын-жуыққа немесе жырақта жүрген үй-ішінің бір мүшесіне арнайы сақталған тиесілі кәделі мүше ұсынылатын дәстүр – сыбаға деп аталады. Яғни, халқымыздың бір-біріне сыйластығын білдіретін дәстүрлердің бірі. Жиын-тойға келе алмай қалған қадірлі қонақтарына, жақын туыстарына немесе соғым сойғанда арнайы жақындарына бөлінген мүшелерді «сыбаға» дейді. «Өкпе бер, бауыр бер, сыбағамды тәуір бер» деп мән берілетін халқымызда сыбаға беру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Ел аузында «Үйіме қонып, әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген де сөз бар. Оның себебі адамдардың жасы мен мәртебесіне сай тартылатын малдың белгілі мүшелері де «сыбаға» деп аталуынан.
Ертеректе беретін сыбағаны ерекше баптап, сақтап қойған. Айран ұйытып, ашытып, құрт жасаған. Көктем кезінде дайындалған сары майды бұзылмасын деп қарын мен бүйенге салып, майлы сүттен сары ірімшік дайындайтын. Сары ірімшіктің суынан «сарысу» аталатын дәмді ас жасаса, сүрленген еттің жөні бөлек. Оның сыйлы мүшелері мен қазыларын бүтіндей, қой етін қарынға тұздап, бұрыштап, алыстағы ағайынға бөлек-бөлек беріп жіберетін болған. Ал сыбаға сақтау жолаушының аман-есен оралып, осы дәмнен ауыз тиюіне тілектестік білдіріп тұрады деп ырымдау арқылы пайда болған деседі.
Бүгінде қаладағы супермаркет сөрелерінде тұрған тағамдар ауыл дүкендерінде де бар. Бір-біріміздің қолымыз жетпейтіндей таңсық дүние жоқ. Алайда, қаладағының ауылдағы ағайынға, ауылдағының қаладағы туысына деген бауырмалдығы мен сыйластығын білдіретін құрметі азайып бара жатқандай.