Мөлдір БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, әнші:
— Мөлдір, осыдан он бес жыл бұрын Голливуд сахнасында жұлдызың жарқырап, жергілікті басылымдар көпшіліктен сүйінші сұрасқаны есімізде. Арада жылдар өтіп, көпшілік өзіңнен көз жазып қалғандай еді. Жақында Парламент депутаттығына Түркістан облысынан үміткер ретінде саяси бәйгеге ат қостың. Жалпы, осы аралықта немен айналыстың, қайда болдың?
— Балалық шақтан бастау алған өнерімнен бір сәтке де қол үзген емеспін. Дұрыс айтасыз, менің жұлдызым 2006 жылы Голливудта өткен Әлемдік Орындаушылардың Чемпионатында жоғары дәрежелі өнер көрсетіп, жеңімпаз атануымнан бастап жарқ етті. Одан кейін де жоғары деңгейлі байқауларда бақ сынадым. «Романсиада» романстар байқауына, «Бозторғай» әндер байқауына, «Шуақты жолдар» фестиваліне, «Өз жұлдызыңды өзің жарқырат», «Берлин маржандары», «Пираговские рассветы», «Созвездие добра» халықаралық байқауына, «Ақ көгершін» балалар өнер фестивалі мен «Балауса» республикалық өнер байқауына қатысып, барлығынан да бірінші орынды иелендім. Мектепті бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын «опералық әнші және оқытушысы» мамандығы бойынша аяқтап, өнердің басқа бағыттағы поп, рэп, джаз жанрларына да қызығушылығым артты. Оны өздігімнен үйрене жүріп, тәжірибе жинақтадым. Кейінірек композиторлық қабілетімді байқап көру мақсатымен әртүрлі жанрларда әндер жаза бастадым. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін еңбек жолымды «Kausar-pro» продюсерлік орталығында көркемдік жетекші болып бастап, Шымкент қалалық мәдениет үйінде методист, «Қазақконцертте» әртіс солист, Қазақ ұлттық консерваториясында өнертану магистрі болып жалғастырып, қазір Шымкент қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда ақпараттық бөлім меңгерушісі болып қызмет етемін.
— Өткенге тағы да бір сәт ой жүгіртсек. Биік белеске айналған өнердегі алғашқы баспалдағың қалай басталған еді?
— Түркістан облысының Шардара қаласында мұғалімдер отбасында 1994 жылы дүниеге келгенмін. Кішкентайымнан аңызға айналған «Ла Скала» театрында өнер көрсетуді армандадым. Тоғыз жасымнан бастап үлкен сахналарда өнер көрсетіп, вокалмен кәсіби түрде айналысып, талантыммен таныла бастадым. Бұл жолда өнеріме барынша қолдау көрсетіп, әр қиырға жетелеген әкем Бақытжан Қантбеков пен анам Роза Жүнісқұлованың еңбегі зор. Жоғарыда атап өткенімдей, көптеген халықаралық, репсубликалық конкурстарға қатысып, тек жүлделі орындарды иелендім. Оның ішінде 2006 жылы Голливудта өткен Әлемдік Орындаушылардың Чемпионатында жоғары дәрежелі өнер көрсетіп, итальяндық әйгілі әнші Пласидо Домингоның көзіне түстім. Оның вокал мектебіне оқуға тегін шақырту алғаным өзімнің ғана емес, қазақ елінің абыройын асқақтатып жібергендей болған еді. Бірақ, ол кезде жасым небәрі он екіде болғандықтан, ата-анам бөтен елде жалғыз қалдыра алмады. Көптеген конкурстарға, концерттер мен гастрольдерге қатыса жүріп, Қ. Спатаев атындағы мектеп-лицейді өте жақсы деген бағамен ерте аяқтадым. Ал, Жамал Омарова атындағы музыкалық мектепті фортепиано класы бойынша үздік бітірдім.
— Қаңтарда сенің сайлауға қатысып, саясат сахнасынан орын алмақ болғаныңды әркім әр саққа жүгіртті. Тіпті, өнер адамының депутат болуына күмән келтіргендер де табылды. Осыған байланысты не айтар едің?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандану үрдісінде жастар саясатына ерекше көңіл бөліп, «XXI ғасыр — жаңару кезеңі, жастар қоғамды, экономиканы дамытушы, қозғаушы күш» деп айтқан еді. Демек, жастар саясаты – жарқын болашақ кепілі. Біз мемлекеттің болашағы болғандықтан, әлемдік өркениетке ену процесі кезінде рухани құндылықтарды сақтап қалу мен дамыту үшін іскер және білікті, жан-жақты болуымыз қажет. Мұны заманның өзі талап етіп отыр. Өзіме және мен сияқты жастарға берілген мүмкіндікті пайдаланып, қабілетімді, пайым-парасат, дүниетанымымды өзгелермен пікір-сайыстыру арқылы сыналуым үшін былтыр тамыз айында «Нұр Отан» партиясының праймеризіне қатыстым. Бұл сайыстың оңай болмайтынын басынан-ақ түсініп, елдің қал-жайын өзімше зерттеп, олардың шешілу жолдарын қарастыру үшін ауылдарды аралап, көптеген апа-ағаларымның пікірлерін тыңдап, сараптадым. Мақсат қойдым. Бағдарламамды жасадым. Ауданның белсенділерімен ашық дебаттарға қатысып, бақ сынастым. Облыстық дебатқа жолдама алып, мұнда да партияластарым тарапынан біршама басым дауысқа ие болдым. Осы тұста мен жайлы, менің сахналық образым жайлы, өнер саласының маманы екенімді тілге тиек етіп, сын айтқан болып, желіге жария еткендер табылды. Артынан ол пікірді қостайтын оқырмандар мен «фейктер» армиясы да пайда болды. Мұндағы мақсаттың не екені мен үшін түсініксіз дүние болып қалды. Пікірлерді оқып отырып, мәдениетсіз адамдардың шоғыры пайда болғаны, өнерді «жеңіл сала» деп қарайтын, әншінің қолынан ән айтудан басқа ештеңе де келмейтін боркемік санайтын пікірлердің көптігі қынжылтты.
— Демек, сенің ойыңша, мемлекетке, елге саяси қызмет ету өнер иелерінің де қолынан келеді демексің ғой?
— Кәсіби әнші, композитор, дирижёр, аспапта ойнаушы музыкант, режиссёр, сценарист, актёр, биші, ақын, жазушы сияқты көптеген өнер түрін игеру үшін ең алдымен Алланың берген таланты болуы керек. Одан кейін мықты күш-жігер, ізденіс, өмір бойы күнделікті кемінде 4-5 сағат жаттығып отыру шарт. Себебі, халыққа үнемі жаңа дүниелерді ұсынып отыру оңай емес. Өнерде үлкен жетістікке жететіндердің басым бөлігі 6-7-жастан таңдалады. Демек, өмір бойы күн сайын тынбай жасаған еңбегің үшін халықтың ықыласына бөлене алмау, мардымсыз ақы алу әрбір өнер иесі үшін ауыр. Білгенге шын өнер екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Әрине, мен бұл жерде той әншілері жайлы айтып отырған жоқпын. Ал, екінің бірі нағыз шығармашылық адамы болып кете алмайтыны ақиқат. Керісінше, шынайы, талантты өнер адамдары үйренуге болатын барлық басқа салаларды қажет деп тапса, игеріп кете алады. Дональд Трамп, Арнольд Шварценеггер, Владимир Зеленский сияқты әлемдік саясаттың серкелері бұған мысал. Тарихымызға үңілсек, Әл-Фараби бабамыз да жан-жақты кемелденген тұлға. Абай, Сәкен, тағы басқа арыстарымыз халыққа қаламмен де, қайраткерлік жолмен де қызмет етті. Сондықтан, адамға баға берерде оның жеке басының тұлғалық қасиеттеріне дұрыстап назар аудару керек. Кәсібіне баға берерде жетістіктеріне қарау керек деп ойлаймын. Кез келген адамның таңдаған мамандығына құрметпен қарауды үйренген дұрыс. Жалпы, сайлауда атым бәйгеден озып келмегеніне еш өкінбеймін, бұл мен үшін үлкен сынақ, тәжірибе алаңы болғаны анық.
— Әңгімеңе рақмет!