Сапасыз жол – адам өміріне қауіпті

Соңғы жылдары жаңадан төселген жолдардың сапасыздығы жасырып-жабатын тақырып болмай қалды. Қай өңірде болмасын су жаңа асфальттардың өзі бір жылға жетпей шұрқ тесікке айналып шыға келуі үйреншікті көрініске айналды.

Бұрын да жазғанымыздай, Созақ ауданында жаңадан төселген жолдың сапасыздығы жайында сол өңірдің тұрғыны Ералы Талдыбаевтың арызы Мемлекет басшысына дейін жолданды. Соның әсері болды ма, әлде ауданның тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөліміне талапшыл басшының келуі себеп болды ма, әйтеуір ол жол ретке келтірілді. Ал, елдің талабы ескерусіз қалып жатқандары қаншама?!

Сөзіміз құрғақ болмас үшін айтайық, 2020 жылы Жетісай-Абай тас жолына жөндеу жүргізілді. Алғашында ескі жолды қырып, жөндеу жүргізгендердің әрекетін көрген көпшілік сапалы жолға қарық болармыз деп ойлаған. Бірақ, қателескен секілді. Солардың бірі, Келес ауданының тұрғыны Жеңіс Қиянтаев былай дейді: «Осы жол салынып жатқанда көліктің барлығы Жүзімдік ауылы арқылы өтіп, қалай қиналғанын көрсеңіз ғой. Ауыл арасындағы тар жолда қатты жүрген көліктер талай адамды қағып кетті. Бұл жол әлі аяқталған жоқ. Абай ауылынан әрі кетсе жиырма шақырым ғана асфальт төселген шығар. Қалғаны сол баяғы қалпынша жатыр. Дегенмен, бұл жол арқылы қазір көліктер қатынауды. Өкінішке қарай, жап-жаңа жолымыз әлден-ақ сыр бере бастады. Мұның себебіне сылтау іздегендер бар айыпты ауыр жүк көліктеріне артқысы келеді. Бәлкім, оның да кері әсері бар шығар, алайда, жол жөнделерде осы жағдайлардың барлығы да ескерілуі керек емес пе?!»

Арнайы маман емес, қарапайым такси жүргізушісі осылай деп отыр. Расында жоба жасаушылар мен жол төсеушілер бұл бағытта ауыр жүк көліктерінің жүретінін білмеді деу қисынға келмейді. Сонда біле тұра назарға алмағаны ма?

Осыған ұқсас сапасыз жолдың бірі – Шардара ауданы арқылы өтетін Жетісай-Түркістан бағыты. Бұл жол да жыл бойы жөнделіп, жолаушылардың жүйкесін жұқартқан еді. Талай көлік сынды, айналып өтпек болғанда балшыққа батты. Енді жаңа жолға қол жеткіздік пе дегенде, тағы да қуаныштары су сепкендей басылып отыр. «Екі қабат төселді, енді күн жылыса үшінші қабатты төсейді екен. Сосын жақсы, тегіс болатын шығар», – деген жергілікті тұрғындар әзірге өз-өздерін жұбатуға мәжбүр. Алайда, астыңғы қабат сапасыз болған соң оның үстіне төселген тағы бір қабат асфальттың қаншалықты шыдас беретіні белгісіз. Осыдан келіп наразылық туындайды, өз кезегінде «ауыр жүк көліктері жүрді», «кепілдік мерзімі бар, жөнделеді» деген жаттанды, жалтарма, жауыр болған жауаптар беріледі.

Жалпы алғанда, әлі толық бітпеген, пайдалануға берілмеген жолдарды қайта жөндеу қаншалықты ақылға қонымды? Сол жолдар неге тым болмаса 5-6 жыл жөндеу көрмей тұрмайды? Әлде бізде асфальт төсейтін арнайы мамандар жоқ па?

Біз бұл сауалға да жауап іздеп көрдік. 30 жылдан астам уақыт Өзбекстанда жол салумен айналысқан Мәләу Молдиманов есімді азамат былай дейді: «Мына жол салып жатқандар басқасын айтпағанда тіпті, ауа райына да қарамайды екен. Қар жауып тұрса да асфальт төсей береді. Өзбекстанда осындай көрініс болса сотталып кетер еді. Бізде талап күшті. Асфальттың қалыңдығы, ені арнайы бақылауда болады. Содан соң төсеуге әкелген асфальттың температурасы мен қоспалары өз деңгейінде болмаса, бәрі бекер. Үгітіліп кете беру содан басталады. Төселген асфальттің әбден тапталуына аса мән беру керек. Осы секілді талаптар жіті сақталмай сапа болмайтыны анық».

Жоғарыда айтылған екі жол да облыстық, республикалық маңызға ие. Демек, олардың қаржыландыруы да жоғарыдан болады деген сөз. Сол себепті жол төсеуші мердігерлер жергілікті атқарушы биліктің талап-тілектерін жүре тыңдауы мүмкін. Осыдан келіп жол сапасы сын көтермейтін халге түскен деп топшылауға болады. Сол үшін тапсырыс беруші мердігерден бірінші кезекте сапаны қатаң талап етуі қажет. Көптеген шетелдерде салынған жолдың сапасыздығы салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алса анықталған шығынның барлығын сол жолды салған мердігер өтеуге міндетті болады. Осындай жағдайға жол бермес үшін сапаға айрықша мән беріледі. Нәтижесінде жаңадан салынған жол 20 жылға дейін міз бақпай қызмет етеді. Біздің заңға да осындай өзгерістер енгізілуі қажет секілді.

Сапасыз жол – адам өміріне, денсаулығына қауіпті. Ал, Ата Заңымызда мемлекетіміздің басты байлығы адам мен оның денсаулығы екені тайға таңба басқандай жазылған. Ендеше, жолдың сапасына мемлекет тарапынан барынша маңыз беру күн тәртібіндегі тақырып екенінде дау жоқ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған